1 миллиард 800 миллион теңге! Ақмола облысының Зеренді ауданындағы курортты алқаптағы Зеренді көлінің жағалауындағы 148 гектар шұрайлы жер осындай бағаға сатылып жатыр. Жалпы көлемі екі соттықтан 11 гектарға дейінгі 256 учаске. Жердің иесі – Иван Ивнатушенко. Екі мыңыншы жылдары мемлекеттің меншігіндегі тегін жерді иемденіп алған меншік иесі енді оны миллиардтаған қаражатқа сатпақ ниетте. Ал жер, тіпті ресейлік кәсіпкерлердің иелігіне айналып кетуі де ғажап емес. Бұл туралы Иванмен сөйлесу барысында әңгіменің аужайынан байқап қалдық. Қарағай мен қайың тұнған, тұмса табиғат көмкерген курортты аймақта осынша жер неге бұлай сатылып жатыр? Бұлай болуы заңды ма? Әкімдік пен тиісті басқармалар қайда қараған?
«Тегіс жазық, сатып алынған, мемлекеттік актісі, барлық құжаттары сақадай-сай. Коммерция жүргізуге ыңғайлы. Жалдауға болады. Түрлі мөлшердегі (2 соттықтан 11 гектарға дейін) 256 учаскеге коттедж құрылысын салуға болады. Жер учаскелерін кез келген көлемде сатуға әзірмін. Бағасы орналасуына қарай әртүрлі. Түрлі қалалардан болса да, қос тараптан қосымша ақымен айырбастауды да қарастыруға әзірмін. Кез келген нұсқаны қарастырамыз. Өз ұсыныстарыңызды айтыңыздар!». Осындай мәтіндегі хабарландырудың жылжымайтын мүліктер орналасқан «Крыша» жарнамалық порталында орналасқанын көріп жағамызды ұстадық. Дереу мән-жайды анықтамақ болдық. Хабарландыруда орналасқан телефон нөмірлерін теріп, жер сатып алуды көздеп жүрген адам кейпінде телефон шалдық. Ал жер иесінің айтқан сөздерінен, тіпті шошыдық. Оның айтуынша, жер мәскеулік кәсіпкердің меншігіне өтіп кетуі де бек мүмкін екен. Тіпті, кәсіпкермен келісімшарт жобасы да жасалып қойған көрінеді. Аузы-аузына жұқпаған кәсіпкер жерді барлық жағынан мақтай жөнелді. «Біз, «Бигленд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жерлерге сонау екі мыңыншы жылдары ие болдық. Саяжай кооперативтерінде болған бұл жерлер қазір біздің жекеменшігімізде. Барлық мемлекеттік актілері мен құжаттары талапқа сай. Жыл сайын салық төлеп келеміз. Ешқандай кепілде тұрған жоқ. Негізі, Ресейдің Мәскеу қаласындағы кәсіпкерлер сатып алмақ ниетте. Олар өткен жылдың желтоқсан айында хабарласты. Шамамен жүз гектар шамасындағы жерді 4 миллион АҚШ долларына сатып алуға ниетті екенін білдірді. Қазір келісімшарт жасасып жатырмыз. Егер барлығы ойдағыдай жүзеге асырылса, наурыз айында жерді сатпақшымыз», – деді жер иесі Иван Ивнатушенко. Әрине, еліміздің заңына сәйкес, жер шетелдіктерге сатылмауы тиіс екенін айтып, заңға қайшы болса, жерді қалай сататынын сұрадық. Сөйтсек, мұнысы оп-оңай болып шықты. «Бізбен келіссөз жүргізіп жатқан мәскеулік кәсіпкерлер жерге қатты қызығып отыр. Ал жердің шетелдіктерге сатпау мәселесіне келсек, заңды айналып өтуге болады. Ол үшін меншік иесі мәскеуліктер болғанымен, оларға Алматы қаласындағы Қазақстан азаматтары құрылтайшы болады. Жерді бізден солар сатып алады. Ал шын мәнінде иесі сол мәскеулік кәсіпкерлер болмақ», – деп кәсіпкер Иван ағынан жарылды. Осылайша, жерді шетелдіктерге сатуға мораторий жариялап, ақ тер, көк тер болып айтысып-тартысып жатқанымыз құр бекершілік сияқты болып көрінді. Курортты аймақтағы осынша көлемдегі жердің сатылып жатқанынан Зеренді ауданы әкімдігі де, облыстың Жер қатынастары басқармасы да хабарсыз болып шықты. «Крышаға» орналастырылған хабарландырудың сілтемелерін аталған мекемелерге жібердік. Сөйтіп, тиісті басқарма басшысының аталған мәселе бойынша пікір білдіруін сұрадық. «Зеренді ауданындағы 185 гектар алқапты құрайтын бұл жерлер 2005 жылы Zeren саяжай кооперативіне бақташылық және саяжай құрылыстары үшін ұсынылған. Одан әрі аталған саяжай кооперативі бұл жер учаскелерін «Бигленд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде өз жекеменшігіне аударған. «Бигленд» компаниясы аталған жер учаскесінің сараланымын жасаған. Жер учаскелері ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға арналған санатқа жатқызылған. Ол кезеңдегі еліміздің заңдарына сәйкес, кез келген жеке адам мемлекетке өтініш жазып-ақ өзі қалағанша жер көлемін ала алатын. Олар осы заңды пайдаланып, аталған жер учаскелерін иеленген. Жер учаскесі олардың меншігінде болғандықтан, жерді сата ма, сыйға тарта ма, олардың өз еркінде. Ал жерді ресейлік кәсіпкерлерге сата алмайды. Өйткені еліміздің заңына сәйкес, бұған қатаң тыйым салынған», – дейді Ақмола облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина. Курортты өңірдегі жердің сатылып кетуі мүмкін екенін Зеренді ауданы әкімдігіне де айттық. Әкімдік те жердің сатылып жатқанынан хабарсыз болды. Әкімдікке хабарласып, сұрақ қойғанымызбен, мұны анықтау үшін ресми хат жіберуімізді сұрады. Өйткені олардың айтуынша, жер екі мыңыншы жылдары берілгендіктен, құжаттарды тек архивтерді ақтарып қарап шығу қажет екен... Біздің әкімдікке жазған ресми хатымызға олар төмендегідей жауап жолдады. «Бұл жерлер 2004 жылдары Zeren жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне саяжай жерлері ретінде берілген. Жерге ешқандай инфрақұрылымдар тартылмаған. Жер саяжай кооперативі ретінде пайдалануға арналған. Бұл жерлер Зеренді ауылының аумағынан тыс орналасқан. Зеренді көлінің жанынан шамамен екі жүз метр аумақта тұр. Жер сонау 2004-2005 жылы алынғанымен, бұл жерде ешқандай жұмыс атқарылмаған. Сол жылдары, тіпті аудандық және облыстық прокуратурамен аталған жерлерге қатысты қылмыстық іс те қозғалған. Былтырдан бері Зеренді ауданының бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, бұл жерлерде тұрақты тұратын үйлер салу жоспарланған. Сол кезден бастап меншік иесі жанталасып, жерді сатуға хабарландыру берген. Алайда жері өтпей жатыр. Біз осы жылы мердігер компания жұмыстарын аяқтаса, жерге инфрақұрылымдар өткізу үшін оның жерінің отыз пайызын ала аламыз. Оған бұл жөнінде айтылған. Бірақ олар мұнымен келіспей отыр», – дейді Зеренді ауданы Жер қатынастары бөлімінің басшысы Әділбек Сыздықаев. Бөлім басшысының айтуынша, сол жылдары берілген 162 гектардың 148 гектары осы меншік иесіне және қалғаны осы учаскелерді сатып алған саяжай иелеріне тиесілі. Бірақ олар серіктестіктің рұқсатынсыз оны сатуға берілмейтін етіп қойған. Сондай-ақ пайдаланылмаған жерді де тәркілеп алу әкімдіктің құзыретінде жоқ болып шықты. «Біз пайдаланылмай тұрған жерлерді көзімізбен көріп отырсақ та, оған ештеңе істей алмаймыз. Бұған дейін әкімдік ескерту жасап, жер қолданылмай жатса, оны мемлекетке қайтаруға құзыреті бар еді. Енді Жоғарғы Соттың №6 нормативтік құқықтық қаулысына өзгерістер енгізіліп, бізде еш ықпал ету тетігі болмай қалды. Сондықтан жерді сата ма, жалға бере ме, жоқ басқасын істей ме, біз еш әрекет жасай алмаймыз. Дегенмен бір жағынан жер сатылып, инвестициялар тартылған соң инфрақұрылымдар тартылып, басқа да игілікті істер атқарылса, ол мемлекетке де тиімді болар еді», – дейді Әділбек Сыздықаев. Сонымен, Зеренді ауданындағы бұл жердің мәскеулік кәсіпкерлерге сатылып кету мүмкіндігі әлі де жоғары болып тұр. «Бигленд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар мүмкіндікті мүлт жібермей, жерді сатудың амалын қарастырып жатыр. Алдағы уақытта мәселе қалай шешілмек? Мораторийді ұзартамыз деп жүргенде көз алдымыздағы жерді шетелдіктер иеленіп кетіп жүрмесін...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы