«Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Ахметжан Есімов өз сөзінде қордың соңғы жылдары жақсы қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізгенін және Қазақстандағы қайырымдылық бағдарламаларының ең ірі доноры екенін атап өтті. «Самұрық-Қазына» соңғы 5 жылда 1 млн-нан астам адамға көмектесіп, осы мақсатқа 60 млрд теңгедей қаржы жұмсаған.
– Меморандум аясында бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Біздің Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен «Қамқорлық» бағдарламасы іске қосылады. Осындай бағдарламаларды орындау арқылы «Самұрық-Қазына» қоры ауыр жағдайға тап болған, осы мәселелерді шешуге мүмкіндігі жоқ адамдардың өміріне елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Есімов.
«Самұрық-Қазына» басшысы «Қамқорлық» бағдарламасы бизнестің, мемлекеттің және үкіметтік емес сектордың үшжақты ынтымақтастығының жарқын мысалы болатынын тілге тиек етті. Айта кетейік, «Қамқорлық» бағдарламасы ұсақ қантамыр ауруына шалдыққан балаларды оңалту, инклюзивті қолдау кабинеттері мен ерте араласу орталықтарын материалдық-техникалық жабдықтау сынды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.
Тұңғыш Президент қоры аталған орталықтарды ашу үшін 171 маманды оқытып, 49 оңалтушының біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, ал жергілікті атқарушы органдар үй-жайларын дайындайды. Жаңа оңалту орталықтары мен инклюзивті қолдау кабинеттері жұмыс істеп тұрған аурухана, емхана мен жалпы білім беретін мектептің базасында ашылады.
– Біздің жұмыс тобы барлық аймақты аралап, оңалту орталықтары мен инклюзивті кабинеттер орналасатын елді мекендерді анықтады. Бастапқы кезеңде қажетті мамандар мен құрал-жабдықтар тізімін жасақтады, мамандарды даярлау бағдарламасын әзірледі. Елбасы біздің алдымызға биыл оңалту орталықтарын ашу міндетін қойды. Әрине, бұл – үлкен жұмыс. Бұл қиын істе тізе қосатын «Самұрық-Қазына» секілді мықты серіктес бар. Біз ерекше қажеттілігі бар балалар үшін ең жақсы жағдай жасаймыз және олардың мақсатына қол жеткізуіне көмектесеміз, – деді Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев.
Ерсайын БАҒДАТ