07:20:53. Әуе кемесінің командирі (ұшақ оң жаққа ауа бастағанда): – Не болды? 07:20:54. Екінші пилот: – Не болғанын білмеймін? Стабилизатор, тоқтаймыз. 07:20:57. Командир: – Керек емес, сен не істеп жатырсың? Кеттік, кеттік. Шассиді жина! Бұл осыдан жарты ай бұрын, яғни 27 желтоқсан күні апатқа ұшыраған Bek Air ұшағындағы пилоттардың соңғы тіл қатысуы. Олардың дәл осы сәтте қандай күйде болғанын ойлауға жүйке шыдамайды. Салондағы тоқсаннан астам жолаушының өмірі қыл үстінде тұрғанда ұшқыштар қандай шешім қабылдамақ болды екен? Бұл олардың өзіне аян қалпында құпия болып қала берді. Ал ұшақтың апатқа ұшырау себептерін анықтау жөніндегі үкіметтік комиссия кеше алдын ала болжамын жариялады.
Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингке Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Bek Air ұшағының апатқа ұшыраған орнынан табылған борт жазба құрылғысын зерттеген Мемлекетаралық авиациялық комитеті оқиғаның хронологиясын қалпына келтіргенін жеткізді. Оның айтуынша, 7 сағат 20 минут 2 секундта ұшу басталған. 7 сағат 20 минут 41 секундта 140 торапты (узел knot) жобалық жылдамдығы бойынша экипаж алдыңғы шассиді көтере бастайды. 7 сағат 20 минут 45 секундта ұшақ ұшу-қону жолағынан аспаптың бар жылдамдығымен (148 торапты – бұл жоғары жылдамдық) көтерілген. Осы кезде ұшақ сол жаққа 5 градусқа, одан кейін оң жаққа 19 градусқа, қайтадан солға 15 градусқа теңселіп кеткен.
– Экипаж ұшу траекториясында әуе кемесін ұстап қалмақ болған. Теңселу салдарынан ұшу-қону жолағына әуе кемесінің шассиі мен сол жақ қанаты тиген. Қолдағы бар мәліметке сүйенсек, екінші ұшқыш жерден көтерілгеннен соң 10 секундтан кейін қозғалтқыштардың жұмыс режимін азайтып, ұшуды тоқтатпақ болған. Бірақ 4-5 секундтан кейін қозғалтқыштар жұмысының режимі қайтадан 93-95 пайызға көбейтіліп, ұшу жалғасқан. Бұл жағдай ұшақ экипажының әңгімесімен расталып отыр, – дейді Роман Скляр. – 7 сағат 20 минут 53 секундта ұшақ оң жаққа ауа бастағанда әуе кемесінің командирі «не болды?» дейді. 7 сағат 20 минут 54 секундта екінші пилот «Не болғанын білмеймін? Стабилизатор, тоқтаймыз» деген. Осы кезде балағат сөз айтылады. Болжам бойынша, осы кезде екінші пилот басқару тетіктерін кіші газға ауыстырмақ болған. 7 сағат 20 минут 57 секундта командир екінші пилоттың әрекетіне тіл қатып, «керек емес, сен не істеп жатырсың?» деген. Болжам бойынша, осы кезде командир басқару тетіктерін ұшу режиміне ауыстырған. Бұл кезде оның «кеттік, кеттік» деген дауысы естіледі.
Оның айтуынша, 7 сағат 21 минут 4 секундта командир «шассиді жина» деп бұйрық берген. Артынша ұшақтың бірнеше рет ұшу-қону жолағына тиюі тіркелген. Мәселен, ұшақтың арты – 6 рет, шассидің негізгі тіреуіштері – 4 рет, қанаты 1 рет тиген ұшу-қону жолағына тиген. 7 сағат 21 минут 15 секундта бес метрлік биіктікте шасси жинала бастаған.
«Осыдан кейін ұшақтың тұмсығы жерге тиіп, әуе кемесі ұшу-қону жолағынан тыс жерге сырғып кеткен» – деген Роман Скляр үкіметтік комиссия апаттың мән-жайын талдай келе, 4 нұсқаны анықтағанын тілге тиек етті. Бірінші болжамға сәйкес, әуе кемесіне коммерциялық жүктің тиелуіндегі және ұшақтың тепе-теңдігін анықтаудағы бұзушылық. Комиссия мұндай бұзушылық болмаған деп отыр. Екіншіден, метеожағдай секілді сыртқы ықпал, комиссия бұл нұсқа да ұшақтың ұшуына кедергі келтірмеген деп санайды. Үшінші болжам – пилоттаудағы экипаждың қатесі және төртіншісі, авиациялық техниканың бұзылуы болуы мүмкін.
Роман Склярдың айтуынша, екі тәулік бойы тұрақта тұрған ұшақтың үстіне мұз қатып қалуы мүмкін. Себебі алдын ала жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ұшақтың суық ауа райы кезінде қолданылатын арнайы сұйықтықпен өңделмегені анықталған.
«Әуе кемесін мұздың басуына қарсы сұйықтықпен өңдеу жұмысы ішінара жүргізілген. Әуе кемесі командирінің шешімі бойынша, тек стабилизаторды өңдеу туралы шешім қабылданған. Бірінші санаттағы мұздың басуына қарсы сұйықтықпен ұшақ қанаттары да өңделуі тиіс», – дейді ол.
Үкімет жетекшісінің орынбасары Талғар ауданында заңсыз жер берген лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Оның дерегінше, 2015-2019 жылдар аралығында Талғар ауданының лауазымды тұлғалары лауазымын асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық қорғау аумағынан тұрғын үй құрылысын салуға заңсыз жер беріп келген.
Брифингке келген Мемлекетаралық авиациялық комитеттің бас директоры Виктор Сороченконың айтуынша, әлемдің тәжірибеде мұндай оқиғаларды зерттеу бірнеше айға, кейде жылға созылады. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандартына сәйкес, апат себебін зерттеуге әуе кемесін жасаған мемлекеттің өкілдері де қатысады. Бұл оқиғаға Нидерланд қатысып жатыр.
«Соған байланысты зерттеудің соңғы кезеңінде соңғы қорытынды есепті ұшақты жасаған мемлекетке жөнелтеді. Әуе кемесін жасаушы 60 тәулік ішінде зерттеу нәтижесінің жобасын қарап, өзінің түсініктемесін береді. Ары қарай ол түсініктемелерді қабылдау немесе бас тарту процедурасы жүреді. Осыдан кейін ғана зерттеудің соңғы нәтижесін алуға болады. Оған дейін мен атаған мерзім кетеді», – деді ол.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда Президент тапсырмасы бойынша жолаушы тасымалын жүргізіп жатқан отандық әуе компаниялардың бәрі тексеріліп жатыр. Әуе кемелерінің ұшу жарамдылығы, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, ұшу ережелерін сақтауы, авиациялық персоналды дайындауы секілді талаптардың бәрі бақылауға алынған. Ал Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі мен жылдық жарамдылығы жайлы сертификаты тоқтатылды. Қазақстанның авиация әкімшілігі британ және Еуропа азаматтық авиация агенттіктері өкілдерінің қатысуымен Bek Air әуе компаниясын тексеріп жатыр екен. Тексеру қорытындысына сай, әуе компаниясының ары қарайғы жұмысы туралы шешім қабылданады.
Айта кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған болатын. 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақ апатынан оқиға орнында 12 адам көз жұмған болатын. Кейін қаза болғандар саны 15-ке жетті.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ