«Апат айтып келмейді» демекші, өткен жылы Түркістан облысының бірқатар ауданында болған табиғи апаттардың ауыр тауқыметін бастан өткерген түркістандықтар биыл «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, төтенше жағдайдың алдын алу шаралары бойынша жаттығулар мен дайындықты ерте бастап кетті. Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша облыста антикризистік карта жасалды. Облыс әкімдігінде құрылған Ситуациялық орталық пен ТЖД бірлесе отырып жасаған картаға сәйкес, облыс аумағында 200-ден аса болуы ықтимал төтенше жағдай сипатталған.
Биыл оңтүстік өңірде жылдағыдан ерте басталған қыс мезгілінде табиғат ара-тұра тосын мінез көрсетіп, қар едәуір қалың жауды. Тіпті, арасында жаңбыр жауған кездері де болды. Дегенмен қазір қыс айы аяқталмаса да, көктем мезгілі ерте басталардай жылымық бар. Көктем айларында өңір тұрғындарын әбігерге салатын төтеннен еріген қар мен қатты жауған нөсерден су алу сияқты табиғи апаттардың алдын алу шаралары мен дайындық жұмыстары бүгінде Түркістан облысында басталып кетті. Әйткенмен, тайлы-тұяғымен қолдарына кетпен-күрек алып жүгіретіндей қауіп төндіріп тұрған жағдай жоқ. Десе де, мамандар «Қазір су деңгейі қалыпты болғанымен, ешкім су тасқыны болмайды деп айта алмайды», – дейді. Отырар ауданына барған облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы алдымен Сырдария өзеніне жақын орналасқан су басу қаупі бар ауылдарға барды. Айталық, жыл сайын су басу қаупін бастан өткеретін Шеңгелді ауылының іргесіндегі бөгетті (дамба) көрді. Сол жерде ауданда төтенше жағдайдың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Отырар ауданының әкімі Ә. Жүнісов мәлімдеді. Көктемгі уақыттағы төтенше жағдайлармен күреске жалпы 83 техника, 466 жеке құрам және 12 қайық дайын. Аталған техникалар облыс басшылығына оқу-жаттығу шарасында көрсетілді. Шара барысында мамандар 7 ауданның техникасының қазіргі жағдайы, олардың техникалық қабілеті туралы баяндап, халықты эвакуациялау жұмыстары мен малды көшіру жұмыстарын пысықтады. Облыстық ТЖД басшысы Нұрғали Жүнісов: – Егер қауіпті жағдай бола қалса, дабылқаққыштарымыз қосылады. Біз бірінші кезекте sms-хабарландыру жібереміз. Нақты қай елді мекен екені анықталып, жиналу орындарын белгілейміз. Соған көңіл бөліп, далаға шығып, полиция қызметкерлері көшелерді аралап, нұсқаулық береді. Соны орындаса, біз де қауіпсіз жерге шығару жұмыстарын жүргіземіз, – деді. Жалпы, Сырдария өзенінің бойында орналасқан елді мекендер аумағында 32 014 бас ірі қара мал, 196 349 бас ұсақ мал, 2 134 бас түйе және 10 392 бас жылқы бар. Барлық ауылдағы ауыл шаруашылығы жануарлары су алу қаупі туындаған жағдайда құмдағы 113,5 мың гектар жайылымға көшіріледі.Тельман БЕЙСЕН