«Адам құқын бұздың» дейді...
«Адам құқын бұздың» дейді...
190
оқылды

Жуырда Германия белорус оппозициясын қолдауға арнайы қаржы бөлді. Ал қаңтарда Ұлыбритания Қырымның Украинаға қайта интеграциялануына мүдделі екенін білдірген еді. Сөйтіп, батыстың ірі мемлекеттері Ресей мен оның одақтасына мате­риал­­дық та, моральдық та қысым жасауға бекінген сыңайлы. Тек бұл мәселенің өзге де қырлары бар.

Алдымен Беларусьтің жағ­дайын айтайық. 7 ақпанда Гер­мания белорус оппозициясын қол­дауға 21 млн еуро бөлгені жайлы ақпарат тарады. Берлин бұл қар­жыны бірнеше айға со­зылған шеру­лерге қатысқаны үшін оқудан шығарылған жас­тарға шәкіртақы ретінде пай­далануға бекініпті. Тәуелсіз БАҚ-ты да қол­дамақ екен. Азаптауға ұшыраған аза­маттарға психологиялық көмек көрсетіп, биліктің қуғын­дауына түскен белорустарға Гер­маниядан пана беруді де жоспарлапты. Бер­линдегілер адам құқының бұз­ы­луына қатысты айғақтар да жи­намақ екен. Германия канцлері Ангела Меркель Беларусь оп­позициясын қолдайтынын ашық біл­дірген. Сөйтіп, Еуропа елдері А.Лукашенко билігін қыспаққа алудың түрлі амалына барып жа­тыр. Сонымен бірге Лука­шен­ко­ның қарсыластары 14 мем­лекетте Беларусьтің халық елші­лігін ашқан еді. Енді Ұлыбританияның ұс­танымын айтайық. Қаңтарда Ұлыб­ритания Қырымның Ук­раи­наға қайта интеграциялануы үшін қолдау көрсететінін мә­лімдеді. Британияның Киевтегі елшілігі 1 қаңтар мен 15 наурыз аралығында «Ашық келешек» жобасын өткізіп, реинтеграция үшін 10 мың фунт жұмсауды көз­депті. Осы ақша арқылы Қырым халқы мен Украи­наның шы­ғысындағы сеператистер ара­сында құқы тапталғандарды қолдап, бұқараның Украинаға деген қызығушылығын арттыруды көздепті. Сөйтіп, біздің есеппен  6  млн-дай теңге көлеміндегі қар­жымен көп дүние өзгертпек кө­рінеді. Біздің пайымдауымызша, бұл амал «атын атап, итке тас­таның» көрі­нісі ғана. Киевті қол­даған сыңай танытып қана отыр. Егер Лон­дон Киевке шынымен қамқор болса, қаңтардың басында Қырым­ға қатысты санкциясын жұмсартпас еді. Қаңтардың ал­­­ғашқы күндері-ақ Ұлыбритания өз айлақтарының «Қырым теңіз порттары» мемлекет­тік унитарлы кәсіпорны қызметін пайдаланып, өзара қаржы айналы­мын жасауға рұқсат берген. Құжат бойынша төтенше жағдайда британ кемелері Қырымдағы порттарға кіре алады. Ал Еуроодақ өз кемелеріне Қырым айлақтарының қызметі үшін ақы төлеуге рұқсатты 2017 жылы берген. Осылайша, Еу­ропа бір қолымен санкцияларға қол қойса, екінші қолымен эко­но­микалық мүддесін қорғап отырғаны бай­қалады. Тағы бір мысал. Қырымға қа­тысты Украинаның адам құқы жөніндегі Еуропалық сотқа жаз­ған арызы 2014 жылдан бері нақты айғақтар жоқ деген уәжбен қа­ралмаған еді. Страсбургтегі сотқа Киев 2014 және 2015 жыл­дары екі рет шағымданған бо­латын. Онда Ресейдің адам құқы жөніндегі еу­ро­палық конв­ен­цияны бұзғаны айтылған. Тек 2021 жылдың 14 қаңтарында ғана адам құқы жө­ніндегі Еуропалық сот Ресей Қы­рымды 2014 жылдың 14 нау­ры­зында өткен «референдумға» дейін басып алған деген ұйғарымға келді. Сөйтіп, «Украина Ресейге қарсы (Қырым бойынша)» деп аталатын мемлекетаралық талап-арызды жартылай болса да қа­­­­растырмақ. Соттың назары 2014 жылғы 27 ақпан мен 2015 жылғы 26 тамыз аралығында Қырымда адам құ­қының бұзылуы мәселесіне ау­дарылмақ. Осылайша, 2021 жыл басталғалы бері еуропалықтардың Қырым мәселесіне қатысты көз­қарасы өзгергендей болды. Ал бұл оқиғалардың ара­­сын­дағы байланыс неде? Біздің пайым­­дауымызша, бұл оқиға­лар­ды «адам құқы» дейтін әдемі ұғым бай­ланыстыратын сыңайлы. Әрі әлемдегі кез келген ірі мемлекет пен халықаралық ұйымдар қажет кезінде қос стандартқа жүгінетіні байқалады және бұл саясатта батыс елдерінің «көзірі» – адам құқы мәселелері. Ал Ресей, Қы­­­тай тәрізді мемлекеттер қос стан­дартты түрлі сылтаумен бүр­ке­мелеп әуре де болмайды. Ашық кетеді. Айталық, Ресей қос стан­дартты саясат ұс­танған кезде ашықтан-ашық өтірік айтады немесе ешкімнің сөзін еле­мей қоя­ды. Кейде өз ықпалының аясындағы елдерді  «сыпайы» түрде   көндіретіні бар. Таулы Қарабақта қарсыласына бет қа­ратпай келе жатқан Әзер­бай­жан­­ды Шушада тоқтатқан осы Мәс­­кеу еді. Бакуге қару сатып, Ар­­­менияға несиеге немесе сый­лық­­қа берген де Ресей болатын. Ал еуропалықтар олардан көрі сәл «мәде­­ниетті». Әдетте батыс держа­­валары «өз­генің ішкі істеріне араластың, адам құқы бұзылды» дегенді алға тар­тады. Бірақ со­лардың өздері Бе­ларустің ішкі істеріне ара­ласып жатыр. Гер­манияның 21 млн еуро бөлгені со­­­­­­­­­­­­ның көрінісі. Басты уәж ретінде белорустардың құқы бұ­зылып, Лукашенко халқына күн көр­сетпей отырғаны айтылады. Сөй­те тұра, Ресейден «таяқ же­­ген» Украинаның адам құқын алға тар­тып, ең әділ сот ретінде ба­­ғалаған құрылымға жазған арызы 7 жыл­дан кейін ғана қаралды. Киев те 2014 жыл­дан бері Қы­рымда адам құқы аяққа тап­талғанын айтумен келген еді. Бірақ оны дәлелдеуге украин­дардың айғағы аз болыпты-мыс. Енді  АҚШ билігіне Ресейге қар­сы саясат ұстанатын Джо Байден келген соң еуро­палықтар қозғала бастады. Ша­масы, «ор­кестрдің дирижері» көп мә­селені шешеді-ау... Қысқасы, 2021 жылы Ресейге түрлі тәсіл арқылы қысым жасау мен әлсіздеу мемлекеттерге қа­тысты геосаяси ойындардың жаңа кезеңі басталатын сыңайлы. Кей­бір сарапшылар мұның соңы «жаңа қырғи қабақ соғысқа» ұла­суы мүм­кін екенін алға тар­тады. Алайда КСРО мен АҚШ те­ке­тіресі кезінде екі жақтың одақ­тастары бар еді. Қазір Ресейдің «көрермендері»  ғана бар.

Ардақ СҰЛТАН