Қоғамдық көлікте тегін жүруді сұрады
Қоғамдық көлікте тегін жүруді сұрады
242
оқылды

Көкшетау қаласында ерекше қажеттіліктері бар жандар қоғамдық көлікте тегін жүруі үшін «Nur Otan» партиясына өтінішін жеткізді. Есту және көру қабілетінен айырылған мүгедектерді біріктіретін қо­ғамдастық жетекшілері бірнеше жылдан бері Көкшетау қалалық әкімдігінің есігін тоздырып, қалалық мәслихат пен қала әкімінің қаулысына енген 15 санатқа өзгерту енгізуді сұрап отыр.

– Көкшетау қаласы әкімінің 2019 жылғы қаулысына сәйкес, қоғамдық көлікте белгіленген 15 санат бойынша ғана азаматтар тегін жүруге құқылы. Алайда бұл санатқа есту қабілеті және көзі на­шар көре­тін ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар енбеген. Тек жәрдема­қымен ғана жан бағып отырған жандар үшін қоғамдық көлікте тегін жүру көп көмек болар еді, – дейді мүгедек­тердің шағымын жеткізген қоғам­дастық жетек­ші­лері. Партия филиалына жиналған Ақмола облыстық қазақ соқырлар қоғамының өкілдері көру қабі­ле­тінен айырылған ІІ топтағы мүге­дектер қала ішінде қоғамдық кө­лік­терде ақысыз жүру туралы өті­ніш­­терін қарастыруды сұраса, ал об­лыс­тық саңыраулар қауым­дас­тығы есту қабілетінен айырылған мүге­дектігі бар барлық азаматты қо­ғам­дық кө­лікте тегін жүргізуді сұра­ды. Көмек сұрап отырған кем­ба­ғал жандардың саны 200-ден асады. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов мәселенің мән-жайын тыңдап, ав­тобус паркінің басшылары, қала­лық мәслихат депутаттары мен жер­гілікті атқарушы орган өкілде­ріне алдағы бір апта ішінде 200-ден астам көру және есту қабілетінен айырылған мүгедек жандардың қала автобус­тарында тегін жүруін заң аясында қарастырып, мүгедек азаматтарға көмек көрсетуді тапсырды.

Әбілмансұр ЖАСАН