Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан қағылды. Ал бас лицензиядан айыру туралы сот шешімі 10 жұмыс күнінен кейін заңды күшіне енеді. Демек, жоғары оқу орны жұмысын тоқтатуға міндетті. Университетте оқитын 3,5 мың студент пен 500 шақты оқытушының халі не болмақ? Ертең дәрігер тапшылығы өршімей ме?
Заңнаманы өрескел бұзған
Сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының лицензиядан айырылатынына көз үйренді. Бірақ пандемия тұсында 58 жыл тарихы бар медициналық университеттің жабылатынына аңтарылып қалдық. БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті оқу орнының білім беру үдерісін толық тексерістен өткізген. Нәтижесінде, университеттегі бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген. Сондықтан оқу орны жұмысын тоқтатады. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ә дегеннен оқу орнын бас лицензиядан айырмайтыны белгілі. Осыған дейін Гүлзат Көбенова айтқандай, алдымен университетке ескерту жасап, қатені түзеуге мүмкіндік береді. Байқауымызша, ҚазМУББУ қатеден сабақ алуды кейінге қалдырған. Өйткені комитет 2020 жылы шілде айындағы тексеріс кезінде оқу орнына лицензияның күші тоқтағанын, белгілі уақыт аралығында кем-кетікті жоюға боларын ескерткен. Алайда қайта тексеріс жүргізгенде университеттің комитет нұсқауларын ескермей, заңнаманы өрескел бұзып, жұмысын жалғастырғаны анықталды. Комитет төрайымы Гүлзат Көбенованың айтуынша, болашақ дәрігерлерге сапалы білім берген жөн. Сондықтан комитет пен сот тыңғылықты жұмыс жүргізген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оқу орнына айыппұл салынғаны тағы бар. Ал ҚазМҮББУ-да оқитын студенттердің жағдайына келсек, олардың гранты сақталады. Басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Ақылы бөлімде оқитындарға да алаңдаудың жөні жоқ. Өзге университетке ауысса да, оқу құны өзгермейді. Осы тұста елімізде медицина мамандарын даярлайтын 14 жоғары оқу орны бары, оның бесеуі Алматы қаласында орналасқаны еске түседі. Демек, бұдан бұрын белгілі болғандай, студенттер қалаған оқу орнына ауыса алады. Әрине, келіссөз үшін министрлік біраз тер төгуі қажет. Оқытушылар үшін де жаңа жұмысқа орналасу мәселесін шешкен дұрыс.Оқудан шығып қалғандар оқитын оқу орны ма?
Иә, университеттің жабылуы көпшілікті әуре-сарсаңға салған сияқты. Оқу орнының «Біз министрлік шешімімен келіспейміз» деген қарсы жауабы да сайт бетінде ұзақ тұрмады. Жауапты орган шешіміне келісті ме, әлде басқа мәселе себеп болды ма, мәлімет көзден ғайып болды. БАҚ-та тараған жазбада университет заңгері Зәуре Ержанова министрлікпен келіспейтін тұстарын тізген екен. Оның айтуынша, комитет 2020 жылы қараша айындағы тексеріс жайында алдын ала хабар бермеген. Бұл Кәсіпкерлік кодекстің 147-бабы 1-бөлігіне қайшы. Кодекске сәйкес, бақылау және қадағалау органы тексеріс алдында кем дегенде 1 күн бұрын келетіндерін хабарлауы керек. Сол себепті оқу орны БҒМ-мен келіспейді. Комитет кінә таққан материалдық-техникалық база мен оқытушылар құрамына келсек, ҚазМҮББУ-да 500-ден астам оқытушы бар. Оның ішінде 5 академик, 49 профессор, 284 доктор мен медицина ғылымдарының кандидаты жұмыс істейді. Сондай-ақ унверситет басшылығы індет өршіген тұста оқытушылардың ақ халатты абзал жандармен қоса алғы шепте жүргенін айтады. Ал студенттер болса, оқу орнына тексеріс келіп, жағдайдың ушыққанын жазда естігендерін жасырған жоқ. Бірақ оқытушылар студенттерді ҚазМҮББУ-дің жабылмайтынына, жағдайдың қалыпқа келетініне сендірген. Енді олар оқу жылын ойдағыдай аяқтауды мақсат тұтады. «Жаңалық бәрімізге оңай тимеді. Өз басым оқуды Алматыда жалғастырғым келеді. Маңыздысы – оқу. Гранттан айырылмай, қалаған мамандығымда алаңсыз оқысам деймін. Басында университетіміздің жабылатынына сенбедік. Кейіннен заңгер мен басшылықтың алаңдауына қарап абдырап қалдық. Басшылықтың жұмысы кімге жақпай қалды екен?» – дейді ҚазМҮББУ студенті Әнелім Серікқызы. Кілтипан басшылықтың әлдекімге жақпай қалғанында ма, әлде оқу орны сапалы білім бермей ме? Мұндай сұрақтың тууына ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожиннің мәлімдемесі түрткі болды. Оның айтуынша, С.Асфендияров атындағы университет 2018-2019 жылы 300 студентті оқу үлгерімі бойынша оқудан шығарған. Ал оқудан шыққан студенттер ҚазМҮББУ-ден «пана» тапқан. «Сонда қандай білім сапасы жайында сөз қозғауға болады? Бұл ұлттың келешегіне қауіп төндіреді емес пе? Өйткені олар болашақта біз бен сізді, немерелерімізді емдейді. Ал ҚазҰМУ мен Қарағанды медициналық университетіннен үлгерімі үшін оқудан шыққан студенттер ҚазМҮББУ-де оқуын жалғастырады. Расымен, оқу орны студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасамады. Сондықтан министрліктің шешімін құптаймын», – дейді ол.Кереғар пікір бар
Білім және ғылым министрлігінің шешімімен біреу келіссе, екіншісі датын айтып жатыр. Талғат Нұрғожин жағдайды құптағанымен, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы ресми өкілі Бағдат Қожахметов шешіммен келіспейді. Оның айтуынша, соғыс кезінде қару шығаратын зауытты жаппаса керек-ті. Ол сот арқылы әділдікке жетуге боларын да ашық жазған. Бастысы, адамзат баласы дәрігерге зәру болып, індетпен күресу үшін барын салып жатқанда, медициналық университеттерді жабу қауіпті екенін атап өткен. Айтса айтқандай, білікті дәрігерге кез келген аймақ зәру. Бұған індетпен бетпе-бет келмей-ақ көзіміз жеткен. Алайда пандемия ырыққа бағынбаған сәтте маман тапшы екені бірден білінді. Әсіресе, кей облыста санитар, медбике мен жедел-жәрдем қызметкерінің өзін табу мұң болды. Дем жетпей, ине егер адам таппай дал болған тұрғындар ішінен «балам өссе дәрігер болады» деді, білемін. Иә, өткен жылғы дерек бойынша, елімізде 4 122 дәрігер тапшы. Оған қоса 8 583 орта медицина қызметкері жетіспейді. Атап айтқанда, өңір-өңірге анестезиолог-реаниматолог, терапевт, дәрігер-зертханашылар және тағы басқалары керек. Әсіресе, Қостанай облысына медицина мамандығын бітірген түлектердің ат басын бұрғаны жөн. Осы тұста Қазақстан студенттер Альянсының президенті Ілияс Түстікбаев студенттер мен мектеп түлектерін жоғары оқу орнын таңдауда мұқият болуға шақырды. Университеттің білім сапасына, рейтингі мен жұмыс берушілермен келісімшартына назар аударған жөн екен. Ал жоғарыдағы университеттің жайына келсек, комитет ҚазМҮББУ студенттерін басқа оқу орындарына ауыстыру мәселесіне бел шеше кірісіп кетті.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ