Алматыдан Талғарға электр пойызы қатынауы мүмкін
Алматыдан Талғарға электр пойызы қатынауы мүмкін
315
оқылды
«Қаланың экологиялық жағдайы – Алматы әкімдігінің жұмысындағы маңызды мәселелердің бірі. Бұл үлкен кешенді жұмыс, экологиялық проблемаларды шешуге барлық жағынан қарау керек. Ең бастысы – ЖЭО-2-ні газға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Өткен жылы бұл мәселе шешілді. Газға көшірудің әртүрлі схемалары болды. Биыл «Самұрықэнерго» жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауда. 2022 жылдан бастап әрбір алты ай сайын екі қазандықтан жаңғырту жүргізіледі. 2025 жылдың соңына қарай барлық сегіз қазандық агрегатын газға көшіруді аяқтау жоспарлануда. Қаржыландырудың тиісті схемасы мен газ жеткізу көлемін Үкімет шешіп үлгерді. Энергетика министрлігі «Самұрықэнергомен» бірге бұл мәселемен айналысып жатыр. Қала тұрғындарына бастаманы қолдағаны және бұл мәселені үнемі қадағалап отырғандары үшін алғысымызды білдіреміз», – деді әкім. Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ көліктен бөлінетін қалдықтар  мәселесі шешіліп жатқанын айтты.

«Бізде 500 мыңнан астам көлік тіркелген және күн сайын қалаға 250 мыңнан астам көлік кіреді. Біз пандемия кезінде ауа тазарғанын көрдік. Қапшағай, Талғар, Қаскелең тарапынан кептеліс болмауы үшін қала бойынша жолайрықтар салып жатырмыз. Индустрия министрлігімен жолдарды кеңейту мәселесін пысықтаудамыз. Біз қала маңынан электр пойыздарын іске қосуды ұсындық. Қазіргі уақытта жеке қаражат есебінен Талғар бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Дәл осындай жұмысты біз Қаскелең жағына қарай да жүргізіп жатырмыз», – дейді Бақытжан Сағынтаев.

Қаланың экологиясын жақсарту үшін 2019 жылы «Жасыл Алматы» бағдарламасы қабылданды. Оның аясында үш жыл ішінде 1 миллион ағаш отырғызу жоспарлануда.

«Бағдарламаны жариялаған кезде көбі бұл мәселеге күмәнмен қарады. Өткен жылы 300 мыңға жуық ағаш отырғыздық және бұл жұмысты жалғастырамыз. Жасыл экономика басқармасының сайты арқылы қаламызда қанша ағаш бар екенін көруге болады. Экология әрқашан ерекше бақылауда», – деді әкім.