Мүмкіндігі мол білім ордасы

Мүмкіндігі мол білім ордасы

Мәжіліс депутаттары Аманжан Жамалов, Снежана Имашева, Шавхат Өтемісов Батыс Қазақстан облысының Орал қаласындағы дарынды ба­лаларға арналған маман­дандырылған мектеп-интерна­тына барып, аталған мекеменің ұжымымен және оқушылармен кездесті.

Айта кетейік, аталған спорттық мекеме 250 оқушыға арналған және оның ішінде 150 балаға интернат қарастырылған. Кешен ғимараты 3 спорт залынан және қызмет көр­сететін персонал блогынан тұрады. Оқушылар жалпы дайындық спорт залында, күреспен айналысуға ар­налған спорт залында, волейбол, баскетбол, гандболға арналған спорт залында спортпен шұғылданады.

Білім ордасында өзара вестибюль қосылған 3 блок бар. Мектепке 7 сы­ныптан бастап қабылдайды. Ал сыныптағы оқушылардың саны – 24. Мәжіліс залы 125 орынға есеп­телген.

– Талантты жастардың оқудан тыс спортпен шұғылдануына, олардың қабілеттерін шыңдауға, спортшы ретінде өсіп-жетілу үшін бұл керемет орталық деп есептеймін. Жалпы, елімізде спортқа үлкен көңіл бөлініп жатқаны барлығымызға белгілі. Нұр-Сұлтан, Алматы және өзге де облыстарда осындай орта­лықтар ашылып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1-2 жыл ішінде елімізде 100 спорт кешенін салу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, бүгінде облысымызда Жәнібек ауданында үлкен спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жа­тыр. Ал Жаңақала ауданында спорт­тық кешеннің құрылысы аяқталса, Ақжайық ауданында құрылыс келесі жылға жоспарланды, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов.

Депутаттардың айтуынша, елі­мізде ұстаздардың мәртебесі туралы заң қабылданды. Аталған заңда ұстаздардың мәртебесін көтеру, оларға барлық жағдайды жасау үшін көптеген мәселе қарастырылған. Егер ұстаздың дайындаған шәкірті халықаралық, республикалық дең­гейдегі байқауларда жақсы жетіс­тік­ке жетіп, жеңімпаз атанатын бол­са, ұстаздың жалақысы да 2-3 есе өседі. Бұл ұстаздар үшін де үлкен моти­вация болмақ.

Басқосу барысында мектеп-ин­тернаттың алдағы жоспары баян­да­лып, жаңартылған білім беру жүйе­сінің кейбір талаптарының ауыл мектептеріне келмейтіні, «Педагог мәртебесі» туралы заңның артықшылығы, сондай-ақ ұстаздар мен оқушыларға қолдау білдіру ба­ғы­­тындағы бастамалар талқыға түсті.


Әбілмансұр ЖАСАН