Елімізде қазір зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу мәселесі қыз-қыз қайнап тұр. Ақпарат айдынындағы өткір тақырыптың бір парасы осы туралы. Бораған сұрақ-жауаптың өзектілігінен ұққанымыз – ұйымдастыру жұмыстарының азды-кем ақсап жатқаны. Ұзақ дайындалып, асығыс қабылданған ереженің шикіліктері де жоқ емес. Кейбір экономистер әуелгі идеяның өзін-өзі ақтамағанын айтады. Тіпті, керісінше жылжымайтын мүлік нарығында баға көтеріліп кеткен.
БЗЖҚ-дан ақша алу ережесі неге қиын?
2021 жылдың 11 ақпандағы мәлімет бойынша БЖЗҚ-ға уәкілетті операторлар тарапынан тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін алу себебімен 109 900 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 3 988 өтініш өндіріске қабылданса, 34 712 өтініш заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбаған. Жалпы, осы уақытқа дейін негізгі сомасы 386,4 млрд теңге болатын 71 200 өтініш орындалды. Аталған сома уәкілетті операторларға аударылып, өтініш берушілердің арнайы шотына түсті. Төлемдердің орташа сомасы шамамен 5,4 млн теңгені құрайды. Бұл – зейнетақы қорындағы соңғы жарияланған ресми цифрлар. Осы деректерге қарасақ, ақша жатқан зейнетақы қорының жұмысында кедергі жоқ деуге болады. Кедергі арадағы оператор Отбасы банкінің үйлестіру міндеті кезінде басталады екен. Интернеттегі пікірлерді оқып отырсаң, ең әуелі жедел желі деп көрсетілген «300» нөміріне қоңырау шалып, жауап есту қиын болса, одан бөлек оператор банк менеджерлерінің сауаттылығында да кемшілік бар сияқты. «Мен тапсырыс беріп, ақшамды Отбасы банкіне аудардым. Одан соң ол ақша мен мәміле жасасқан Халық банкіне жіберілді. Осылайша, хабар күтіп үш күн жаттым. Содан болмаған соң жеке кабинетіме кіріп қарасам, техникалық қате кеткендіктен, ақшам Отбасы банкіне қайтып келіпті. Оны маған ешкім айтпаған. Содан жедел желіге қоңырау шалып, ала алмадым. Банкке барып, жөнді жауап таба алмадым. Амал жоқ, банк төрайымы Ләззат Ибрагимованың әлеуметтік желідегі жеке парақшасына шықтым. Ол кісіге рақмет, бірден ден қойып, тапсырмасын беріп, мәселемді шешіп берді. Шамасы, адами фактор себебімен техникалық қате кеткен сияқты. Есепшоттың нөмірі дұрыс көрсетілмеген болып шықты. Енді бәрі дұрыс, осы апта пәтерімнің кілтін қолыма алып қаламын ба деп отырмын, – дейді қаржы саласында істейтін Алматы қаласының тұрғыны Мадияр Жақыпов. Операторға қойылатын сұрақтар легі көп екенін әлеуметтік желідегі пайдаланушылардың белсенділігінен де көруге болады. Солардың бірі Дана Жарылғапова «Зейнетақы қорынан ақшаны бірнеше рет бөліп алуға болады. Бірақ оларды Отбасы банкінде бір өтінім етіп біріктіруге болмайтыны қиын. Біріктіру үшін алғашқы өтінімдерді жою керек. Бұл қосымша уақыт алады әрі жүйкеңді тоздырады» деп қынжылса, Гүлмира Қаракөзова деген пайдаланушы арнайы шоттағы ақша банк менеджерінің қателігінен басқа мекенжайға жіберілгендіктен, ипотекалық мәміле бұзылуы мүмкін екенін айтып ашынады. Одан бөлек, Отбасы банкінің электронды платформасында да кемшіліктер жоқ деуге болмайды. Тең қарыз алушы табу талабы қиындатылған. Ержан Жұрынов есімді азамат тең қарыз алушы меншік иесі болмағандықтан, ипотеканы тікелей жаба алмайтын тұсқа да назар аударуды ұсынды. Тізе берсе, бұл жаңашылдықта да сұрақ көп. Мәселе оның жедел шешімін тапқанында.Жер алып, үй сала алмаған қиын
Жинағыңды пайдалануға қатысты шикіліктің бірі ретінде жер телімі мәселесін айтуға болады. Өйткені бұл жоба қолға алынған сәтте көп адамның баспаналы болуда ойына оралған ұтымды жол – жер телімін сатып алып, үй салу болатын. Бірақ ереженің қатаңдығы сондай, өз бетіңше құрылыс жүргізуге тыйым салынған. «Зейнетақы қорындағы ақшама жер алайын десем, Үкіметтің жасаған ережесі бойынша үй салатын компанияны жалдап, оның сметасын көрсетуің керек екен. Бұл не масқара?! Егер үй салатын компанияны жалдайтын ақшамыз ағыл-тегіл болса, БЖЗҚ-дағы ақшамызды алмайтын едік. Қарапайым халық жиған-тергеніне жер сатып алса, оның несі жаман?! Ал жалдайтын компанияң мен сметаны көрсет деп талап қою – өте ауыр ереже. Алайда «пенсионкадағы» ақшаға жер алғаныммен, Үкімет айтқан талапты орындау қарапайым қазаққа өте қиын. Өз елімізде отырып, өзіміз зейнетақы қорымызға жиған ақшадан ұлтарақтай жер ала алмасақ, Үкіметке сын емес пе? Журналист ретінде Үкіметтен зейнетақы қорынан алатын ақшамызға жер алуға мүмкіндік беретіндей етіп жобаны қайта қарастыруды талап етемін. Ереже жеңілдетілсін. Президент жанындағы Ұлттық кеңес осы мәселені қайта қараса екен. Депутаттар да осы мәселені көтеру керек», – дейді журналист Гүлвира Бигалиева. Журналистің айтып отырған сөзінің жаны бар. Өйткені зейнетақы жинағының жер телімін алуға жеткенімен, үй салуға жетпейтінін екінің бірі біледі. Ал жері бар адам тірнектеп отырып болса да, үй салуға мүмкіндік алмақ. Сондықтан да бұл – жалғыздың емес, талайдың үні.«Тікелей эфирде талқылауға дайынмын»
Бұл бастама туралы хабарланып, қоғамдық талқыға түскен сәттен-ақ үлкен резонансқа айналғаны белгілі. Өйткені ол тек зейнетақы жүйесіндегі ғана емес, мемлекетіміздің тарихындағы осындай алғашқы қадам болатын. Мемлекеттік қаржы институты саналатын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі оператор болып белгіленіп, Отбасы банкіне айналғаны да бұл бағыттағы қадамның нық екенін нақтылай түскен. Әйтсе де, «Алғашқы тандырдың ұн түйіршігі көп» болып шыққаны да содан болуы мүмкін. «Әуелгі болжам бойынша бұл бастама елімізде ипотекалық дүмпу туғызуы тиіс болатын. Бірақ бұл жоспар ақталмады. Қазір күніне 2 000-3 000 өтінім аралығында мәмілелер қарастырылып жатыр. Бастапқы қиындықтарға қарамастан, жұмыс табанды түрде жүруде. Әрине, алғашқы кезде қиын болатыны белгілі. Бірақ біз оған дайындықпен келдік. Кейбір жекелеген техникалық немесе оқыту бағытындағы мәселелер болмаса, жалпы алғанда жұмыстар қалыпты жүруде. Менің өзім барлық ақпарат көздері бойынша, соның ішінде жеке аккаунттарымда да кеңес беріп жатырмын. Тіпті, қандай да болмасын мәселені тікелей эфирде талқылауға дайынмын», – дейді Отбасы банк төрайымы Ләззат Ибрагимова. Осы уақытқа дейін оператор банкке БЖЗҚ-дан 80 000 өтінім келіп түскен екен. Оның 40%-ы ипотекалық несиені жабуға арналған. Оның 50 пайызы Отбасы банкінде болса, қалған жартысы – түрлі екінші деңгейлі банктерде жасалған мәмілелер. Ал ешқандай несиесіз, жинағында бар ақшаға тұрғын үй сатып алған салымшылар саны 20 000 өтінімді құраған. Қалған 40% салымшының ипотекалық несие рәсімдеуге қолы жетті. Олардың 7 пайызы Отбасы банкінде. Барлық процесс ешқандай қолма-қол ақшасыз, тек қана электронды түрде жүруде.Бенефициары белгісіз, немен тынары белгілі бастама
Жалпы, экономистер бұл бастама тиісті нәтиже бермегенін айтады. «Ниет түзу, амал қисық» демекші, түпкі ой әлеуметтік-халықтық болғанымен, нақты іс экономикалық-нарықтық жобаға айналып кеткен. «Бұл әу баста Президенттің идеясы болмаған болар. Оған осындай ұсыныс айтылды. Бұл әлеуметтік қадам болады деп ой қосқан болуы мүмкін. Адамдар өз ақшасына пәтер сатып алуға, емделуге, оқудың ақшасын төлеуге мүмкіндік алады деп айтқан шығар. Бірақ бүгін көзіміз көріп отырғандай, бұл бастаманың бенефициарлары болып қарапайым халық емес, бірінші кезекте құрылыс компаниялары және одан соң азды-кем ипотекаға қатысы бар банктер қалып отыр. Өйткені тұрғын үй бағасы қымбаттап кетті. Алматының өзінде соңғы екі жылда жылжымайтын мүлік бағасы 18-19%-ға қымбаттаса, желтоқсан айымен салыстырғанда қаңтар айында бұл көрсеткіш 2,8%-ды құрады. Бұл дегеніміз – бір айдағы өсім күрт артты деген сөз. Айналып келгенде, тағы да халық зардап шегіп жатыр», – дейді экономист Расул Рысмамбетов. Расул Ибрагимұлының айтуынша, бұл қадамға мемлекет халықтың кірісін арттыруға мүмкіндігі болмағандықтан барған болатын. Бірақ жүзеге асыру кезінде ақырғы бенефициары нақтыланбағандықтан және ұзақмерзімді экономикалық салдары болжанбаған соң бүгінгі ахуалға тап болып отырмыз. Еңбекақы 11%-ға өссе, жылжымайтын мүлік 18%-ға өсті. Ал негізгі мақсат керісінше болатын. Экономист Айдархан Құсайынов та осындай пікірде. «Менің ойымша, бұл қымбатшылық осылай сақталып қалады не болмаса кем дегенде бір жылға созылады. Жылжымайтын мүлік нарығында мәмілелер саны азайып кетуі мүмкін. Бірақ оның ойыншылары үшін баға диапазонының кеңігені қолайлырақ. Сондықтан да экономикаға сәл басы артық ақша құйылды, ал оның толқынынан баға тербелді. Болды. Бұлай болары әу бастан-ақ белгілі еді. Ең сорақысы, салымын ала алатын 720 мың салымшы жалпы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың 5%-ын құрайды. Бұл бес пайыздың жартысы баспана мәселесін әлдеқашан шешіп қойғандар деуге болады. Солар үшін жасалған жобадан енді мерзімінен бұрын жинағын пайдалана алмайтын қалған 95% салымшы да зардап шегіп отыр», – дейді ол. Расында да, кейбір экономистер әуелгі идеяның өзін-өзі ақтамағанын айтады. Тіпті, жылжымайтын мүлік нарығында бағаның көтеріліп кетуі оның жанама әсер бергенін көрсетеді. Сондықтан да мұндағы қателік идеяны ұсынушыда емес, оны орындаушыларда жатыр. Ешқандай да шектеу қойып, «табалдырық» тұрғызбай-ақ, бұл бастаманы бірреттік акция етіп қана өткізе қойған дұрыс еді дейді олар.Нұрлан ҚОСАЙ