Өткен аптада Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әйгілі «Буран» ғарыш кемесін мемлекет меншігіне қайтармауға шешім шығарды. Сөйтіп, Ресейдің «Роскосмос» корпорациясының басшысы Д.Рогозин іздеу салған әйгілі ғарыш кемесі жекеменшік компанияның иелігінде қалатын болды. Ал тек көкейде «ресейліктер «Буранды» неге іздеді?» деген сауал сол күйі қалды да, оған әлі нақты жауап табылған жоқ. Шынымен, неге іздеді? Іске алғысыз болған ескі техника теріскейдегі көршіге неге қажет болды екен? Жауап іздеп көрелік.
Алдымен Алматыда өткен соттың жай-жапсары жайлы бірер сөз. Негізі, сот Д.Рогозин 2020 жылдың қарашасында Тwitter-де «Буранға» іздеу саларынан бір жыл бұрын басталыпты. Біздің пайымдауымызша, «Роскосмос» басшысы Қазақстан Үкіметіне ғарыш кемесінің қайда тұрғанын біліп, қайтарып алу жайлы өтініш айтқан болуы мүмкін. Әйтпесе, тәуелсіз сарапшылардың өзі 2014 жылы 1 млн 352 мың теңгеге бағалаған 1,02 нөмірлі «Буран» мемлекетке соншалықты қажет пе еді?! «Байқоңыр» ЗҒК» АҚ компаниясының иелігіндегі ескі техниканы ғарышты игеруге пайдалану мүмкін емес. Технологиясын қарап, оқып-үйрену үшін пайдаланайық десек, «Буранның» ұшып-қонуы өте қымбат. Ондай дүниені біздің жасай қоятын мүмкіндігіміз де, ниетіміз де жоқ. Қазақстан «Буран» түгілі Ресеймен бірлесіп жасап жатқан «Бәйтерек» жобасын да әлі іске қосқан жоқ. Әрі ХХІ ғасырда ескі-құсқыны үлгі еткеннен көрі, заманауи технологияға үйір болған жақсы. Ал Д.Рогозин Байқоңырдағы «Буранды» музей қылғылары келетінін айтып қалғаны бар. Демек, еліміздің Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің «Буранды» мемлекет меншігіне қайтарып, «Байқоңыр» ЗҒК» АҚ-ын сот шешімімен таратуға тырысуы «роскосмостықтардың» пайдасына шешілетін лоббиге ұқсап кетті. Дегенмен сот комитеттің бір де бір арызын қанағаттандырған жоқ. Ескі «Буран» компания иелігінде қалады, акционерлік қоғам таратылмайды. Әзірге солай. Бірақ алдағы уақытта Комитет тағы арыз жазып, «Буран» мемлекет меншігіне қайтарылса, таңғала қоймаймыз. Өйткені соңғы жылдары ресейліктер осынау техникаға қатты қызыға бастады. Әрі бұл қызығушылықтың артында әскерилер тұрғанға ұқсайды. Одан бөлек қытайлықтардың да мүддесі тұруы әбден мүмкін..«Буран» әскерилерге қажет
Былтыр жазда «Роскосмос» басшысы Д.Рогозин «Союз МС» ғарыш кемелерінің орнына қанатты аппараттың жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Сөйтіп, америкалықтардың шатллдарына, біз сөз етіп отырған «Буранға» ұқсас ғарыш кемесін жасау қажет екенін айтқан. Ресей инженерлері жасап жатқан «Орел» ғарыш кемесін пайдалану тым қымбатқа түседі. Өйткені ол алысқа ұшуға, Айға сапар шегуге жарайтын ауыр зымыран. Әрі оны құрастыру қашан аяқталары да белгісіз. Оны «Роскосмос» басшысының өзі айтқан. Алайда «Буран» да, спэйс-шатллдар да өте қымбат техникалар екенін Розогиннің білмеуі мүмкін емес. Мәселен, «Буранды» құрастырып, ғарышқа бір рет ұшырып, қайта қондыру үшін КСРО 15 млрд долларға жуық қаржы жұмсаған. Ал спэйс-шаттлдардың әр ұшуы 240-750 млн доллар аралығында шығын әкеліп, 1972-2011 жылдар аралығында бұл бағдарлама үшін АҚШ инфляцияны қоса есептегенде 199 млрд доллар жұмсаған. Сондықтан Жер төңірегіндегі орбитаға шығу үшін бұларды пайдалану экономикалық тұрғыда тиімсіз. Бірақ Рогозин ғарыштан оралғанда ұшақ тәрізді қонатын құрылғы жасауды тапсырған. Демек, «Буранды» жоқтаудың астарында өзге мәселе жатыр.Ресейге имидж де керек
Ал Ресей шенеуніктерінің тікелей «Буранды» қайта қалпына келтіруге қатысты ойларына келсек, оның әскери мақсаттан бөлек тұсы тағы бар. Ол – имидж. Бүгінде Space X, Blue Origin, Boeing қатарлы америкалық жекеменшік компаниялар ғарышты игеріп жатқанда «Буранды» қалпына келтірдік» деу кәдімгідей мәртебе болар еді. Бірақ мұндай ғарыш кемесін жасау қиын. Өйткені КСРО кезіндегі ғарыш кемесін жасауға одақтас елдердің бірнешеуі қатысқан. Ол кездегі технология да, кәсіпорындар да жоқ. Ресейлік сарапшы Вадим Лукашевичтің айтуына қарағанда Мәскеу спэйс-шатлл үлгісіндегі ғарыш кемесін жасауға 2000 жылдардың басында-ақ ұмтылыпты. 2006 жылы «Клипер» атты ғарыш кемесін жасамақ болғанымен, оған Ресейдің технологиялық мүмкіндігі жетпеген. Ғарышкер Сергей Крикалев та 2006-2007 жылдары қанатты ғарыш кемесін жасауға Ресейдің шамасы келмегенін айтады. Өйткені «Буранды» құрастырған «Молния» ғылыми-өндірістік бірлестігінде бұрын 6 мыңнан астам маман жұмыс істеген. Қазір онда 30-40 адам ғана қалған. Ресейдің сынақшы-ұшқышы Магомед Толбеов орыс шенеуніктері мәлімдеме жасауға шебер болғанымен, «Буран» тәрізді техника жасау күрделі екенін айтқан. «Молниядан» ештеңе қалған жоқ, Мясищев атындағы тәжірибелік зауыттан да түк қалмады. Құр мәлімдеме жасаумен өмір сүруге болмайды. Қазір біз әуеғарыш саласында 60-70-жылдары ойлап табылған дүниелерді пайдаланып жүрміз», – дейді маман. Қысқасы, Мәскеудегі шенеуніктер әйгілі ғарыш кемесі тәрізді техника жасаудан әлі де үмітті. Олар Байқоңырдағы «Бурандардың» күн өткен сайын тозып, әрі-бері тасымалдауға жарамайтынын біледі. Сөйте тұра, тым болмаса одан музей жасап, өткен күндерінің жетістігімен мақтануды қалайтын сияқты.