Ақтау қаласының іргесінде, әуежайға барар тасжолдың бойында орналасқан радиоактивті қалдықтар төгілген «Қошқар ата» улы көлі 55 жылдан бері өңірдің экологиялық дертіне айналып келеді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары облыста уран өндірісі өркендеген тұста оны өңдеуден қалған шайынды қалдықтарды төгетін ыңғайлы жер іздегендер үшін ең жақын деген ойпат осы болыпты. Бірақ 1965 жылы бұл маңай кейін 400 мың тұрғыны бар үлкен елді мекенге айналады деп ешкім ойламаса керек. Содан тәуелсіздік алған уақытта өндіріс тұралап қалды да, экологиялық апат бой көрсетті. Улы көлдің жиегі кеуіп, айналаға радионуклейдтер мен ауыр металдар ұша бастады. Экологтердің дабыл қаққаны да осы кезең еді. Мемлекет бұл мәселені 2003 жылдан бастап шындап қолға алды. Бірақ рекультивация жұмыстары биылға дейін кейінге ысырылып келген болатын.
Сан жылдар күткен сүйінші жаңалық
Маңғыстау өңірі, соның ішінде ақ маржан қала – Ақтау мен оған іргелес жатқан Мұнайлы ауданындағы елді мекендердің тұрғындары мен қонақтары үшін «экологиялық бомбаға» айналған «Қошқар ата» улы көлін рекультивациялауды былтыр-ақ бастап кетудің мүмкіндігі болған екен. Бірақ жеңімпаз компанияның бәсекелестері сотқа бергендіктен, 2020 жылдың 13 наурызында жасалған келісімшарт алғашқы инстансалардың бірінде күшін жойып, тек биыл Жоғарғы Сотта кассациялық жолмен қалпына келтіріліпті. Сонымен, алдағы наурыз айында рекультивация жұмыстарының бірінші кезеңі басталғалы тұр. «Қошқар ата» қалдықтар қоймасы жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан экологиялық мәселе еді. Бұл мәселе әкім ретінде ғана емес, осы өңірдің перзенті ретінде де мені қатты толғандыратын. Тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірген қойманың мәселесін шешу үшін Үкіметке бірнеше рет ұсыныс білдірдім. Арнайы жасақталған жобамыз Үкіметтен қолдау тапты. Биыл наурыз айынан залалсыздандыру жұмыстары басталады деп жоспарлап отырмыз. Маңғыстаулықтар үшін аса маңызды түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға қолдау білдірген Үкімет басшысына аймақ жұртшылығы атынан алғысымызды жеткізгім келеді», – дейді облыс әкімі Серікбай Трұмов. Алғашқы кезеңде «Қошқар ата» қалдықтар қоймасының 4 279 гектар болатын аумағы 30 сантиметрлік топырақ қабатымен жабылмақ. Оны орындайтын жеңімпаз мекеме «Павлодар өзен порты» АҚ жер қыртысының беткі қабатын қырып алып, 16 шақырым жердегі карьерден қиыршық тасты топырақ тасып, осынша аумаққа жайып, жаншитын болады. Рекультивация жұмыстары 15,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс. Қаражат республикалық бюджеттен үшжылдық траншпен аударылатын болады.Қыста ішуге, жазда түсуге жарамсыз көл
Ең қауіптісі, «Қошқар ата» қалдық қоймасы Каспий теңізінен 7-8 шақырым және Ақтаудан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал оны «көл» дейтін себебі кезінде үш зауытың шайынды суы төгілген аумақтан зиянды элементтер ұшпасын деп бетін сумен жауып ұстағанында. Ол кәсіпорындар Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатына қарайтын Химия гидро-металлургия (ХГМЗ), Күкірт қышқылы (СКЗ) және Пластмасса (ЗПМ) зауыты. Осы үш зауыттан 30 жылдың ішінде мұнда 105 млн тоннадан астам қалдық жиналған. Оның ішінде жиынтық белсендігі 11,2 мың Кюри құрайтын 51,8 млн тонна әлсіз радиоактивтік қалдықтар бар. Тасжолмен әрлі-берлі өткен адамға үлкен аумақта су айдыны жарқырап көрініп жатады. Көлдің жалпы аумағы 72 шаршы километр, соның ішінде зиянды қалдықтар 66 шаршы километрде орналасқан. «Ойпаттың оңтүстік бөлігінде арнаулы жоба жасақталмастан, 1994 жылға дейін Химиялық гидро-металлургиялық зауыттың қатты радиоактивті қалдықтары көміліп келген. Ал Күкірт қышқылы зауытының өндірістік қалдықтары оңтүстік-шығыс бөлігінде, оның санитарлық аймақ шекарасынан тыс жерде жатыр. Қазір қалдық қоймасының ортасындағы және оның айналасындағы экологиялық жағдай нашар. Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданы халқының табиғи ортасы «экологиялық қысымда» екені күмәнсіз. Қазір бұл аймақта шамамен 372 мың адам тұрады», – дейді Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Есенқос Әділбаев. Бұл мәселеге мемлекет 2003 жылы назар аударған болатын. Содан бері «Қошқар ата» улы көлінің экологиялық проблемасын көтеріп жүрген бір адам болса, ол Орынбасар Тоғжанов еді. Сол жылы ол жоғарыда аталған басқармада қызмет еткенінде көл айдынының кеуіп бара жатқанын, ал құрғаған жерлерден ұшатын зиянды қалдықтар сол жердегі тұрғындар үшін өте қауіпті екенін айтып, дабыл қақты. Су жіберілмей қалғандықтан, және табиғи буланудың әсерінен қоймадағы сұйық фазаның көлемі жылдан-жылға азайып, көлдің жағасы жалаңаштана түскен еді. Мәселен, қоймадағы судың көлемі 1992 жылы 72 шаршы шақырымды құраса, 2000 жылы 22 шаршы шақырымға дейін төмендеген. Осы дабылдан соң көлге қаладан шыққан кәріз-тазалау жүйесінің сүзілген суы жіберілетін болды. Одан кейін зерттеу жұмыстары қолға алынған екен. «Қошқар ата» қалдық қоймасының радиоактивті және уытты қалдықтарының шаңдану дәрежесін бағалау үшін 2003-2007 жылдар аралығында Ұлттық ядролық орталығының еншілес «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК, 2006 жылы «Экосервис» ЖШС, 2007 жылы «Волковгеология» АҚ ұйымдары ғылыми-зерттеу және мониторинг жұмыстарын өткізді. Одан кейін қалдық қоймасын ішінара залалсыздандыру жұмыстары басталды. 2007-2009 жылдары «Уранликвидрудник» РМК мамандандырылған ұйымы республикалық бюджет есебінен 394,26 млн теңгеге «Қошқар ата» қалдық қоймасының екі радиациялық қауіпті учаскелерін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Жалпы ауданы 65 гектар болатын радиация деңгейі жоғары бірнеше учаске жойылды, қалдық қойманың оңтүстік жағалауындағы екі траншеядағы радиоактивті қалдықтар оқшауланды және қалдық қойманың өзіндегі ең белсенді үш дақ жабылды. Соның нәтижесінде осы учаскелердегі экспозициялық дозаның қуаты сағатына 18-20 мкР-ге дейін төмендеді, яғни фондық деңгейіне (сағатына 12-14 мкР) жақындады. Бұл радиологиялық жағдайдың қандай да бір дәрежеде жақсаруына ықпал етті», – дейді экологиялық сарапшы Орынбасар Әбдіұлы.ДНҚ мен хромосомада ауытқушылық анықталды
Ал 2010-2011 жылдары жұмыстарын жалғастырған «Волковгеология» АҚ өз есебінен IV учаскенің ластанған топырақтарын алып, оны ішкерірек апарып көмуді ұсынған. Осылайша, «Қошқар ата» қалдық қоймасының оңтүстік құрғаған бөлігі 30-35 см инертті топырақ қабатымен жабылып, сол маңайға жасыл желек отырғызылған. Одан соң улы көлдің жан-жануарлар мен адамдарға әсері тексеріле бастады. «2014 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары 2 бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ол жақын аумақтағы экожүйеге және тұрғындардың денсаулығына экологиялық-генетикалық әсерін бағалау жөніндегі жұмыстар еді. Зерттеу нәтижелері санитарлық аймақ ішінде өмір сүретін кеміргіштердің дезоксирибонуклеиндік қышқылы мен хромосомдарында ауытқушылықтар бар екенін анықтады. Сондай-ақ қоршаған ортаның қолайсыз факторларының әсеріне және генетикалық (тұқымдық) ауруларға минорлы генотиптерді тасушылар ұшырауы мүмкін екені де айтылды. Бұл экологиялық проблеманың өте өзекті екенін нақтылай түсті», – дейді Орынбасар Тоғжанов. Осылайша, экологиялық нысан республикалық меншікке берілетін болып шешім қабылданады. Оған дейін Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты 2012 жылы 22 мамырда «Қошқар ата» радиоактивті қалдықтар қоймасының иелері әлдеқашан банкрот болып, жойылып кеткендіктен, оны иесіз қауіпті қалдықтар деп таныған болатын. Енді 2015 жылы 13 ақпанда осы соттың шешімімен ол республикалық меншікке берілді. Сол кезеңнен бері оған Энергетика министрлігінің «Жасыл даму» АҚ иелік етіп келеді. Осы республикалық меншікке бергеннің арқасында мұндағы залалсыздандыру жұмыстары экологиялық жағынан да, бюджет бөлу жағынан да кең көлемде қарастырыла бастады. Сонда да болса, келесі айда басталатын рекультивация мәселесі 2017 және 2019 жылдары қолға алынатын болып, екі рет кейінге шегерілген болатын.Жағымсыз иіс, белгісіз әсер
Улы көлдің қоршаған ортаға, соның ішінде адамдардың денсаулығына зияны барын жасырмай айту керек. Бұл мәселе мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін мойындалмай келді. Әйтсе де, «Қошқар атадан» бөлек, бұрынғы ХГМЗ-ның бір кластері әлі де бар. Ол – тыңайтқыш шығаратын «ҚазАзот» мекемесі. Одан мезгіл-мезгіл ауаға жағымсыз иісі бар, белгісіз қалдықтар шығарылатынын жоққа шығаруға болмайды. Улы көл мен осы улы түтінді мекеменің ортасында Басқұдық, Атамекен, Қаламқас, Маңғыстау 4,5 сынды бірнеше елді мекен орналасқан. «Кей күндері жаңбыр басталар кезде, әлде баяу жел ескенде бір жағымсыз иіс қолқаны қауып, адамның басын ауыртады. Белгісіз бір әсерге түсесің. Ол иісті тек біз емес, Ақтау қаласында тұратындар да сезетінін айтады. Онсыз да табиғаты қолайсыз, ыстық жерден мұндай өндірісті алып тастағандары дұрыс болар еді. Оны біз жұтып жатырмыз. Ақтау мен оның маңында ауру боп туылған балалар көбейіп кетті. Екінің бірінің денсаулығында кінәрат бар. Осының бәрі осы экологияның әсері. Сондықтан Ақтау қаласы мен оның іргесіне экологиялық статус беру керек деп санаймын», – Басқұдық қаласының тұрғыны Нұрияш Сәрсенғалиқызы. Оның үстіне, кезінде улы көл жақтан жер беріп, адамдар жаппай үй салып алыпты. Олар да уланбай отыр деп айту қиын. Ал ең қатерлісі, «Қошқар атаның» айналасында мал жайып, оның еті мен сүтін сатқандар да болыпты. «Өкінішке қарай, тұрғындар арасында Қошқар ата көлінің зиянын көре тұра малын жайып жүретіндер бар. Алайда ол жердің шөбі тереңнен зиянды элементтерді өзіне сіңіріп алады. Малдың еті мен сүті арқылы біздің дастарқанымызға келе- ді» – дейді эколог Кирилл Осин. Бәрін айт та, бірін айт, еліміз қанша кең-байтақ болса да, әр өңірдің өзіне тән экологиялық проблемасы табылады. Оның көбі – Кеңес кезінен қалған мұра. Соның бірі – «Қошқар ата» улы көлі. Бұл шындығын айтқанда, туристік потенциалын паш етпекке қамданып жатқан Маңғыстау облысы үшін, түптеп келгенде еліміз үшін де әлем алдында бетке салық, туризмге кедергі. Ал бәрінен бұрын халыққа обал. Сондықтан да осы екі мәселенің егіз екенін ескеріп, туризм саласын Экология министрлігіне берген де дұрыс-ау. Сонда ғана «қонақтан» ұялған шенеуніктер экология мәселесіне мұқият болар ма еді?..Нұрлан ОРАЗҒАЛИ