Алматыдағы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан айырылды. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, өткен жылы министрліктің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті аталған оқу орнының білім беру қызметіне тексеру жүргізіп, талапқа сай келмейтін жайттарды анықтаған.
Тексеру барысында білім ордасында бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмегені белгілі болды. Сонымен қатар оқу орнындағы өзге де маңызды көрсеткіштер белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмейді. Негізі, анықталған кемшіліктерді жойып, қалыпты жұмыс істеуге уақыт берілді. Алайда оқу ордасы комитеттің нұсқамаларын орындамай, заңды өрескел бұзып, жұмысын жалғастырған. «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігі комитеті де қарады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес, аталмыш университет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды», – дейді БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова. Университеттің жұмысын бастағанына небәрі 6 жыл болған. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында құрылған. Ведомство мәліметіне сүйенсек, бүгінде аталған оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды. Көпшілікті студенттер жайы алаңдатып отыр. Олардың алдағы ахуалы не болмақ? «ҚазМҮББУ-да оқыған студенттердің гранттары сақталады және олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр», – деп атап өтті Г.Көбенова. Жоғары оқу орнын басты лицензиядан айыру туралы сот шешімі 10 жұмыс күнінен кейін заңды күшіне енеді және жоғары оқу орны білім беру қызметін тоқтатуға міндетті болады. Өткен жылы Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті 25 жоғары оқу орнының кадрларды даярлау бағыттары бойынша лицензияларға 60 қосымшасын қайтарып алған болатын. Олардың басым бөлігі комитеттің тексерісінен кейін қайтарылды. Өкініштісі, олардың қатарында ұзақ жылдық тарихы бар, еліміз үшін білікті мамандар даярлаған іргелі оқу орындары да бар.