Мәжілістің жетінші шақырылымындағы жаңа құрамының жұмысқа кіріскеніне де айдан асты. Әдетте қоғам Парламент депутаттарының құрамы жаңарған кезде бұрын заң шығарушы орган төрінде отырғандарды іздеп, қайда жүргенін бір пысықтап алатын. Оның үстіне, биыл Мәжіліс құрамы біршама жаңарғаны да байқалады. Демек, экс-депутаттардың қайда, нендей іспен айналысып жүргені қызық. Өйткені кем дегенде 80-нен астам адам «жұмыссыз» қалды.
Негізі, қаңтардағы сайлауда Мәжілістегі депутаттар құрамын барлық партия жаңартты деуге болады. Әсіресе, «Nur Otan» партиясының партиялық тізіміне көп өзгеріс енген еді. Айталық, партия фракциясының құрамы 70 пайызға жаңарған. Мәжілістің алтыншы шақырылымында 84 нұротандық депутат болса, жетінші шақырылымға олардың 17-сі ғана өткен. Әрі соңғы сайлауда елдегі ең қуатты партия Мәжілістегі 76-орынға ие болды. Ал «Ақ жол» партиясының 12 депутатының 8-і жаңа, 4-еуі VI шақырылымда Мәжілісте болғандар. Яғни, 66,7 пайызы жаңа тұлғалар. Бұрынғы «коммунистердің», қазіргі Қазақстан халық партиясының депутаттары 70 пайызға жаңарды. 10 депутаттың 7-еуі жаңа, үшеуі «ескі». Бірақ «ақжолдықтар» мен «халықшылдардың» VI шақырылымда жеті-жетіден ғана депутаты болғанын ескерсек, олардың құрамы 57 және 42 пайыз ғана жаңарған. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық құрамы 88 пайызға өзгеріп, VI шақырылымнан 1 ғана депутат Мәжілістің жаңа құрамына енді. Демек, «Nur Otan» партиясынан 67, «Ақ жолдан» 3, ҚХП-дан 4, Қазақстан халқы Ассамблеясынан 8, барлығы 82 адам Мәжілістің жаңа құрамы анықталған соң жұмыс іздеуге кірісті деген сөз. Әрине, бұрынғы шақырылым депутаттарының бірқатары зейнет жасына жеткенін, сол себепті Парламенттегі қызметтерін аяқтаған соң зейнетке шыққанын да ескеру керек. Айталық, Мәжілісте бұрын депутат болған Омархан Өксікбаев, Владислав Косарев, Қуаныш Сұлтанов, Абай Тасболатов, Жексенбай Дүйсебаев, Тұрғын Сыздықов, Қабиболла Жақыпов, Бақытжан Ертаев, Владимир Божко, Гүлжан Қарағұсова қатарлы азаматтар баяғыда зейнет жасына жеткен, яғни жастары 65-тен 83-ке дейінгі аралықтағы депутаттар еді. Дәлірек айтқанда, өткен шақырылымда жасы 65-ке толған немесе одан асқан 23 депутат, 62-64 жас аралығында 11 депутат болған. Яғни, өткен шақырылымда зейнет жасына жеткен 34 депутат қызмет етіпті. Экс-депутат Омархан Өксікбаев масс-медиаға берген бір сұхбатында «Nur Otan» партиясының фракциясында жасы 60-тан асқан бірде-бір депутат қалмағанын айтқан еді. Сондықтан VI шақырылымнан кейін қызметінен босаған 82 депутаттың 48-і ғана жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болса керек.Экс-депутаттың біразы жұмысқа орналасты
Ашық дерек көздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, Мәжілістің VI шақырылымында депутат болған бірқатар азамат қазірдің өзінде жұмысқа орналасып үлгерді. Атап айтқанда, экс-депутат Нұржан Әшімбетов Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі болып тағайындалды. Ал Шавкат Өтемісов Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аппарат жетекшісі болып қызметке кірісті. Кәрібай Мұсырманов қазір «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары ретінде қызмет етіп жатыр. Сөйтіп, экс-депутат бұрынғы кәсібіне оралды. Зейнет жасына жеткен Гүлмира Исимбаева қаңтардың 21-інен бері Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті директорлар кеңесінің төрағасы болып еңбек етуде.Партиялар кадрларын қалай пайдаланып жатыр?
Негізі, партиялар зейнет жасына жеткен азаматтарды Мәжілістің VII шақырылымына арналған тізімге қоспауды әу бастан-ақ ұстаным қылғанға ұқсайды. Рас, «Nur Otan» партиясы праймериз өткізу арқылы партиялық тізімге жаңа есімдер қосқан болатын. Сонымен қатар әйелдер мен жастарға арналған жеке квотаның берілуі де депутаттар тізімін өзгерткенге ұқсайды. Тек экс-депутаттарды партиялар қалай пайдаланып жатыр деген мәселе бар. Біз партиялардың VI шақырылым депутаттарын қандай қызметке тағайындағанын зерделеу барысында сөз басында айтқанымыздай, биліктегі партияның Мәжілістегі фракциясынан жасы 60-тан асқан азаматтың барлығы кеткені белгілі болды. Бірақ зейнет жасына жетпеген азаматтардың нақты қандай қызметтерге орналасқанына қатысты «Nur Otan» әзірге мониторинг жасамапты. Ал «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі біздің сауалымызға жауапты басшылар беретінін айтты да, одан соң жым-жырт болып, хабарсыз кетті. Дегенмен қаңтарда экс-депутат Меруерт Қазыбекованың «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары болып тағайындалғанын білеміз. Ал Екатерина Никитинская зейнетке шыққанға ұқсайды. Ол жайлы мәлімет жоқ. Тек ол былтыр 65-ке толған болатын. Партияның тағы бір мүшесі, экс-депутат Кеңес Әбісәтіров жайлы дерек табылмады. Әзірге партия оған нақты қызмет ұсынбаған тәрізді. Бірақ оның да зейнет жасына жақындап қалғаны белгілі. Қазір 62 жаста. Бір жылдан кейін зейнеткер болып шыға келеді. Қазақстан Халық партиясы болса, Мәжілістің VI шақырылымда қызмет еткен, кейінгі құрамға кірмеген экс-депутаттарын тиімді пайдаланып жатқанға ұқсайды. Партияның баспасөз қызметі біздің сауалымызға «Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жаңа құрамына енбеген Парламент Мәжілісінің VI шақырылымдағы депутаттары партия құрылымында қызмет етіп жатыр. Қазір Галина Баймаханова Қазақстан Халық партиясы Орталық бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы. Магеррам Магеррамов пен Тұрғын Сыздықов партия хатшысының кеңесшісі. Владислав Косарев жасына байланысты зейнетке шықты» деп жауап берді. Дегенмен партия зейнет жасына жеткен Г.Баймаханова мен Т.Сыздықовты қызметке тағайындапты. Бәлкім, 84-ке келген В.Косарев тәрізді әлі біраз партия қызметіне үлес қосатын шығар деген үміт болды ма, кім білсін?! Әйтеуір, экс-коммунист һәм экс-депутаттар жұмыссыз емес. P.S.Негізі, сайлаудан кейін бір жарым ай ғана өткенін, экс-депутаттардың бірқатары біраз демалып алуды да көздеуі мүмкін екенін ескерген жөн шығар. Оның үстіне, экс-депутаттардың арасынан қаңтар мен ақпанда бірнеше азамат қызметке орналасты. Сондықтан бұл тақырыпқа жарты жылдан соң оралып, кімнің қайда, не істеп жүргенін тағы бір пысықтармыз. Алты ай ішінде жұмыс таппаса, экс-депутаттарға біздің де қояр сауалымыз болары анық. Ал біз хабарласқан экс-депутаттың біразы қызмет іздеуге асықпайтындарын байқатты.
Ардақ СҰЛТАН