АҚШ билігі Иранның сыртқы істер министрі Джавад Зарифке виза беруден бас тартты. Министр ертең Нью-Йоркте өтетін Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысуы тиіс еді. Бұл туралы Reuters агенттігі мен Foreign Policy басылымы Америка үкіметіндегі ақпарат көзіне сілтеме жасап хабарлаған.
Виза беруден бас тартудың себебі туралы ештеңе айтылмайды. Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті қандай да бір комментарий беруден бас тартып отырған көрінеді. БАҚ-тың ақпараты бойынша, бұл шешім соңғы кезде Вашингтон мен Тегеран арасындағы жағдайдың ушығуынан кейін қабылдануы мүмкін.
БҰҰ-ның іс-шараларына қатысу үшін баратын тұлғаларға виза беруден бас тарту 1947 жылы қабылданған Келісімге қайшы келеді екен. Америка билігі БҰҰ-ның штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқандықтан, халықаралық ұйымның іс-шараларының барлық қатысушысына АҚШ-қа кіруге рұқсат беруге міндетті.