Дәрігерді қолдау қажет
Дәрігерді қолдау қажет
408
оқылды
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыр­жан Байбек бастауыш партия ұйымдары өкілдері­мен кез­десуінде партияның алдағы жоспарларымен бө­лісті. Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес Nur Otan пар­тиясы Үкіметпен бірігіп жер­гі­лікті ерекшелік пен халық­тың нақты қажеттіліктерін ескере  отырып, аймақтық бағ­дар­ла­­­маларды дайындау бойынша жүйе­лі жұмыс жүргізіп жатыр. Нұротандықтар проблемасы көп бар­лық бекеттерді, соның ішінде шал­ғай аудандар мен ауылдарды қам­туды жоспарлап отыр.

«Біз әр аудан үшін партияның же­ке бағдарламасын әзірлегіміз ке­леді. Жергілікті жердегі мәсе­ле­лер мен сұраныстарға басымдық берсек дейміз. Халық өзі қа­лай­­тын нақты мәселелерді ше­­­шу­ге тиіспіз. Екіншіден, кан­ди­дат­­тарымызды праймериз, яғни пар­тия ішіндегі іріктеу арқылы ұсын­бақпыз. Мұның барлығы ашық дебат түрінде өткізілетін бо­лады. Тиімді мәслихат қа­лып­тас­тырғымыз келеді. Сондықтан Nur Otan партиясының міндеті – креативті ойлайтын ашық-жар­қын жандарды ұсыну. Сондай-ақ біз қыз-келіншектер мен жас­тар­­ды белсенді қолдап, кө­тер­ме­­лейтін боламыз. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Пре­­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Әйел­дердің 30%-ы мен жастардың 20%-ы мәс­лихаттардың барлық дең­гейін­де болуы тиіс» деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Партиялықтарға арнап ұйым­дастырылған оқыту тренингтеріне қатыса отырып, Nur Otan пар­тия­сы Төрағасының Бірінші орын­ба­сары дәрігерлерді қолдауға ша­­қырды. Ол өз туыстары мен жа­­­қындарын құтқарып қалған оқи­ғалармен әлеуметтік желілерде бө­лісе отырып та, ақ халатты аб­зал жандарға құрмет көрсетуге бо­латынын айтты.

«Дәрігерлерді қолдауымыз қа­жет. Әркім туыстары мен жа­қын­дарын құтқарып қалған дә­рі­герлер туралы айтсын. Бұл – өте маңызды моральдық қолдау. Жеке мамандарға, басшыларға қа­тысты мәселелердің болатыны да сөзсіз. Бірақ жағдайдың 99%-ын­да дәрігерлер адамдарға кө­мек­тесіп, өміріне араша болады. Тек дәрігерлер кейбіреулер секілді өздерін жарнамаламайды. Үндемей ғана жұмыс істейді. Сонымен қа­тар мұғалімдерді, полиция мен мем­лекеттік қызметкерлерді де қол­дауымыз керек деп есептеймін. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, кейде, тіпті отбасыларына көңіл бөлуге уақыттары болмайды. Бірде мемлекеттік қызметке оп­по­зициядан адам шақырғаны есім­де. Бірақ ол бір апта да шыдай ал­мады»  деп ағынан жарылды Бауыр­жан Байбек.

Айта кететін жайт, партиялық «қай­та жаңғыру» аясында Саяси ме­неджмент мектебі 10 мыңнан ас­там нұротандықтарға арнап оқыту семинарын бастады. Аймақтық филиалдардың, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері мен партия ішіндегі пилоттық кадрлық іріктеу жеңімпаздары тұлғалық құзыретті дамыту, халықпен және азаматтық қоғам институттарымен өзара тиімді әрекет ету, дағдарыстық бай­ланыс және т.б. салада машық­тану деңгейін арттыру бойынша тре­нингтерге қатысуда.   Клара НАҚЫП