Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Бақытгүл Хаменова және Бейбіт Мамыраев пен Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы аудандарды аралап, тұрғындармен жүздесті. Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асырудағы басым бағыттар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Іссапар аясында Мәжіліс пен Сенат депутаттары өндірістік және әлеуметтік нысандарға барып, кәсіпорындардың, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің еңбек ұжымдарымен жүздесті.
Халық қалаулыларының жергілікті аудан тұрғындарымен кездесуі Махамбет ауданы Ақжайық ауылдық округінде жалғасын тапты. Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Елбасы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Үкімет алдына қойған тапсырмалары және Парламент Мәжілісі мен Сенатының заңнамалық жұмыстары туралы хабардар етті. Депутаттар әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне, атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа форматына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге және жаңа жылдан бастап қолданысқа енгізілген заңдар мен «Педагог мәртебесі туралы» заңның басым бағыттарына баса назар аударды. Әңгіме барысында ардагерлер туралы заң да қалыс қалмады.
Жиында Бақтықожа Салахатдинұлы ауылдық округтерді төртінші дәрежелі бюджетпен қамтамасыз ету мәселесі енді 1 300-ден асқан тұрғыны бар ауыл үшін де шешіліп, халық саны аз ауылдардың өз бюджеті арқылы ауылды өркендетуге қол жеткізуге мүмкіндік туғанын айтып қуантты. Ол сондай-ақ тұрғындарды Атырау облысының егін шаруашылығына, мал шаруашылығына баса мән беріп, осы салада еңбек етуге шақырды. Жеке шаруашылықтарды ашуға ниетті және осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарға Мемлекет басшысының микро және шағын бизнес субъектілерін 3 жылға табыс салығынан босатуы жеке кәсіп ашып, елдің экономикасын көтеру арқылы халықтың әлеуметін көтеруге жол ашатынын түсіндірді.
Тұрғындармен жүздесуде сонымен қатар Исатай мен Махамбет ауданында жерді мыңдаған гектарлап алып, оны жеке тұлғаларға оңды-солды сатқан тұрғындардың жауапсыздығы тереңнен талдап айтылды. Депутаттар ауыл арасында отбасының кірісін толтырып отырған төрт түлік малдың ұрылар қолында кетуі жиілеп кетті. Ал заң бойынша оларға беретін жаза бұған дейін жеңілдеу болып келсе, енді жаңа заң мал ұрлаушыны да, ұрланған малды тасымалдаушыны да аямайтынын айтты. Яғни, жаңа заң бойынша топ болып мал ұрлағандар мен оны тасымалдаушы болғандар 5-12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын және дүние-мүлкі тәркіленетінін хабарлады.
Тұрғындармен ашық әңгіме кезінде Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда Үкімет көптеген іс-шараларды жүзеге асырғанын және ол жобалардың Атырау өңірінде тиянақты жүзеге асқаны туралы айтты. Ғ.Дүйсебаев Жайық жағалауын бекіту, өзен суын молайту, кәріз сору стансаларының құрылыстары туралы мәселелердің шешілу жолдарының қандай деңгейде тұрғанын қоса хабарлады. Кездесуде Атырау облысындағы мектептердің үшауысымды мәселесін шешу жолдары да айтылды.
Ауыл тұрғындарымен басқосу аясында Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова көшпелі қабылдауда жекелеген азаматтарды қабылдап, ауыл тұрғындарының атынан мәселе айта келген ауыл ақсақалдары өтініштерін тыңдап, оларға жауап берді. Сайып келгенде, халық өздерін толғандырған өзекті мәселелер Үкімет тарапынан зерделеніп, толықтай шешіледі деген ойда.