Шығыстың даму жоспары дайын
Шығыстың даму жоспары дайын
157
оқылды

ШҚО-да «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы талқыланды.

«Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бо­йынша сайлауалды уәделерін іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасына 182 іс-шара енгізіліп, 24 нысаналы индикатор айқын­далды. Жол картасын талқылауға арнал­ған облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» фракциясы депутатта­рының отырысы өтті. «Nur Otan» партиясының Шы­ғыс Қазақстан облыстық филиа­лының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов партияның 2021-2025 жылдарға арналған сай­лауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының жо­ба­сына өңір тұрғындарын толған­дыратын негізгі мәселелердің шешімі енгізілгенін атап өтті. Жол картасы өткен жылдың 17 қарашасында облыстық филиал­дың кезектен тыс ХХIV конфе­рен­циясында қабылданған пар­тия­ның сайлауалды бағдарламасы не­гізінде бес жылға әзірленді. «Жол картасында өңірді дамыту­дың 7 басым бағыты айқындалған», – деп атап өтті Даниал Ахметов. Өндірістерді іске қосу және кеңейту, мемлекеттік бағдар­ламалар шеңберінде жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті дамыту үшін 149 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Облыс халқының 38 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын ескере отырып, өнім өндіру және цифрландыру саласында қазіргі заманғы технологияларды енгізу есебінен ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар айқындалды. Ауылдағы кәсіпкерлер басым қолдауға ие болады, кредиттеудің ашықтығын бақылау қамтамасыз етіледі. Жыл сайын 1,3 мыңнан астам кәсіпкерді қамту және кем дегенде 600 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда. Өңір үшін перспективалы бағыттардың бірі – туризмді дамыту. Осы ретте Жол картасында туристік объектілерге инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту секілді міндетті жұмыстарды атқару (оның ішінде әуе және теміржол мар­шруттары желісін кеңейту) көзделген. Жолдардың сапасы да өңір хал­қын толғандыратын өзекті мә­селе. Осыған байланысты таяу­дағы 5 жыл ішінде 2,5 мың км авто­жол мен 12 көпірге орташа жөндеу жүргізіледі. Облыс бойынша тұрғын үй алу кезегінде 33,4 мың адам тұр, оның 2 285-і – көпбалалы отбасы. Бес жыл ішінде ауданы 923 мың шаршы метр болатын 405-тен астам тұрғын үй салынады, – деп атап өтті өз сөзінде партияның облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметов. Бұдан басқа Жол картасында Денсаулық сақтау нысандарын жөндеу және жабдықтау, меди­циналық қызмет көрсету сапасын арттыру, балабақшалар, мек­теп­тер, жатақханалар салу сияқты басқа да өзекті мәселелерді шешу қамтылған. 2025 жылға дейін бұқаралық спортты дамыту үшін жол картасы шеңберінде 11 де­нешынықтыру-сауықтыру ке­шені және 6 спорт модулі салы­нады. 2025 жылға қарай облыс тұрғын­дары 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Жалпы, 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасында өңірді дамытудың нақты жоспарлары белгіленген.

Әбілмансұр ЖАСАН