Қазір жұрт Париж шаһарына қарағанда, Ташкент шаһарға барғанды ұнатады. Өйткені онда арзан әрі дәмді тағамдар мен қалта көтеретін баға бар. Осы орайда Harper’s Bazaar журналы 2020 жылы жол түссе бару міндеттелетін 20 бағыттың тізімін жасаған. Сәйкесінше, үздік үштікте Самарқан, Ботсвана, Сидней тұр. Қазақстан турист тарта алмай жүрсе, Өзбекстан туризмін әлемдік деңгейге шығарды.
Туризмді дамыту бойынша тұжырымдама Өзбекстанда да бар. Елдегі туризмді дамыту комитеті жыл сайын қаңтардың ортасында халыққа есеп береді. Өзбекстан БАҚ өкілдері ұсынған бірнеше деректі қамтып көрелік. Сонымен, комитет статистикасы бойынша, 2018 жылы Өзбекстанға 5,35 млн шетел азаматы келген. Оның ішінде 4,6 млн адам Орталық Азиядан, 406 мыңы ТМД-дан, қалған 326,5 мың турист алыс шетелден өзбек жеріне ат басын бұрған. Аталған іс-шарада жауапты тұлғалар 2019 жылға жоспар құрып, бағыт айқындаған. Әрі өзбек елінде туризмді жедел дамытуға кедергі келтіретін проблемаларды зерттеу негізінде 2025 жылға дейінгі кезеңде туризм саласын дамыту тұжырымдамасы бекіді. Алдағы уақытта Өзбекстанда көлік логистикасы дамып, сыртқы және ішкі бағыт кеңейеді екен. Туристік нарықта ірілердің біріне айналу үшін қызметкердің біліктілігін арттырып, даярлау және қайта даярлау курсынан өткізеді.
Ал 2019 жылдың есебі толық жария болған жоқ. Дегенмен uzbektourizm.uz өткен жылдың 9 айына сараптама жасапты. Дерекке сүйенсек, Өзбекстанға 9 айдың ішінде 4,9 млн адамның табаны тиген. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 26%-ға жоғары. Өйткені 2018 жылы қаңтар-қыркүйек аралығында елге 3,9 млн турист келген.
Ерекше сәулетімен әйгілі қалаларын көріп, өзбек мәдениетімен танысуға талайлар асық. Мәселен, 2019 жылы келушілердің 26,3%-ы – Орталық Азия мен ТМД-дан, 54,8%-ы алыс шетелден келіпті. Соның ішінде Ресей, Түркия, Ауғанстан, Қытай мен Кореядан жеткен турист көп.
Елге турист келсе, көркейе түсері анық. Бұған Өзбекстан айқын дәлел болады. Өйткені турист ағыны көбейген сайын қалаларды дамытудың жаңа бағдарламасы, қонақүйлер, хостелдер мен ойын-сауық орталықтары бой көтереді. Мәселен, 2017 жылы Өзбекстанда туристер тоқтайтын 66 орын болса, 2018 жылы –141, 2019 жылдың 9 айында қонақүйдің жалпы саны 188-ге жеткен.
Жәдігерге балап отырғанымыз – ортағасырлық көк күмбезді ғимараттары бар, сәулет өнерінің жетістігі саналатын Өзбекстанның даңқты қалалары. Үшіншіден, шетелдіктерге жергілікті халықтың ықыласы. Интернетті шолып шықсаңыз, өзбектердің шетелдіктерге көмек көрсеткені, дәм сыйлап, құрметтегені жайында аңызға бергісіз пікір оқисыз.
Сонымен бірге туризм орталығы Өзбекстанға келетін туристердің жас мөлшерін анықтаған. Статистикаға мән берсек, 31-55 жас аралығындағы туристер демалысын өзбек жерінде өткізгенді ұнатады. Себебі елге келетіндердің 51 пайызын аталған жастағылар құрайды. Ал Өзбекстанға саяхаттайтын 30 жасқа дейінгі шетелдіктің көрсеткіші – 29%. Қалған 20% туристің жасы 55 жастан жоғары екен.
Осындайда «неліктен туристер Өзбекстанды таңдайды?» деген сұрақ туады. Біріншіден, Өзбекстан туристік нарықта беделді. Өйткені Wegoplace саяхатқа арналған онлайн сервисі Өзбекстанды жалғыз аралауға қауіпсіз елдердің үздік бестігіне кіргізді. Ал Harper’s Bazaar Самарқанды 2020 жылы саяхаттауға тұрарлық қаланың тізіміне енгізді. Екіншіден, еуропалықтар, жалпы адамзат баласы жәдігерді көруге құмар. Жәдігерге балап отырғанымыз –ортағасырлық көк күмбезді ғимараттары бар, сәулет өнерінің жетістігі саналатын Өзбекстанның даңқты қалалары. Үшіншіден, шетелдіктерге жергілікті халықтың ықыласы. Интернетті шолып шықсаңыз, өзбектердің шетелдіктерге көмек көрсеткені, дәм сыйлап, құрметтегені жайында аңызға бергісіз пікір оқисыз. Мұның өзі – туристі тартудың ең оңай әрі шығыны аз түрі. Өзбекстан жоғарыдағы ерекшелігін кәдесіне жаратып, туризмнің туын төмен түсірген емес.
Олар мұнымен тоқтап қалмайды. Өйткені тұжырымдамаға сәйкес, 2025 жылға қарай келетін шетелдіктер санын 9 млн адамға, ал туристік қызмет көрсету экспортын 2,2 млрд долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазақстан көрікті жеріне жеткізетін жолды жөндей алмай жатқанда, өзбек туризмі өркендеп тұр.
Айбике ЖАНАСЫЛ