Өндіріс орындарын аралады
Өндіріс орындарын аралады
255
оқылды

Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев өңірлерге жұмыс сапары аясында Алматы облысының Іле ауданына арнайы ат басын бұрып, Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауында жергілікті тұрғындармен кездесті. Мәжіліс депутаты қабылдауына келген алты тұрғынның өтініштері мен талап-тілектерін мұқият тыңдады. Қабылдау бөлмесінде тұрғындарды толғандырған әлеуметтік мәселелер талқыланып, оларды заң ауқымында шешу жөнінде жауапты орындарға тапсырма берілді.

Жергілікті тұрғындарды не­гізінен жол, көшені жарық­тан­дыру, құрылысқа қатысты мә­селе толғандыратыны белгілі болды. Омархан Нұртайұлы қабыл­дауға келген азаматтардың мәсе­лелерін толық тыңдап, арыз-ша­ғымды жазбаша қабылдап алды. Алдағы уақытта мәселелерді шешу заң аясында назарға алынады.

Осы күні Мәжіліс депутаттары Амангелді Дәуренбаев және Әбдіманап Бектұрғанов Іле ауданындағы «Лукойл Лубрикантс» ЖШС жұмысшыларымен жүз­десіп, жұмыс барысымен танысты. «Лукойл Лубрикантс» ЖШС са­ла­л­ық ғылым мен майлар, қос­­палар өндірісінің озық техно­логияларын дамытуда. Қазіргі кезде мекемеде 120 адам жұмыс істейді. Мақсатты көрсеткіші – жылына 100 мың тонна, одан ары 130 мың тоннаға дейін майлау ма­териалын өндіру.


Ал Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева Қарасай ауданындағы су тазалау стансасына барып, қыз­мет­керлерге Мемлекет бас­шы­сының Жолдауын насихаттап, оның жүзеге асырылу барысын түсіндірді. Халық қалаулысы сон­дай-ақ ны­сандағы құ­рылыс жұ­мыстарын аралап, ха­лықты сапалы ауызсумен және ағынды су­лармен қамтамасыз етудің маңызы туралы айтты.

Жергілікті биліктің айтуынша, 2019 жылдың 29 қарашасында қол­даныстағы Қаскелең су қой­масына ауыз су жеткізілген. Де­путатпен кездесуден кейін ха­лықты сапалы ауызсумен қам­та­масыз ету шараларын одан ары жетіл­діру мәселесі бақылауға алынды.


Әбілмансұр ЖАСАН