Қос оттың ортасындағы Ирак
Қос оттың ортасындағы Ирак
223
оқылды

«Екі түйе сүйкенсе, орта­сын­да шыбын өледі». Бүгін Ирак­тың жайы сол шыбынға ұқсас. АҚШ пен Иран арасын­да­ғы кезекті кикілжің осы ел­дің жерінде басталды. Иран­ның аты­шу­лы генералы осы елдің астанасында өлтіріл­ді. Иран­ның АҚШ-қа жауабы да Ирак жерінде көрініс тапты. Бұл мемлекет енді құрбан бол­­маудың амалын іздеп жатыр. Бірақ қазіргі күрделі жағ­­дайдан қалай шықпақ?

Иранның «әл-Құдыс» күштері­нің командирі, генерал Касем Сулей­мани 3 қаңтарда Бағдад әуе­­жайында «Хашд аш-Шааби» шиитік ұйымының қолбасшы орын­басары Әбу Махди әл-Мухан­­диспен қоса өлтірілгенде бұл жанжалға Ирактың тікелей ара­­ласатыны белгілі болды. Себе­бі 31 желтоқсан күні «Катаиб Хез­болла» ұйымының мүшелері АҚШ-тың Бағдадтағы елшілігіне ша­буыл жасаған еді. Ол – шииттік қарулы топ. АҚШ билігінің пікі­рін­­ше, бұл шабуылды Касем Су­лей­мани жоспарлаған. Көп өтпей Вашингтон осы әрекеті үшін гене­рал­ды жазалағаны белгілі.

Ирак билігі өз жерінде екі мем­лекеттің қақтығысып, опе­ра­­цияларын жүргізгеніне алаң­да­ғаны рас. Себебі кек қайтару акциялары жалғасып кетсе, бұдан Ирак азаматтары да зардап шегуі мүмкін еді. Солай болды да. Иран генералдың өліміне жауап ретін­де Ирактың Эйн-әл-Асад және Эрбил атты аймақтарында орна­ласқан АҚШ-тың әскери база­ларын зымырандармен атқылады. Парсы еліндегі телеарналар бұл шабуылдан 80 кісі көз жұмды десе, Д.Трамп бірде-бір АҚШ аза­­маты көз жұмбады деп мәлім­деді. Бірақ қалай болғанда да қақ­тығыс процесі тағы Ирак терри­то­риясында өтті.

Бір қызығы, Ирактың парла­мен­ті генерал Сулейманидың өлімінен кейін бірден өз елінен шетелдік әскердің шығарылуы туралы резолюцияға дауыс бер­ді. Бұл АҚШ, Британия және басқа да мемлекеттердің сар­ба­з­­дары Ирактан кетуі тиіс де­ген­ді білдіреді. Алайда мұнда атап өтетін бірнеше жайт бар. Бірін­­шіден, қабылданған құжат –резолюция. Ол үкіметті нақты әре­кетке міндеттемейді, тек кеңес береді. Сондықтан Ирак үкіметі парламенттің резолюциясын орындамаса да болады. Екіншіден, резолюцияға дауыс беру барысын­да парламенттегі суниттік және күрд топтардың өкілдері қа­тыс­­­паған екен. Ал олардың АҚШ-пен қарым-қатынасы жа­ман емес. Мәселен, ДАИШ тер­ро­рис­тік ұйымына қарсы күресте күрд жасақтарын Америка ар­мия­сы жан-жақты қолдағаны белгілі. Яғни, парламентте резол­юцияға дауыс берген негі­зі­нен шииттік топ өкілдері болуы мүмкін. Ал Иран халқы шиизмді ұстанатынын ескерсек, Ирак шииттері өз діндестерін осылайша қолдағаны көрініп тұр. Үшіншіден, резолюцияда Иракта әскери қимылдар тоқтап, жеңіс орнауына байланысты үкімет ДАИШ-пен күрескен халықа­ра­лық коалициядан көмек сұрау өті­нішін кері қайтаруы керек делінген. Алайда бұл террористік ұйымның қалдықтары Сирия мен Ирак территориясында шашылып кеткенін ескерсек, экстремизм қаупі әлі толық сейіле қоймаған сияқты. Ал оны Ирактың өз ар­­миясы жеңуге қауқары жете ме, жоқ па, белгісіз. Жоқ болса, ха­лықа­ралық коалиция күшінің керек болары анық.

Ендігі негізгі сұрақ – АҚШ және басқа да Батыс елдері Ирак­та­ғы әскерін шығара ма? АҚШ-тың қорғаныс министрі Марк Эспер Пентагонның мұндай жос­па­ры жоқ екенін жеткізді. Оған қоса, Д.Трамп «егер Ирак мұндай қадамға барса, ең қатаң санкция саламыз» деп ескертті. Ескертті де, қосымша 4200 десантшыны Кувейтке жіберді. Яғни, Ирак не Ирандағы жағдай ушығып кетсе, қосымша күш дайын тұрмақ. Иракта Британия әскерлері де бар. Бұл елдің қорғаныс министрі Бен Уоллес те Таяу Шығыстан кетуге құлықты емес екенін сыпайы түрде жеткізді.

Жалпы, бүгін Иракта АҚШ-тың 5 мыңдай, Британияның 400-ге жуық әскері жайғасқан. Олар көбіне әскери кеңесші рөлін атқарады және жергілікті армия өкілдерін жаттықтырады. Батыстың қос елі үшін Иракта аз да болса армия ұстау – Таяу Шы­ғыстағы жағдайдан хабардар болып, ондағы процестерге сәл ықпал ету құралы. Сондықтан олар ресми мәлімдемеде Ирак егемендігін құрметтейтінін айтса да, бұл елден оңайлықпен кете қоймас. Әсіресе, АҚШ. Себебі 2003 жылы бұл елге басып кіргеннен бері Америка 757 мил­лиард долларға жуық қаражат жұмсады деген ақпарат бар. Яғни, осыншама ғаламат ақша жұмсап, АҚШ бұл елден бір сәтте шығып кете қоймас. Ирак парламенті талап етсе де.

Қазіргі жағдайда Ирак үкіметі қиын жағдайда қалды. Бір жағы өзінің шииттік азаматтары көрші парсыларға болысуға үгіттесе, екінші жағы АҚШ армиясы бұл елде әлі де өз ықпалын жүргізіп отыр. Сондықтан Бағдат билігі қос тараптың да көңілін табуға тырысатын шығар. Ал егер кеше Иранның БҰҰ-дағы ресми өкі­лі Маджид Тахт-Раванчи гене­­рал К.Сулеймани өлімі үшін кек қайтару аяқталғанын мәлімде­ге­нін ескерсек, алдағы уақытта жағдай соншалық ушыға қоймас.