Қазақстанның қаржы секторы теңізде дауылға кезіккен қайықтай қалтақтауын жалғастыруда. Кейбір сарапшылар қара аспанды төндіріп, тіпті оның төңкеріліп қалуы да ғажап емес деп жорамал құрады. Бұл болжаммен банк саласына жауапты Мәдина Әбілқасымованың агенттігі келіспейді. Ал кейінгі бір аптада болған оқиғалар біраз банктің басына қара бұлт төнгенін байқатқандай.
Біріншіден, биылғы 15 ақпанда Tengri Bank АҚ-ын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі күшіне енді. Осылайша, оны қайта «тірілтуге» тырысқан пәкістандық қожайыны түпкілікті жеңілді. Енді қаржылық реттеуші дәл осы атаумен банк ашуға ешкімге рұқсат етпейді. Екіншіден, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы 11 ақпандағы қаулысымен төтенше шешім қабылдады: AsiaCredit Bank АҚ-ын банк және өзге де операцияларды, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген барлық лицензиясынан айырды. Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасының түсіндіруінше, бұған бірнеше себеп бар: аталған банк пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде, яғни 1 жыл ішінде 3-тен көп рет бұзған. Бұған қоса, агенттіктің осы банкке жолдаған ұйғарымдары мен шараларын жүйелі түрде орындамаған. Сондай-ақ агенттік банктің қожайынына оны қосымша капиталдандыру жөнінде талап қойды, ол дәрменсіз жағдайға жеткен банкіне қосымша ақша құймады. Осының бәрі оны лицензиядан айыруға негіз болды.Жауапсыздығы үшін жазаланған ба?
Қаржылық реттеу агенттігі AsiaCredit Bank АҚ лицензиясының күшін шұғыл тоқтатудан басқа амалы қалмағанын хабарлады. Клиенттер кейінгі жылдары бұл банктен қаражатын қарқынды түрде алып кетіп жатты. 2019 жылғы қазаннан бастап банктің активтері клиенттердің бұл сұранысын қанағаттандыруға жетпейтіні байқалған. Содан банк жеке және заңды тұлғаларға депозиттеріндегі, есепшотындағы ақшасын алуға рұқсат етпей, бұғаттап тастады. Сөйтіп, адал ақшасын кері ала алмаған адамдардың наразылығын туғызды. «Осылайша, банк қаржылық реттеуші белгілеген пруденциялдық нормативтерді бұза бастады. Осы кезеңнен бастап агенттік тарапынан бұл банкке қатысты оның жағдайын жақсартуға бағытталған 14 қадағалап ден қою шарасы қабылданды және әкімшілік құқықбұзушылық туралы 73 хаттама толтырылды. 2019 жылғы қазанда Ұлттық банк AsiaCredit Bank АҚ-ның жалғыз акционеріне банкті капиталдандыру жөніндегі талап қойып, мәжбүрлеу шарасын қолданды. Бірақ ол шара орындалмады. 2020 жылы қанағаттанарлықсыз қаржылық жағдайының сақталуына байланысты агенттік банкті «қаржылық жағдайы орнықсыз банктер» санатына жатқызды. Сондай-ақ банктен және оның оның акционерінен банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауды талап етті», – деді агенттік. Осы жоспарды орындау аясында банк акционері қаржы ұйымына 15,4 млрд теңге құйған. 2020 жылғы қаңтардан 2021 жылғы ақпан аралығында клиенттердің депозитін қайтару нәтижесінде «АзияКредит банкінің» міндеттемелері 21,8 миллиард теңгеге азайды. 2020 жылғы қарашадан 2021 жылғы ақпан аралығында банк акционері өз қаржысы есебінен мектеп пен аурухана секілді әлеуметтік маңызы бар мекемелер және БЖЗҚ алдындағы берешегін толығымен өтеді. Онда неге банктің әрі қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмеді? – Банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары 2020 жылғы 25 желтоқсанда аяқталды. Алайда акционер қабылдаған шаралар банктің қаржылық жағдайын тұрақтандыруға әкелген жоқ! AsiaCredit Bank пруденциялық нормативтерді бұзуды жалғастыруда және өз клиенттері алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерді орындамады. Банктің қосымша провизиялар қалыптастыру үшін қажетті меншікті капитал тапшылығы 19 млрд теңге болды, – деді агенттік.Кәсіпкерлер қанша қаржыдан қағылды?
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша AsiaCredit Bank-те 23 174 жеке тұлғаның депозиттері жатыр: олардың жинағы шамамен 19 млрд теңгені құрайды. Бұл барлық салымшының 97,7%-ын құрайды. Агенттіктің мәлімдеуінше, жеке тұлғалар алаңдамаса болады: салымын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өтейді. Қалған 2,3 пайызы – заңды тұлғалар. Бизнесмендер салымын қайтара алмайтын түрі бар. Олардың салымы кепілдендірілмеген. 12 ақпанда олардың банк шоттары бойынша барлық операция тоқтатылды. Сонда бұл банкте бизнес пен кәсіпорындардың қанша қаржысы күйіп кетуі мүмкін? Лицензиядан айырылған күнге дейін AsiaCredit Bank 45,4 млрд теңгені уысына түсіріп үлгеріпті. Бұдан бөлек, банк 45 млрд теңге несие таратқан. Соның ішінде 31,6 млрд теңге немесе банк несие портфелінің 70%-ы улы кредит саналады: олар бойынша борышкерлер 90 күннен астам мерзім бойы төлем жасауды доғарған. Яғни, банк салымшыларының ақшасын қайтарылмайтын несиеге таратып жіберіпті. Лицензиядан айырылған күні AsiaCredit Bank-тің өтімді активтерінің мөлшері бар-жоғы 75 млн теңгені құрады. Бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8 млрд теңгеден асады. Агенттік төрағасының 2021 жылғы 11 ақпандағы №51 бұйрығымен «АзияКредит банкіне» уақытша әкімшілік тағайындалды. Яғни, оның топменеджерлері тегіс жұмыстан шеттетілді. Банктің барлық басқару органының өкілеттіктері уақытша әкімшіге өтті. Уақытша әкімшілік банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейді. Уақытша әкімшілік жетекшісі болып Қаржылық реттеу агенттігінің қызметкері Ерлан Сәрсенбекұлы тағайындалды. Сонымен бірге агенттік банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы өтінішпен сотқа жүгінуде.Байлық бай банкке құйылады
Ұлттық банк банк секторының қорытындыларын шығарды. Оған жүгінсек, отандық банктер активі рекордтық өсімге қол жеткізіпті. Атап айтқанда, 2021 жылдың басында екінші деңгейлі банктер активтерінің жалпы сомасы 31,17 трлн теңгені құрады. Мұндай көп триллиондық межені отандық банк секторы ешқашан бағындырмаған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан бірден 16,3%-ға артты. Мәселен, отандық банктер активтерінің жиынтық сомасы 2010 жылы 12 триллионды, 2015 жылы – 23,7 трлн, 2017 жылы – 24,2 трлн, 2018 жылы – 25,2 трлн, 2019 жылы 26,8 трлн теңгені құраған-тын. Басқаша айтқанда, пандемия, шектеу, дағдарысқа қарамастан, банкирлер байып жатыр. Қиын кезеңде 26 коммерциялық банктің 19-ы өсімге қол жеткізді. 2019 жылдың соңында Ұлттық банк сектордағы барлық активтің 87%-ына және барлық несиенің 90%-ына ие 14 банкте жаппай тексеру жүргізді. AQR қорытындысында Ұлттық банк «активтер сапасын бағалауға қатысқан банктерде де, жүйелі деңгейде де капитал тапшылығы жоқ» деп жариялады. Дегенмен біраз банк қожайынына өз қаржы ұйымын қосымша капиталдандыруға тура келді. Ал қосымша қаржы таба алмаған банктердің не жабылуға, не өзге ірі әрі бай банктерге қосылуға мәжбүр болуы мүмкін. Сарапшылардың байламынша, қазақстандық банк саласы монополияланып жатыр. Ауқатты банктердің дәулеті барған сайын артуда. Ал кедейлері ары қарай қайыршыланып, банкрот болуы ықтимал. Мемлекет оларды құтқармайды. Мәдина Әбілқасымованың командасы да пруденциялық нормативтерді орындай алмайтын, қосымша капитал табуға қауқарсыз ұсақ банктерді аямайтынын анық байқатты. Қаржыгер, Financial Freedom директоры Расул Рысмамбетов тағы бір жайтқа назар аудартады. Банк айдынында жем азайды. «Қаржы министрлігі 28 қаңтарда KASE-де МЕККАМ-12 (мемлекеттік құнды қағаздың бір түрі) орналастыру арқылы нарықтан 51,2 млрд теңге ақша тартты. Бұл ретте құнды қағаздың орташа табыстылығы жылдық 9,41% болып белгіленді. Оның 88,3%-ын комбанктер сатып алды. Қалғаны институттық инвесторлар мен өзге заңды тұлғаларға тиді. Сонымен бірге Ұлттық банктің ноталарының көлемі күрт қысқарды. Сөйтіп, нарықтан 7 күндік ноталар жойылып кетті. Салдарынан қысқа мерзімді қаржыға бөккен банктерге инвестициялаудың басқа нұсқаларын іздеуге тура келеді», – дейді Расул Рысмамбетов. Оның пікірінше, банктер үшін пандемия жағдайында бизнесті кредиттеу, бизнеске ақша салу – тым тәуекелді. Оның үстіне, елде жекешелендіру, мүлікті қайта бөлісу жүруде. Сондықтан банктер үшін ең тұрақты құрал – мемлекеттік және квазимемсектордың құнды қағаздарын сатып алу болып отыр, себебі олар өз қарыздарын кепілді түрде қайтарады. Бұл жерде банкирлерге бас қаржыгер Ерұлан Жамаубаевтың ведомствосы көмекке келген сыңайлы: меморган таяуда табысы 9,47% болатын МЕУКАМ-156 арқылы нарықтан тағы 25,7 млрд теңге қарыз алды. Мұнда да мемлекеттік құнды қағаздардың 93,8%-ын банктер таласа-тармаса сатып алған. Бір апта бұрын ол нарықтан 138,5 млрд теңге қарыз тартты: оның үлкен бөлігін банктер ұсынған. Сондай-ақ Қаржы министрлігі жылдық табысы 9,57% МЕУКАМ-180 арқылы 15,2 млрд теңге қарыз сұратты. Оны да банктер берген. Бұдан бұрын, 27 қаңтарда қаржы ведомствосы 10,40% сыйақымен қайтаруды уәде етіп, 5,7 млрд теңгеге МЕУКАМ-180 орналастырған-тын. Оның алдында, 25 қаңтарда меморган биржада 55,9 млрд теңгеге құнды қағаз сатты. Оның келтіретін кірісі 10,03%-ға дейін барады. Онда да құнды қағаздардың 97,6%-ын комбанктер ханталапай етіп, таратып алған. Мұның барлығын не үшін тәптіштеп айтып отырмыз? Әлемде, елде қандай дағдарыс пен қиын кезең болса да, ірі банктер баюын қоймайды: өйткені азаматтар да, бизнес те, мемлекеттің өзі де олардан қарыз сұрайды. Қайта дағдарыс қысқан сайын осы үш көзден қарызға деген сұраныс арта түспек. Бұл тұрғыдан алғанда, банктерді әлдебір паразитке ұқсататындар да бар. Ендеше ұсақ, дәрменсіз банктердің бәрі жабылып тынса да, банк секторы толық күйремесі, ілгері басары сөзсіз.Айхан ШӘРІП