«Қазақстан аруы» жобасының финалисі Алматыдағы дәмханалардың бірінде ыдыс жуып жүргені көпшілікті таңдандырған-ды. Бұған сұлулық байқауының басшылығы мен жоба серіктестері де көз жұма қарамады. Гүлнұр Нұртазға қол ұшын созуға дайын екендерін мәлімдеді.
Гүлнұр Нұртаза 2017 жылы «Қызылорда аруы» байқауында топ жарды. Артынша 2019 жылы «Қазақстан аруы» байқауының финалисі атанды. Бірақ жобадан кейін Күлшеқыз ханшайымға айналған жоқ. Тағдырдың сынына тап болып, Гүлнұр жұмыс іздеп Қызылордадан Алматыға келген. Көркі көз сүріндірер арудың дәмханаларда ыдыс жуып жүргені Казнетте талқыға түскен-ді. Тіпті, Гүлнұр Нұртазаға көмектесу үшін Ксенья Собчак оны Ресейге шақырған. Алайда отандасымыз Ресейге барудан бас тартты. Байқаудың Instagram парақшасында бұл жайында толық жазылған. Дәлірек айтсақ, 2017 жылы «Қызылорда аруы» атағын жеңіп алған Гүлнұр сол жылы әкесінен айырылды. Үш жылдан кейін коронавирус анасының өмірін қиды. Әлемде жалғыз қалғандай күй кешіп жүрген қыздың ауыр халін сөзбен жеткізу қиын. Интернетте Гүлнұр трагедиясы туралы хабар пайда болысымен, алғаш болып қол ұшын созған байқаудың қазылар алқасының төрағасы Ырза Тұрсынзада болды. Этно-дизайнер Гүлнұрға «Аналар аманаты» жеке этномұражайы мен Нұр-Сұлтандағы «Бақытты отбасы» республикалық үйлестіру орталығынан жұмыс ұсынды. Әрі Қызылорда қаласының әкімдігі де Гүлнұр Нұртазаға жұмыс беріп, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген. Сондай-ақ еліміздегі сән брендтерінің бірі аруға Алматыдағы жаңа шоурумға сату кеңесшісі болуға ұсыныс білдірген. Танымал сұлулық салондарының желісі де оған шебер стилист атануға мүмкіндік жасамақ.А.ЖОЛДАС