Бүгінде мал баққандікі емес, барымташынікі болып тұрғаны жасырын емес. Оған дәлел, Жамбыл облысында 2019 жылы 254 мал ұрлығы тіркелсе, былтыр 191 қылмыс болыпты. Бұл – аз сан емес. Тәртіп сақшылары аталған қылмыстардың дені ашылып жатқанын айтқанымен, айдың-күннің аманында алдындағы он шақты тұяғынан айырылып жатқандардың саны азаяр емес. Жуалы ауданының Қарабастау ауылы маңындағы Қызылшатыр мал жайылымын қоныс еткен бір топ шаруа ұры өрістегі малды ғана емес, қорадағы жылқыны да айдап кетіп жатқанын айтып дабыл қағуда.
Шаруалар жанайқайына құлақ түрер кім бар?
Жалпы, Қызылшатыр мал жайылымы төрт түлік үшін қолайлы мекен. Сондай-ақ бұл аймақ барымташыларға да «бал татыған» өлке болып тұр. Алайда шаруалар ұры алыстан келмейтініне сенімді. Олардың сөзіне сүйенсек, барымташыларды біреу қорғаштап жүрген көрінеді. Себебі мал ұрлығы ашылмайды, ұры да ұсталмайды. Соның салдарынан біреу малшысына, біреу көршісіне күдікпен қарап жүр. – 2019 жылы барымташылар есігімнің алдынан екі жылқымды ұрлап кетті. Полицияға арыз жазып, қанша іздесек те таппадық. Енді биыл 5 ақпан күні ұры қорама түсіп, айғырымды мініп кетіп отыр. Учаскелік полицейге хабар бергенімізбен, ол ертесіне келіп, қылмыстың ізі суып қалды. Бұл жөнінде аудандық полиция бөліміне де, прокуратураға да шағым түсірдім. Алайда одан еш нәтиже шыққан жоқ. Бұрнағы жылы жоғалған екі жылқымды қоса есептегенде 2 млн теңге шығынға батып отырмын, – дейді ашынған шаруа Дастан Алмереков. «Айман» шаруа қожалығының мүшесі Сапарғали Нұрзуллаұлы болса, ұры қатар тұрған үш шаруашылықты айналшықтап шықпайтынын айтады. – Қызылшатыр мал жайылымында 6 шаруа қожалығы орналасқан. Екі қожалық қой өсірумен айналысса, төртеуі жылқы бағады. Міне, осы шаруашылықтардың ішінде қатар тұрған үш қожалыққа ұрылар үйір болып алды. Ұрлықтарын ұмыттырып барып, үшеуіміздің малымызды кезек-кезек айдап кетеді. Бүгінге дейін барымташылар үш шаруашылықтың 40-қа жуық жылқысын қолды қылды. 2019 жылдың өзінде менің 5 жылқым ұрланды. Полиция бөліміне хабар бергенімізбен, олар малды таппайды. Содан үмітіміз үзіледі, – дейді полиция қызметкерлерінің жұмысына өкпелі шаруа. Барымташылар әбден қорлық көрген қожалықтың бірі – «Данияр» шаруашылығы. Қожалық төрағасы Малдыбай Үмбетбайұлының айтуынша, өткен жылдың 29 мамырында барымташылар оның үйінің алдынан 31 бас жылқысын бірдей айдап алып кетіпті. – Мал ұрланған бойда полицияға хабар бергенімізбен, мұнымыздан түк шықпады. Ертесіне Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылы маңындағы жол бойында жылқыларды «КамАЗ» жүк көлігі қағып кетіпті деген хабар келді. Дереу жетсем, 5 бием мен 2 құлыным сол жерде өлі жатыр. Тағы алтауы тірі болғанымен, қалған 13 жылқы ұшты-күйлі жоқ. Бұл қылмысты құқық қорғау органдары тексеріп жатқанына күмәнім бар. Себебі айдап алып бара жатқан жылқыларды жол бойында көлік қаққаннан кейін соның ізі бойынша барымташыларды табуға болар еді ғой. Ал біздің полицейлер бейқам жүр. Орта есеппен ұрланған малымның құны 10 млн теңге болады. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі ме деген ой келеді. Өйткені жылқы ұрланған кезде карантин күшейтіліп, ауыл арасына өткізу бекеттері қойылған еді. Солай бола тұра, барымташылар жылқыларымды көрші ауыл арқылы еш қиналмай қыр асырып жіберген, – дейді М.Үмбетбайұлы.Ұры қайдан келеді?
Қалай алып қарасаңыз да, шаруалардың жанайқайы орынды. Төлінен өсірген түлігінен бір күнде айырылып қалу кімге оңай соқсын? Әрі жылқы бағып отырған төрт шаруашылықтың біреуіне ғана ұры түспейтіні ойлантады. Бұл сауалмен ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Бақыт Альменбетовке қайырылдық. – Маған қарасты аумақта 102 фазенда бар. Ал Қызылшатыр мал жайылымында 6 фазенда орналасқан. Барымташыға малын қолды қылғандар төрт түлігіне өздері дұрыс қарамай отыр. Өріске жібере салып, аптасына бір түгендейді. Жақында шаруаның қорасынан ұрланған айғырдан басқасының барлығы өрістен жоғалған малдар. Негізінен, шаруа қожалық малшыларының дені сотты болғандар. Заң бойынша қожалық иелері малшыны жұмысқа аларда учаскелік инспектор арқылы тіркеуге тұрғызып, бұрын істі болғаны, әлде болмағанын анықтауы керек. Сондай-ақ малшының отбасылы болғаны дұрыс. Оған қожалық иесі жалақысын да келісімшарт арқылы төлеуге міндетті. Алайда бұл талапты барлығы бірдей орындай бермейді. Соның зардабын өздері көріп отыр. Менің бұл ауылдық округке инспектор болып келгеніме 2 жыл болды. Жасырмаймын, маған дейін мал ұрлығына қатысты бірде-бір қылмыс ашылмапты. Алайда мен келгелі біраз қылмыскер ұсталды. Мәселен, 2019 жылы 4 мал ұрлығы тіркелсе, соның екеуін аштым. Ал өткен жылы тіркелген 6 қылмысқа қатысы бар адамның барлығы жазаланды. Алмерековтің қорасынан биыл жоғалған жылқысын іздестірудемін. Ол барымташыны да көп ұзатпай қолға түсіруге күш саламын, – дейді учаскелік инспектор.Күдік кімге түседі?
Әрине, заң өкілінің жұмысынан қыл іздеуден аулақпыз. Алайда Қарабастау ауылындағы барымташылыққа ұқсас жағдай алдыңғы жылы Талас ауданы Сәду Шәкіров елді мекенінде де болған. Ондағы жұрт ұры ұсталса да, көп ұзамай босап кететініне шағымданған. Қуат Сейдрашов есімді шаруа қорада тұрып қолды болған жылқысын ауылдасы базарда сатып тұрған жерінен ұстап, оны тәртіп сақшыларына тапсырған. Алайда белгісіз себептермен көп ұзамай барымташы қамаудан босап шыққан. Учаскелік полицейдің бұл әрекетіне шамданған тұрғындар әлеуметтік желіні шулатып, жоғары жаққа арыздарын жолдаған еді. Артынша облыстық Полиция департаментінің мамандары арнайы тексеру жүргізіп, жауаптыларды жазаға тартқан. Енді, міне Қызылшатыр мал жайылымының малшылары да ұрылардың ұсталмайтынын айтып, полиция қызметкерінің жұмысына да күдікпен қарап отыр. P.S.Жасыратыны жоқ, бүгінде Жамбылда барымташылар шаруаларды басынып-ақ тұр. Оған дәлел, біреулер ұрлық малын еш қымсынбай мал базарына шығарса, екіншілер өрісте жүрген ірі қараны аңшы мылтығымен атып алады. Естеріңізге салсақ, мұндай жағдай Мойынқұм ауданында болып, жұрт жағасын ұстаған еді.
Енді қызылшатырлықтардың қорасына ұры түсіп, үш бірдей шаруашылықтың қырықтан аса малы қолды болып отыр. Мұндайда не істемек керек? Бәлкім, бұл мәселеге облыстық Полиция департаменті араласып, арнайы тексеріс тобын жіберуі керек шығар. Әйтпесе, барымташылардың бұлай басынуы жақсылыққа апармайтыны тағы анық.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы