Швейцарияның Лозанна қаласында ІІІ қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы басталды. Malley мұз сарайында ашылу салтанаты өтті.
Екі апта бойы әлемнің 79 Ұлттық олимпиада комитетінен келген 1872 спортшы жарысқа қатысады. 15-18 жас аралығындағы спортшылар шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, альпинизм, биатлон, шайбалы хоккей, шанамен сырғанау, бобслей, скелетон, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру және керлинг сынды 16 спорт түрінен бақ сынайды.
Олимпиаданың ашылу салтанатында тарихи қойылымдар, би, шоу бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылды. Мұз сарайына жиналған 8000 көрермен жетіғасырлық тарихты қамтыған қойылымды қызыға тамашалады.
Салтанатты жиында Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Лозанна 100 жылдан бері Олимпиаданың отанына айналды. Ұйымдастыру комитетінің жоғары деңгейдегі жұмысы Олимпиада астанасында өз үйімізде жүргендей сезінуге мүмкіндік сыйлады. Сіздер олимпиаданың нағыз жүрегінде жүрсіздер. Жасөспірімдер олимпиадасы сіздер үшін өте ерекше болмақ. Жарыс құндылықтарымен етене жақын таныстырады. Құндылықтарды құрметтейді, насихаттайды. Кіл мықтыны мойындауға, бағы мен бабы қатар келіскен чемпиондардың жеңісін тамашалайсыздар. Сондықтан мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, спорт тарихындағы жаңа есімдерді танитын боламыз. Бес құрлықтың баласы бас қосқан додада қай спортшының бағы жанатынын жарыс анықтайды, – деді Томас Бах.
Олимпиадаға Қазақстан ұлттық құрамасы да қатысып жатыр. Қазақстан атынан Лозаннаға
26 спортшы аттанды. Қазақ елінің көк байрағын шаңғышы Владислав Шлемов ұстап шықты. Жас спортшы мемлекеттік Туды көтеріп шығу мәртебе екенін айтты.
– Еліміздің көк Туын көтеріп шығу – мен үшін зор мәртебе. Мақтаныш сезімі кернеп тұр. Екінші жағынан мойнымда жауапкершілік бар. Жарыс алдында қобалжып тұрмын. Қазақстанның байрағын тұңғыш рет көтеріп шықтым. Жарысқа тыңғылықты дайындаламыз. Қазақстанға жүлдемен ораламыз деген үкілі үмітім бар, – дейді Владислав Шлемов.
Айта кетейік, Лозаннадағы олимпиада ойындарына биыл қатысушылар бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. 2012 жылы алғаш Инсбуркте өткен Олимпиадада 1059 спортшы бақ сынаса, 2016 жылы Лиллехаммерге 1100 спортшы қатысқан еді.
Қатысушылар санының көптігіне байланысты спортшылар олимпиадалық қалашыққа әртүрлі уақытта орналастырылады. 9-15 қаңтар аралығында сынға түсетін атлеттер бірінші қалашыққа жайғасады. Спортшылардың екінші дүрмегі 16-22 қаңтар аралығында спорт жарыстарына қатысып, Олимпиаданың жабылу салтанатын тамашалайды.
Биылғы додаға ең көп спортшы апаратын ел – Швейцария, яғни 112 спортшы қатысады. Содан кейін Ресей – 107, АҚШ-тың намысын 96 спортшы қорғайды.
Майра БАҚЫТ