Ендігіде Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық «Абай атындағы мемлекеттік сыйлық» деп аталады. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында жазды.
Президент әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатынын мәлімдеді. Бұл жайында «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады» деп жазды Мемлекет басшысы.
Ел басшысы сонымен бірге Семей қаласында өтетін ғылыми-практикалық конференция жайы мен Абай мұрасын жаңа Қазақстан игілігіне жарату керегін нұқсады. «Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады» делінген Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында.
Айбике ЖАНАСЫЛ