«18»: сары нөмірдің сыры
«18»: сары нөмірдің сыры
531
оқылды
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев елордадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен, оның ішінде Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктер үшін жеке мемлекеттік нөмір қолданылады» деп мәлімдеді.  Осылайша, елімізде біраздан бері бас тақырыпқа айналған ЕАЭО елдерінен кірген автомобильдерге сары түсті арнайы мемлекеттік нөмір тағылып, «18» саны жазылатын болды. Ал тіркеу туралы куәлікте жарамдылық мерзімі 2021 жылдың 1 наурызына дейін деп көрсетіледі. – Ішкі істер министрлігі үлгі ретінде сары фон­дағы нөмір шығарды. Бұл нөмір осы авто­көліктерге беріледі. Сары нөмірлер мен 18-аймақ деп белгілеу арқылы осы көліктерді өзгесінен бөліп, көзбе-көз бақылап, есеп жүргізуді көздеп отырмыз. Көлік құралының мемлекеттік нөмірін жекеленген серия арқылы бөлу жағдайды жеңіл­де­теді. Бұл бақылауға септігін тигізеді, – деді Марат Қожаев.

«18» саны жазылған сары нөмірді алу үшін кө­лік иелері Арнайы халыққа қызмет көрсету ор­­­та­лығына бірнеше құжат ұсынуы керек. Іш­кі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, ол – жеке куәлік, бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмірі, тіркеу туралы куәлік, меншік құқығын растайтын құ­жаттар, сондай-ақ алғашқы тіркеу үшін төлем және мемлекеттік нөмір үшін төленген ақшаның түбіртегі.

– Қойылатын талаптар қарапайым, азамат­тар­ға бұл машиналарды заңдастыруға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ утилизациялық төлем мен ке­ден­дік баж салығын төлеуге бір жыл мерзім бе­­ріледі. Ол автокөліктерге арнайы сериялы нө­­мірлер беріліп, тіркеу куәлігіне осы көлікті тір­­кеу шарттары туралы тиісті белгі қойылады, – де­ді ол. Аталған көліктерді ІІМ мәліметтер базасына тіркеу Қазақстанда қанша көлік жүр­ ге­нін анық­тауға мүмкіндік береді. – Егер бір жыл ішінде азамат қандай да бір се­бептермен тіркелмеген жағдайда, ол көлігін елден шығаратын болып шешсе, тіркеу есебінен алып тастамаймыз. Шектеу болмайды. Ол сары нөмір мен техникалық құжатын шешіп, өткізуге құқылы. Оған оның ескі нөмірін қайтарып береді, осылайша ол көлігін елден шығара алады. Бірақ Қазақстанда 2021 жылдың 1 наурызынан бас­тап мұндай көліктер жүре алмайды, – деді М.Қожаев. Айта кетейік, 24 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 ақпанына дейін қазақстандықтар ЕАЭО-дан елге жеткізген кө­ліктерін бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен же­ке қолдануына уақытша тіркеуге қою мүм­кіндігін беруді тапсырған болатын. Тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды.   Дастан ДУМАНҰЛЫ