Биыл Қазақстан Премьер-лигасы үлкен өзгеріспен басталмақ. Ең басты жаңалық командалар санының артуы болды. Ел чемпионатына 14 команданың қатысқаны ұтымды, оңды шешімнің бірі саналып отыр. Өйткені елімізде 14 облыс, 3 ірі қала бар.
Егер чемпионатты 12 команда ғана бақ сынаса, елдегі 17 әкімшілік орталықтың бесеуі үлкен футболсыз қалады. Премьер-лигада облыс атынан бақ сынайтын команданың болуы, сол өңірдегі футболдың дамуына оң әсер етеді. Демек, жоғары дивизионда әр облыстың командасы болғаны жөн. Бірақ командалардың санын 16-ға көбейту қиындау. Сол үшін ең дұрысы осы – 14 командамен біріншілікті бастау. Неге дейсіз ғой? Чемпионатта 14 команда бақ сынаса, ұлттық құрамаға таңдау да артады. Былтыр ұлттық құрама бапкерлері 30-40 ойыншының арасынан таңдау жасады. Ал биыл сол сан кем дегенде 10 ойыншыға арта түспек. Бұл бірінші кезекте бапкерлік штабқа да тиімді болды. Жергілікті ойыншылар арасында да бәсекелестік арта түседі. Қалай болғанда да, пайдалы жағы басым екені белгілі. Екінші үлкен өзгеріс қаржының қысқаруы болды. Қазақ футболы өте мол мемлекеттік бюджеттің арқасында ғана күн көріп келеді. Футбол ғана емес, жалпы ел спорты бюджетке тәуелді деуге негіз бар. Енді сол қаржы сәл қысқарғалы отыр. Мұның клубтарға қаншалықты әсер ететіні алдағы бір жылда көрінеді. Бірақ қаржы тым азаймайды деп ойлаймыз. Өйткені командаларымыз жылдағыдай Түркияда жаттығу өткізіп жүр. Трансферлер де аз болып жатқан жоқ, шетелдік ойыншыларды алып жатыр. Осыдан-ақ клубтардың бюджеті жаңа маусымға жетерлік екенін болжауға болады. Жергілікті жанкүйерлер үшін ішкі біріншіліктегі командалардың бұл маусымда қалай өнер көрсететіні қызық. Ал ең негізгісі, еурокубоктық ойындардың топтық кезеңіне жолдама алу екені айтпаса да түсінікті. Өйткені кейінгі 6-7 жылдықта отандық клубтарымыз топтық кезеңде ойнап, ел мерейін асқақтатып жүрді. Бұл ретте «Шахтер» мен «Астананың» жетістіктері арқылы Қазақстан біріншілігінің деңгейі біршама көтерілді. Бүгінде біраз жанкүйер «Астананың» алтын дәуірі аяқтала ма деп алаңдаушылық білдірсе, енді бірі «Қайраттың» қайрат көрсетіп жүргеніне, 16 жылдан кейін ел біріншілігін қайта жеңіп алып, көш бастағанына қуанып жүр. Өткен жылы чемпиондығынан айырылған «Астананы» осы жылы топ бастайды дегенге сенетіндер аз. Ал «Қайрат» командасы ішкі біріншілік пен Чемпиондар лигасына дайындықты әлдеқашан бастап кетті. Жақында ғана бір негізгі ойыншысы, польшалық Яцек Гуральский жарақат алып, қатардан шығып қалды. Енді клуб басшылығы оның орнын басатын тәжірибелі ойыншы іздеуі мүмкін. Болмаса өзіміздің Айбол Әбікенге сенім артады. Қалай дегенмен де, былтырғы чемпиондар құрамын тағы да күшейткен абзал. Әйтпесе, Чемпиондар лигасында чемпиондармен, үздік еуропалық клубтармен терезесі тең ойын көрсету қиын...