Қазалы мен Аралдағы қос көпір қайта салынатын болды
Қазалы мен Аралдағы қос көпір қайта салынатын болды
331
оқылды

Қазалы ауданының бірнеше елдімекені Сырдарияның арғы бетінде қоныс тепкен. Бірлік, Өркендеу, Тасарық, Лақалы, Қожабақы, Бозкөл ауылдарының халқы аудан орталығына жету үшін көнерген «Қарлаң» көпірі арқылы өтеді. Солтүстік аудандарға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қалқымалы көпірдің жағдайын назарға алды.

Көпірдің сапасы мен қатынаудың азабын тартып отырған тұрғындардың өтініші елеусіз қалмады. Аймақ басшысы аталмыш көпірді салу үшін жоба сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.

– «Қарлаң» учаскесіне темір бетон көпір салу үшін техникалық экономикалық негіздемелері дайын, енді жоба-сметалық құжаттарын дайындау үшін қажетті қаржы бөлінеді. Ал, клуб, балабақша, дәрігерлік амбулатория, спорт кешендерін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша салуды қарастырамыз, – деді.

Мұнан басқа шалғайдағы Кәукей, Тасарық сияқты ауылдардағы жолдың жайы шешілді. 40 жылдан астам жөндеу көрмеген жолға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, «Бозкөл-Кәукей» автожолы жөнделуде.

Мұнан соң аймақ басшысы Арал ауданының ауылдарын аралап халықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Тұрғындар жол, ұялы байланыс желісін орнату, ғимараттары ескірген балабақшалар мен ауылдық клуб үйлерін жаңарту сияқты шетін мәселелерді көтерді.

Өзекті мәселелердің бірі Аманөткел ауылындағы тағы бір қалқымалы көпірдің жайы мен Қарашалаңдағы жол мәселесі. Облыс әкімі көпірді қайта жаңғырту үшін аудандық бюджеттен 13,4 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде екенін айтты. Бұдан бөлек, «Қарашалаң-Бөген» бағытындағы жолды жөндеуге 429,6 млн теңге қаржы бөлініп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің ешқайсысы да назардан тыс қалмайтынын айтты.