Ауыл-аймаққа аттанған әріптестерімен бірге жолға шыққан Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин алғашқы сапарын Шығыс Қазақстан облысынан бастады. Бұл өңірге биыл 175 жылдығы атап өтілетін, «Адамзаттың кемеңгері» атанған қазақтың бас ақыны Абайдың туған өлкесі ретінде де мән-маңыз берілуде.
Семей қаласында Мәжіліс төрағасы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражайында болды. Ол Абай қазынасы Қазақстан халқының рухани игілігі екеніне тоқтала келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ақын шығармаларын кеңінен насихаттауға ерекше назар аударып отырғанын қадап айтты.
Мәжіліс төрағасы ел Президентінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Абай шығармаларын сақтауға және Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты қойған міндеттердің маңызын түсіндірді. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, оларды жүзеге асыру әлемдік дәрежедегі тұлғаның мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге, сондай-ақ еліміздің тарихи-мәдени мұраларын одан ары нығайтуға жол ашады.
Осыдан кейін ұйымдастырылған Нұрлан Зайроллаұлының Семей дәрігерлерімен кездесуінде Мәжіліс қарауына енгізілген жаңа Денсаулық кодексі әңгіме өзегіне айналды. Спикер бұл жоба медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға айтарлықтай үлес қосуы керегін атап өтті. Құжатта аурулардың алдын алу, дәрігерге дейін және дәрігерлік көмек көрсету деңгейін анықтау, сондай-ақ трансплантологиялық жаңа шараларға қатысты көптеген жаңалық қарастырылған.
Мәжіліс төрағасы палата қарауына енгізілген үкіметтік нұсқаны бүгінде депутаттар аймақтарға сапары барысында түрлі ортада жан-жақты талқыға салып жатқанын жеткізді. Негізгі жұмыс құрамына депутаттар, меморган өкілдері, сарапшылар, ҮЕҰ мүшелері, медициналық қызметкерлер кірген жұмыс тобында тиянақты пысықталады.
Ал дәрігерлер ғана емес, мектеп пен балабақша басшылары, психологтар мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысқан мазмұнды жиында трансплантология, алдын алу екпелері, скринингтік зерттеулер және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Мәжіліс басшысы бұл кодекс жобасы жайында қорытынды жасауға әзірге ерте екеніне, барлық ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, халыққа қажетті, сапалы заң қабылданарына сендірді.
Өскемендегі еңбекпен қамту орталығында көпбалалы аналармен және мекеме қызметкерлерімен жүздескен Нұрлан Нығматулин осы орталыққа келушілердің әлеуметтік ахуалымен, АӘК-тің жаңа түріне құжаттық ресімдеу жайымен және қызмет көрсету сапасымен танысты. Осы жерде аналар түрлі мемлекеттік қолдау нәтижесінде өздері қол жеткізген жетістіктерін әңгіме етті. Спикер биылдан бастап көпбалалы аналарға жаңа мемлекеттік жәрдемақы тағайындалғанын еске салды. Оның мөлшері бала санына қарай 42,5 теңгеден 74 мың теңгеге дейін барады. Бұл жәрдемақы отбасы кірісіне қарамай, барлық алтын құрсақты аналарға тегіс төленеді.
Н.Нығматулиннің пікірінше, Мемлекет басшысы жариялаған Волонтер жылы жаңа бастамалар уақытына айналмақ. Осы орайда ол Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетіне ат басын бұрып, облыстық жастар және еріктілер ұйымдары өкілдерімен кездесті. Спикер облыс жастарының туған еліміз бен жерімізді өркендетуге белсене араласатынына сенім білдірді. Мәжіліс басшысы жастарды білімнің жаңа биігін бағындырып, әрқашан бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуға шақырды.
Елдос СЕНБАЙ