Елімізде баспана бағасы қымбаттайды. Статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылдың желтоқсан айында жаңа үйлердің шаршы метрі орта есеппен 293,5 мың теңгені құраған. Бұл 2018 жылдың желтоқсанындағы көрсеткіштен 6,4% жоғары. Бұдан бөлек, пәтерді жалдау ақысы да 7,1% (шаршы метріне 1,5 мың теңгеге) өскен.
Ең қымбат үйлер Нұр-Сұлтанда әр шаршы метріне 373,7 мың теңгені құраса, Алматыда – 357,2 мың теңге. Шымкент 330,3 мың теңгеге жеткен – үшінші орында. Пәтер сату, сатып алу ісінде белсенді өңірлер – Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалалары. Республика бойынша күн сайын 50-60 операция жасалады. Мамандар ақпан айының басында жаңа үйлердің шаршы метріне 20-40 мың теңгеге дейін қосылады деп болжайды. Оған қандай негіз бар?
Мамандар бағаның көтерілуіне ипотекалық бағдарламалардың қарқынды түрде жүзеге асырылып жатқаны себеп екенін айтады. Елімізде 2018 жылға дейін ипотека нарығы тұралап қалғаны белгілі. Дегенмен сол жылы Үкімет салаға дем беру үшін «7 – 20 – 25», «Баспана хит» бағдарламаларын шығарды. Кейіннен 2019 жылы «Бақытты отбасы», «Әскери баспана» бағдарламалары екінші кезеңіне өтіп, жандана бастады. Осының барлығы елімізде тұрғын үйге деген сұранысты өсіріп отыр.
– Менің ойымша, баспана бағанасы ақпан айында емес, наурызда көтеріледі. Өйткені таяуда «Бақытты отбасы», «Әскери баспана», «Әйелдер ипотекасы» деген бағдарламалар нарықта қарқынды түрде жұмыс істей бастайды. Одан бөлек, доллар бағамы көтеріледі деген де болжамдар айтылып жатыр. Егер доллар өссе, ол да тұрғын үй нарығына едәуір әсер етеді. Себебі құрылыс материалдарының біраз бөлігі шетелдік нарықтардан доллар бағамымен есептеліп сатып алынады. Қызылорда мен Ақтөбеден басқа қаланың барлығында баспана бағасы өсті. Әсіресе, Шымкент, Өскемен, Петропавл қалаларында баға біршама көтерілді. Мәселен, таяуда ғана Президент Қ.Тоқаев Үкіметке Семейдің тарихи мәртебесін айқындап, арнайы статус беруді, Семейге инвестиция тартуды тапсырды. Міне, осы жаңалықтың өзі Семейдегі үйдің бағасының көтерілуіне жол ашады. Естеріңізде болса, былтыр Шымкентке республикалық мәртебе берілген кезде пәтер бағасы бірден қымбаттады. Бұл – нарық заңдылығы, – дейді экономист Дәулет Төлеутайұлы.
Жалпы, соңғы жылдардағы статистикалық мәліметті қарап отырсақ, жыл сайын Қазақстанда тұрғын үй нарығы 10-15%-ға өсіп отырғанын байқауға болады. Бұл елімізде қалыпты жағдайға айналып отыр. Тұрғын үй саласы нарығында сатып алу, сату ісін жүргізетін риэлторлық компаниялар 2020 жылы баспананың қымбаттайтынын сенімді түрде хабарлауда. Олардың келтірген дәлеліне сүйенсек, біздегі тұрғын үй алуға деген сұраныс тұрғындардың сатып алу мүмкіндігіне байланысты емес, сондықтан бағаның өсуі 2020 жылы да жалғаса береді. Себебі халықтың жаңа үйлерді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алудағы белсенділігі жоғары. Ақшасы бар адамдар жаңа үйлерді сатып алып, бірден жалға беріп табыс тауып отыр. Сондықтан оны тоқтату қиын. Одан бөлек, шағын және орта бизнестің дамуы да жылжымайтын мүлікке деген сұранысты ұлғайтып, құнын өсіруде.
– Нұр-Сұлтанда қазірдің өзінде үй бағасы 2-3% өскені байқалып отыр. Оған себеп – сұраныс үлкен. Үй іздеген кісі көп, кейде тәулігіне бірнеше адам хабарласып, бәріне бірдей пәтер тауып беріп үлгермей кетеміз. Біздің қызметімізге жүгініп жатқандардың 60%-ы – елордалықтар. Көбісі үйлерін кеңейткісі келіп, жаңа үй сатып алады. Біреулер бір ауданнан екінші ауданға көшеді дегендей. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын қаланың іргесіндегі «Лесная поляна» сияқты тұрғын үй алабынан пәтер алғандар ол баспаналарын сатып, орталықтағы жаңа үйлерді ипотекаға ресімдеп жатыр. Мұның барлығы тұрғын үй нарығында баға көтерілмесе, төмендемейтінін білдірсе керек, – дейді риэлтор Бақытгүл Есімханқызы.
Айта кету керек, өткен жылы елімізде «7 – 20 – 25» және «Баспана хит» ипотекалық бағдарламалары өте қарқынды түрде жүзеге асты. Қазір елордада «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Сбербанк», «Халық банкі», «БанкЦентрКредит» секілді банктер тез, ыңғайлы ипотекалық несие ұсынып, тұрғындар арасында танымал болуға жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ел астанасына жақын орналасқан облыстар мен өзге де өңірлерден көшіп келіп, үй сатып алып жатқандар саны өсіп келеді. Бұл процестің барлығы баспана бағасының көтерілуіне әкеледі.
Дегенмен қаржыгер маман Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, үйдің құны қымбаттауына тікелей экономикалық фактор әсер етіп отырған жоқ.
– Нарықта ірі қалалардағы баспананың шаршы метрі 300 мың мен 600 мың теңге арасында сатылып жатыр. Әрине, баға үйдің орналасқан ауданы сапасына байланысты өзгеріп тұрады. Ал халықтың орташа жалақысы әлі де 100 мың теңгеден асқан жоқ. Яғни, жоғарыдағы бір шаршы метрге қол жеткізу үшін бір адам орта есеппен 3 ай жұмыс істеуі керек. Сондықтан үй бағасының қымбаттауына экономикалық жағдай әсер етіп отырмағаны анық. Дегенмен «7 – 20 – 25» секілді ипотекалық бағдарламалар эконом класты үйлерге, бағасы 25 миллионнан төмен үйлерді сатып алуға арналған. Ал құрылыс компаниялардың негізгі саясаты – олар көбінесе шаршы метрі үлкен, бизнес класты үйлерді салып, сатуға мүдделі. Бірінші кезекте олар өздерінің маржасын ойлайды. 100 шаршы метрге 1 пәтер салған қандай немесе сол көлемге 3 пәтер салған қандай? Ол құрылыс компаниясына шығын. Әр үйге коммуникация жүргізесіз, есік, терезе саласыз дегендей. Ал 100 шаршы метрлік бір үйге ғана коммуникация жүргізсеңіз, ол – пайда. Бағасын да қымбатқа қоя аласыз. Эконом класты үйлерге компаниялардың аса қызықпайтыны да сондықтан, – дейді Б.Ысқақов.
Қаржыгердің айтуынша, пәтер бағасының өсуіне әсер ететін тағы бір фактор – құрылыс материалдары. Себебі еліміз әлі де материалдың 50-60 пайызын сырттан тасымалдайды. «Құрылыс жүріп жатқан жерлерде құрылыс комбинаттары жоқ. Компаниялар материалды алыстан тасиды. Ол – шығын. Яғни, өзіндік құны қымбат. Үкімет, жергілікті әкімдіктер құрылыс комбинаттарын салып, материалға кететін шығынды барынша төмендетуге күш салуы тиіс. Сол кезде ғана біз нарықтағы бағаның негізсіз өсуінің алдын аламыз. Тағы бір фактор – зейнеткерлікке шыққан әскери қызметкерлердің үй сатып алуға нарыққа кіріп жатқанын да риэлторлық компаниялар жақсы пайдаланып отыр. Демек, біздегі бағаның жасанды өсуіне жол беріледі» дейді Б.Ысқақов.
Тұрғын үй саласын зерделеп жүрген мамандар сайып келгенде нарықтағы жасанды дүрбелеңге ілесіп, асығыс шешім қабылдауға негіз жоғын айтады. Халықтың арасында ақпараттық үрей туғызып, сауда-саттықты жеделдету – бұл үй сатумен айналысатын делдалдардың, компаниялардың әрекеті. Сол себепті де үй сатып аларда немесе сатар кезде ақпараттарды барынша зерделеп барып шешім қабылдаған жөн.