Жаңа жылға екі күн қалғанда Шымкент қаласының тұрғыны, 6 баланың анасы Гүлнәр өз-өзіне қол салды. Ана сүтінен әлі ажырамаған кенжесі жақында 2 жасқа толады екен. Үлкені жуырда ғана әскери борышын өтеп келіпті.
6 баласын ана жылуынсыз қалдырған марқұмның бұл әрекетіне қатысты әркім әртүрлі болжам айтады. Көбі жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған жалғызбасты ананың кезегі таяп қалғанда әкімдік тарапынан қандай да бір себеппен кезектен алынып тасталғанын айтады. Алайда кейбір ақпарат құралдары мұны жоққа шығарды. Әкімдік мамандары жалғызбасты ананың кезекте әлі бар екенін айтқан. Кезектің уақыты келгенде Гүлнәрға тиесілі тұрғын үй кәмелеттік жасқа толған үлкен ұлына ресімделмек.
Ал біз мәселенің мән-жайын білу үшін марқұмның үйіне барғанбыз. Шыны керек, күн сайын дамып жатқан үшінші мегаполисте, онда да қаланың қақ ортасында дәл осындай қайғылы жағдайдағы үйлер бар деп ойламайсыз. Айқыш-ұйқыш, жоспарсыз салынып, қисайып, құлайын деп тұрған үйлер. Әр жерде аяқ алып жүре алмайтын шашылып жатқан қоқыстан, қолқаны қапқан қолаңса иістен әупірімдеп әрең өтіп, түкпірде орналасқан үйге зорға жеттік.
Өкінішке қарай, алғашқы күні бізді қабаған ит қана күтіп алды. Көршісі Дәмелі Сыздықова бізді сонау қол жетпес биліктен келгендей бірден мұң-зарын айтып қоя берді. «34 жылдан бері осында тұрамын. Гүлнәр әп-әдемі, бірсыдырғы келіншек еді. Көргенде амандық-саулықтан ары жақын араластығымыз болмаған. Олардың мұнда көшіп келгеніне де 5-6 жыл болып қалды. Пәтер жалдап тұрады. 6-уы да ер бала. Марқұмды жерлеу рәсімін, жетісін де әкімдік өткізіп берді. Қайтыс болған күннің ертесіне-ақ әкімдіктегілер балаларды көшіріп алып кетті. Мына үйде тұру мүмкін емесін көрген шығар. Қазір қайда тұрып жатқанын білмейміз. Балалар әр бейсенбілігінде келіп Құран оқытып кетеді» деді Дәмелі апа. Әжейдің айтуынша, марқұм осы маңдағы Қошқар ата өзенінде тазалаушы болып жұмыс істеген.
Ал мұндағы тұрғындардың тіршілігі аянышты. Көпшілігі табиғи газ кіргізе алмаған, көмір пайдаланады. Тиісті мекеме қоқыс үшін адам басына 200 теңгеден жинап алғандары болмаса арнайы контейнер қойылмаған. Есіктің алдында тұрған кәріз құдығының мәселесі бір төбе. «Иісінен жаздыгүні есіктің алдына шыға алмаймыз», – дейді қария. Тағы бір көршісі, жолдасынан ерте айырылып 3 қызымен қалған ана билікке ренішін білдірді. 14 жылдан бері жертөле іспетті үйде тұратын шешейдің үйінің шатырынан су ағып тұр. Құлаудың сәл-ақ алдында. Әр жаңбыр жауған күні құлап қала ма деген қауіппен өмір сүреді. «Сүрілуге кетеді деген әңгіменің айтылып жүргеніне де 5-6 жыл болып кетті. Бірақ әкімдіктен бірде-бір адам келген емес. Естуімізше, 10 шақты үйге ақша бөліпті. Олар көшіп те кетті. Біз міне, қай күні үйім ортасынан опырылып түседі екен деп қорқып отырмыз», – дейді бойжеткен қыздары болған соң аты-жөнін айтқысы келмеген ана.
Шымкент қаласының жаңа картасы бойынша мұндағы үйлер сүрілуге тиіс. Алайда биліктен хабар жоқ. Мұнда ешкім ат ізін салмайды.
Бір қызығы, осы үйлердің жанына биік, әдемі жасыл қоршау қойылған. Арғы бетінің төменгі жағынан «Қошқар ата» өзені ағып жатыр. Буыны ауырып және ас қорыту мүшесі мазалағандарға бірден-бір ем бұлақтың суына келетіндердің қатары көп екені белгілі. Жылдың төрт мезгілінде адам аяғы үзілмейтін бұл демалыс аймағы – ерекше қорғалатын аймақ қатарында. Әсіресе, жаздыгүні халық иін тіресіп жатады. Мемлекет қорғауындағы өзеннің үстіндегі үйлердің сиқы көрінбесін дегені шығар, әйтеуір биік қоршау орнатылыпты.
Ертесіне бейсенбілік өткізіп жатқан үйге тағы соққанбыз. Айқара ашық тұрған есіктен кіргенімізбен бала-шағаны көрмедік. 5-6 көрші-қолаң мен марқұммен бірге жұмыс істеген құрбылары ақша жинап, өздерінше ас беріп жатыр екен.
Бүгін де балалардың қайда екенін, жағдайын білмек болып Әл-Фараби аудандық әкімдігіне хабарласқанбыз. Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловпен 2 күн бойы хабарласа алмаған соң тиісті мамандарға хабарластық. Алғашында басшылықтың рұқсатын сұрауға кеткен әкімдік өкілі кейін мәлімет беруден бас тартып, қалалық ішкі саясат басқармасына хабарласуымызды сұрады. Дегенмен аталған басқарманың жауапты маманы да басшылықтың рұқсатынсыз ешнәрсе айта алмайтын болып шықты.
Бізді таңдандырғаны және күдіктендіргені де осы болды. Егер мәселе таза болса, неге биліктегілер ашық айтпайды? Бір-біріне сілтеп, жауап беруден жалтарып жүрулерінде не сыр бар? Қалай болғанда да көңілімізде жасырудың артында бір құпия тұр ғой деген күдік қалды. Әйтпесе жерлеуін, жетісін өткізіп, балаларды пәтерге ауыстырып жатыр екен. Ендеше соны неге айтпасқа?! Демек, әкімдіктің де өздерінде кінә болған. Көршісінің айтуынша, сол күні Гүлнәр әкімдік жиналысына қатысқан. Мүмкін, үй алуына қандай да бір қысым болғаны рас па екен, кім білсін?!
Ал Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аталған жайт Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінде өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша тіркелген. Мұндай жағдайға кім жеткізді екен?! Заң әділ шешімін шығарар деген үміттеміз.
Әзірге, мәселе одан ары ушығып кетпей, тағы да құрбандар болмай тұрғанда, осы аймақтың тұрғындарын «қайырымды қаланың» қайырымды адамдары жабылып, пенде баласы өмір сүру мүмкін емес аймақтан алып шығу керек. Әйтпесе, мәдени астана атын иемденген мегаполиске келетін қонақтардан ұят болары анық.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы