Балаңыз кейде қиялдап, ойға қонымсыз көрінетін армандар тізіп кете ме? Ондайда ойын құптап, шабытына шабыт қосасыз ба, жоқ әлде «қай-қайдағыны айтпашы» деп шорт кесесіз бе? Сіздің тараптан жасалған әр қадам баланың болашағына тікелей әсер етуі мүмкін. Себебі бүгінде әмбеге аян Илон Маск бала кезінде ғылыми фантастиканы көп оқығанының арқасында қазір жұрт біткенді таңғалдырудан жалықпайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын адам сенгісіз көрінетін көп дүниенің шынға айналуы – осының бір дәлелі. Ендеше Қазақстанда балаларға арналған фэнтези жанрының қалай дамып жатқанына тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Қазіргі баланы қалай таңғалдырамыз?
Бұрын кеңес кезінде бала біткен ғарышқа ұшуды армандайтын. Бар ойы – ғарышкер болу. Екінің бірі «Кім болам?» тақырыбындағы шығармаға түрлі сыр мен құпияға толы ғарыш әлемін арқау ететін. Байқасақ, ХХ ғасырдың басынан бері жарияланған ғылыми фантастикалық шығармалардың көбінде адамның ұшуы, ғарышқа сапар шегуі суреттеледі. Мәселен, Виктор Гончаровтың 1920 жылдары шыққан кітабында кейіпкерлер аборигендерге Айда революция жасауға көмектеседі. Александр Ярославский болса, Марсқа аттандырады. Ал Николай Муханов болса, планеталар арасындағы қақтығысты суреттейді. Осы ретте қазақ ертегілерінің де көркемдік деңгейін атап өту керек. Жата-жастанып оқыған сүйікті ертегілеріміздің кейіпкерлері қандай керемет еді?! Бірі екі жасында алысқан кісілерін алып ұратын бала болатын батыр болса, енді бірі бір көлдің суын екі ұрттап, көлге құятын мықты болады. Ел аузындағы мұндай ертегілердің ғасырдан-ғасырға ұмытылмай таралуы керек. Әйтсе де, балалар әдебиетіндегі қиял-ғажайып мұнымен шектелмегені тағы дұрыс. Өйткені қазіргі баланы таңғалдырудың тың жолдарын іздемесе, болмайды. Заманауи фэнтези жанрында жазып жүрген жас жазушы Зәуре Төрехан қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі заман талаптарына сай келмейтінін айтып отыр. «Талаптарға сай келмейді деуімнің себебі – қарапайым әңгіме-ертегілерден аса алмай келеміз. Бүгінде әлем балаларының, соның ішінде қазақ балаларының үлкен сұранысына ие жанрлар – фэнтези, детектив, ғылыми фантастика және әдеби RPG. Фэнтези жанрынан басқа бағытта жазатын қазақ жазушылары жоқтың қасы десе де болады. Өз басым фэнтези жанрын жақсы көремін, бірнеше кітап жазып та үлгердім. Олардың бірі – роман-фэнтези «Амина Туран в стране номадов» кітабы. Ол 2018 жылы 10 наурызда «Алматыкітап» баспасынан жарық көрді. Ал 2020 жылы мамыр айында пандемия кезінде үйде қамалып отырған балаларға арнап «Айша и Невидимые соседи» атты кітап-сериал жобасын ұйымдастырдым. Балалар да, ересектер де әр жеті сайын кітаптың жаңа екі-үш тарауын IKitapDYKENI қосымшасынан тегін оқып отырды. Бүгінде ол повестті онлайн оқуға болады. Қазақша авторлық аудармасы да, бұйырса биыл шығады деп үміттенемін», – дейді жазушы.Сұраныс бар, ұсыныс аз
Қазақ тілінде жазылған, яки ана тілімізге аударылған кітаптардың аз болғаны қынжылтады, әрине. «Фэнтези жанрында жазылған қазақша қандай кітаптарды білесіз?» деген сауалнамаға көпшілігі бірауыздан «Хәрри Поттер» деп жауап берді. Расында, соңғы кездері кітап дүкендерінің сөресінен лезде сатылып кеткен бұл кітап – әлемдік бестселлер. Британ жазушысы Жоан Роулиннің қиялынан шыққан сиқыршы бала Хәрри Поттер және оның әлемі туралы еңбектерді қазақ тілінде шығару құқығы Steppe & WORLD Publishing баспасына тиесілі. Былтыр үш бөлімі жарыққа шықты. Биыл наурызда төртіншісі оқырманға жол тартады. Жыл соңына дейін алты бөлімі шығып, жетіншісі келер жылы осы уақытта жарық көреді деп жоспарланып отыр. Сапалы дүниелердің саны артқаны – қуаныш. Оқырмандардың да үлкені мен кішісі асыға күтеді. Демек, жазам дегенге, аударам дегенге сұраныс бар. Енді соны қанағаттандыру ғана қалып отыр. [caption id="attachment_111808" align="alignnone" width="1284"] © коллаж: Рауғаш Омар[/caption] Айтпақшы, сұраныс демекші, материал әзірлеу барысында кітапхана қызметкерлерімен де байланысып, қандай авторлардың көп оқылатынын сұрастырдық. Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, жастар арасында бүгінде ғылыми фантастикалық туындылар үлкен сұраныста екен. «Рэй Бредбери, Жордж Оруэлл, Айзек Азимов, Стивен Кин, Клиффорд Дональд Саймак, Артур Кларк сынды авторларды көбірек сұрайды. Соның ішінде жастар тарапынан қызығушылық жоғары. Өзімнің қызым да кішкентай болғанына қарамастан, бір жылдың ішінде «Хәрри Поттердің» жеті томдығын тауысты. Ғылыми фантастикаға өте әуес. Осы ретте қазақша кітаптардың жетіспейтінін атап өту керек», – дейді кітапхана меңгерушісі.Ғылыми фантастиканы дамытудағы мақсат қандай?
Неліктен нақты ғылыми фантастикаға ден қою керек деп отырмыз? Бұл – жай ғана әдебиеттің дамуы үшін жасалуға тиіс қадам емес. Мәселен, қазіргі Қытайдың қарыштап дамуына бірден-бір үлесін тигізген – осы жанр. 2007 жылға дейін Қытайда аталған әдебиеттерді құптамай келген. Бірақ кейіннен тұңғыш рет фантастика фестивалі ұйымдастырылады. Қытайдағы бұл іс-шараға танымал жазушы Нил Гейман барады. Осыған дейін тыйым салып келіп, аяқасты неге бұл жанрға бет бұра қалуының себебін білмек болып, Гейман зерттей бастайды. Сөйтсек, қытайлықтар «жоғарытехнологиялық заттардың бәрін шығарғанымызбен, неліктен оны ойлап табатын – басқа елдегілер?» деген сауалға бас қатырған екен. Өз ішінде жасалған зерттеудің нәтижесінде Google не Apple сынды алдыңғы қатарлы инновациялық компаниялардың жетекші қызметкерлері бала кезінен фантастикалық туындылармен сусындап өскен болып шығады. Міне, осыдан соң Қытай да ғылыми фантастикаға ден қоюға бел буыпты. Бұл елдегі аталған жанрдың тартымды тұсы сол – біз бүгінде заманауи Қытай жайлы білетін деректерімізді еселеп ұлғайтып көрсететінінде. Айталық, ежелгі тарихи оқиғалар тізбегін қарыштап дамып жатқан технологиялармен тетелестіріп қояды. Қытайлық ғылыми фантастиканың феноменге айналуына себепкер болған Лю Цысиньнің трилогиясы десек артық болмас. Осыдан 13 жыл бұрын алғашқы романы қытай тілінде, 2014 жылы ағылшын тілінде басылған. Туындыны сүйіп оқығандардың қатарында Американың бұрынғы президенті Барак Обама мен танымал интернет-кәсіпкер Марк Цукерберг бар деседі. Тіпті, Amazon қазір автормен келісіп, миллиард долларлық бюджетпен тарихтағы ең қымбат телесериал түсіруге келіссөз жүргізіліп жатыр деген де сыбыс бар. Тағы бір қызығы, Қытайда жазылатын фантастикалық оқиғалар ойдан құрастырылғанымен, шындыққа жанасады. Яғни, бірнеше жылдан кейін сонда жазылғанның шын мәнінде орындалғанын көруге болады. Айталық, тыңшылық үшін жасалған құс бейнесіндегі дрондар, қызметкерлердің миын сканерлеп, ашу, күйзелістің табын байқап қалатын құрылғыларды атап өтуге болады. Мінеки, бізге де бұл жанрдың керек деуіміздің себебі осы. Зәуре Төрехан фэнтезидің балаларға аса қажет екенін айтып отыр. «Ғылыми фантастика – жанры ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында туындаған жанр. Содан бері ол әдебиет кеңістігінен шығып, комиксте, кино мен мультфильм салаларында кең етек алды. Тарих көрсеткендей, ғылыми фантастика жанрындағы кітаптар адамдарға болашақ жайында қиялдауға, шабыттануға, ой өрісін дамытуға мүмкіндік береді. Осындай кітаптарды көп оқыған бала зерек, ақылды, ұшқыр ойлы, өнертапқыш болатыны анық. Мысал ретінде, Американың атақты адамдарының бірі Илон Маск балалық шағында Айзек Азимов, Дуглас Адамс, Рэй Бредбери, Роберт Хайнлайн сынды жазушылардың кітаптарын оқып өскен. Ол – Жин Родденбери, Жодж Лукас, Стэн Ли сияқты ғылыми фантастиканы кино мен комикс саласына еңгізген киносценаристер мен режиссерлердің туындыларынан сусындаған адам. Соның арқасында бүгінде адамзат тарихын өз қолымен жасап отырғанын көріп, біліп жүрміз. Біздің халықтан осындай Илон Масктар шығуы үшін қазақ жазушылары да осы салаға бет бұрып, кітап жазуы керек деп ойлаймын, ол күн де алыс емес шығар. Мен де мектепте оқып жүргенімде Айзек Азимов, Герберт Уэллс, Орсон Скотт Кард сынды авторларды сүйсініп оқыдым, бүгінге дейін космосқа қатысты жаңалықтарды, бағдарламаларды жақсы көріп қараймын. Болашақта осы жанрда да сценарий не болмаса комикс жазып көруге тырысамын» деп ойын түйіндеді жазушы. Айтпақшы, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова балалар әдебиетіне биыл ерекше көңіл бөлінетінін тілге тиек еткен еді. «Министрлік 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялайды. Бұған сіздердің де қосатын үлестеріңіз зор деп білемін. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар бойынша министрлік 1 ақпаннан – 1 мамырға дейін құжаттар қабылдайды. Қазір кітап шығару және қаламақы төлеу мәселесі жолға қойылды. Осыған белсене қатысуға сіздерді шақырамын» деген еді. Нарық заманында ақы төленіп, сапаның талап етілгені жөн-ақ. Ендеше балаларға арналған жаңа туындылардың қатарын бүгін тақырыпқа тұздық болған ғылыми фантастика жанрындағы шығармалар толықтырар деп сенеміз.Жадыра АҚҚАЙЫР