Алматыдағы әуе апатынан зардап шеккен балалардың ата-аналары Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен Аружан Саинге хат жолдады. Бұл жайында уәкіл Facebook парақшасында жазба жариялады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Facebook парақшасында «Әуе апатынан зардап шеккен балалардың бірнеше ата-анасы маған бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде хат жазды. Өтініштер бойынша жұмыс басталды» деп жазды.
Аружан Саин Президенттің тапсырмасы бойынша әрбір баланың отбасы жағдайы туралы мәлімет жинақталатынын атап өтті. Оның ішінде еңбекке қабілетін жоғалту қаупі бар немесе ата-анасы әуе апатында қаза тапқан балалардың жағдайы жайында толық тексеру жүреді.
«Біз балалар құқығын қорғау бойынша барлық шараны қолға аламыз. Бала құқықтары жөніндегі конвенция бойынша жүгіну қажет деп тапсаңыздар, жәбірленушілердің атына ресмихат жазуды сұраймыз» деп Аружан Саин үндеу тастады.
Сондай-ақ омбудсмен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығынан стационарлық емдеу курсынан өткен 2 баланың амбулаториялық емдеу бөліміне ауысқанын жазды.
«Осыған дейін 7 бала амбулаториялық емдеу бөліміне жіберілді. 2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air компаниясының ұшағы апатынан кейін ауруханаға түскен тоғыз бала жазылып шықты. Олардың жағдайы туралы барлық ақпарат балалар тіркеуде тұрған емханаларға жіберілді. Балаларға көмек көрсеткен барша дәрігерге алғыс айтамыз. Кішкентай емделушілер толығымен сауығып кетсін» деп жазды ол Facebook парақшасында.
Сонымен бірге А.Саин ата-аналарға кәмелетке толмаған балалардың денсаулығына зиян келтіруге қатысты сақтандыру төлемдері бойынша нұсқаулық барын айтты. Олар Amanat сақтандыру компаниясымен байланыста екенін, барлық сұрақ бойынша компаниямен хабарласу керегін нұсқады.
Айбике ЖАНАСЫЛ