Айырбас бекеттеріне тықыр таянды
Айырбас бекеттеріне тықыр таянды
151
оқылды

Валюта айырбастау бекеттері заң бұзуын жалғастырып жатқан көрінеді. Сондықтан Ұлттық банк оларға қатысты талаптарды одан әрі күшейтуге кірісті. Мысалы, жеке куә­­лігін көрсетпеген аза­маттар­ға шетел валютасын сат­қан айырбастаушы жаза тар­татын болады. Әйтпесе, әлем­­де арам ақшаның айналымға тү­суіне және терроризмді қар­жыландыруға тосқауыл қою үшін құ­рылған FATF ұйымы Қазақстанға қарсы санкциялар енгізуі мүмкін.

Куәлігі жоққа құшағы ашық

– Кешіріңіз, 400 доллар сатып алуға бола ма? – Әрине, доллар сатылымда бар. – Жеке куәлігімді ұмытып кетіппін, бәрібір сата бересіз бе? – Жарайды, өз атыма жаза салармын... Бұл – елордалық айырбастау пунктінде оның қызметкері мен сатып алушы арасында жүрген диалог. Республикада бұқараның жап­­­­­пай табыс және шығыс декла­рациясын тапсыруы әзірге ен­гізілген жоқ, ол 2025 жылға қал­ды. Халық әрбір теңгесінің би­лік на­зарына іліккенін қала­майды. Со­дан шетел валютасын алғанда өз тұлғасын жария еткісі кел­мейтін азаматтар көп. Айыр­бастау бе­­кеттерінің кассирлері клиенттен айырылып қалмау үшін олардың дегеніне көнуге мәжбүр. Ал онысы заңға қайшы. Себебі Ұлттық банк басқармасының екі жыл бұрын, 2019 жылғы 4 сәуірде қабылдаған қаулысына сәйкес, кез кел­ген жеке тұлға 500 мың теңгеден аспайтын сомаға шетел валютасын алса немесе сонша сомаға жет­пейтін көлемде шетел валютасын өткізсе, онда айыр­­бастау пункт­тері «Айыр­бастау операциялары бойынша тізі­лім­дер журналына» ол клиенттің толық аты-жөнін және ЖСН-ін жазып алуға мін­детті. Бұл үшін жеке куәлігін ұсынуды талап етуі тиіс. Ал егер азамат жарты миллион теңгеден асатын көлемде ақша әкелсе, онда қызметкер тек осы деректермен ғана шектелмей, клиенттің қайда тұрып жатқанын да анықтап, заңды мекенжайын әлгі тізілімдер журналына жазып қоюы шарт. Қарапайым қызметкерлер полицей емес, күн сайын жүз­деген адамды тергеп, тексеріп тұруға және сол үшін сөз естуге пси­хологиялық тұр­ғыдан дайын бол­май шығады әрі оған уақыты да жоқ: халық белсенді түрде «дол­­ларлануда». Демек, кейде ұзын кезек қа­лыптасады. Ұлттық банктің дерегінше, 2020 жылғы желтоқсанда халық 274,3 млрд теңгеге қолма-қол шетел валютасын сатып алды. – Оның алдында, 2020 жылғы қарашада халық 283,7 млрд теңгеге шетел валютасын сатып алған болатын. Яғни, 2019 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (269,5 млрд теңге) сатып алу көлемі 1,8%-ға өсті. Шығыстардың негізгі көлемі, яғни 73,6%-ы не 201,8 млрд теңге – АҚШ дол­ларын, 19,3% не 53 млрд теңге – Ресей рублін, 7% не 19,2 млрд тең­ге – еуроны сатып алуға бағыт­талды, – деді Ұлттық банк. Биліктің құзырлы органдары осы жүздеген миллиард сома нақ­ты қандай адамдардың сей­фінде не шкафында «тұнып» қалатынын білгісі келеді. Әйт­кенмен, айыр­бастау бекеттері олардан жеке куәлігін көрсетуді табанды талап етпегендіктен, билік құнды ақ­параттан қағылады.

Клиентті қуып жіберуге рұқсат

Осы орайда, Ұлттық банк басқармасы өзінің 2019 жылғы 4 сәуірдегі қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа қаулы жобасын әзірледі. Онда айырбастау бекеттері клиент жеке басын куәландыратын құжатты ұсынбаған жағдайда қолма-қол шетел валютасы не ұлттық валюта бойынша айырбастау опера­циясын жүргізуден бас тартуға міндеттеледі. Яғни, «бас тарту негізі» заңдастырылмақ. Оны сақ­тамағанының қызметі тоқтатылуы ықтимал. «Тәжірибеде кездескендей, айырбастау пункттері 500 мың теңгеге дейінгі операциялар бойын­ша клиенттердің деректерін кей кезде тізілімдер журналына жаза бермейді. Себебі клиент кассирге жеке бас құжатын беру­ден бас тартады. Өз кезегінде кассир операцияны жүргізуден бас тартуға негіздеме таба ал­майды. Өйткені қолданыстағы қағидаларда операцияны жүр­гізуден бас тартуға негіз қарас­тырылмаған-тын», – дейді Ұлттық банктің Қолма-қол ақша ай­налысы департаментінің дирек­торы Жомарт Қажымұратов. Ревизорлар тексеруге іліккен айырбастау бекетінің бейне­бақылау жүйесі тіркеген бейне­жазбаны қарап, кассирдің тұты­нушыдан жеке куәлігін сұра­мағанын анықтай салмай ма? Сөйтсек, әдейі, әлде аңдаусыз ба, әйтеуір бейнежазбаларын бүл­­діретін кәсіпкерлер бар екен. «Уәкілетті ұйымдарды тексеру кезінде ондай оқиғаларға жиі жолығамыз: олардың бейне­ба­­­қылау жүйесіне қойылатын талап­­­тарды жүйелі түрде сақ­тамайтыны тіркелуде. Бұзушы­лықтар ара­­­­сындағы ең көп та­рағаны – қатты дискілердің істен шығуы, айыр­­­­бастау пункті қыз­меткерінің әлде­­­­бір ақпаратты жазбадан әдейі өшіруі болып отыр. Сол себепті бұларға аудио және видеодеректер архивін, сондай-ақ оқиғалар журна­­­­лының архивін не сыртқы тасығышқа, не арнайы бөлінген резервтік сер­верге сақтық көшірме жасау талабын қойып отырмыз», – деді Ж.Қажымұратов. Жаңа қаулы жобасында: «Айыр­бастау пунктінің опера­циялық кассасы бейнедеректер архивінің резервтік көшірмесін жасауды және архивті жою мен редакциялаудан қорғауды қам­тамасыз ететін тех­никалық құ­рылғыларда ақпаратты жазу мен күнтізбелік 30 күн ішінде сақтауды қамтамасыз ететін бей­небақылау жүйесімен жабдық­­­талады. Бұл ретте бейнебақылаудың көріну аймағында кассирдің жұмыс ай­мағы мен клиент болады. Ал тиісті құрылғылар бейнебақылау үшін кедергілердің болмауын қам­та­масыз ететін орындарда орна­тылады» деп жазылған. Демек, валюта айырбасы са­ласынан нәпақа тауып жүрген бизнесмендерге тағы қосымша шығын шығаруға тура келеді. Сонымен бірге мұның артында резервтік сервер немесе «бұлтты технологиялар» қызметін ұсыну­мен айналысатын аты «ай-ти», заты делдал отандық компа­ния­лардың мүддесін ілгерілету, лобби жасау тұруы да мүмкін.

Жоғары білімсізге жол жабық

Құжат тағы бір «қулықтың» жолын кеспек ниетте. Ұлттық банк әлдебір бұзушылық тауып, тексеріс бастаса болды, айыр­­бастау беке­тінің қожайыны өз лицензиясын ерікті түрде қай­тарып бере сала­тын. Артынша ондай жосықсыз құрылтайшы­лардың лицензия алу туралы өтінішпен қайта-қайта жүгіну фактілері көбейіпті. Сол себепті Ұлттық банк тек­серіс бітпеген компаниялардың қожайындарына 3 жыл бойы ли­цензия бермеуді заңдастырмақ ниетте. Жаңа қаулы жобасында «Ұлттық банктің бастаған тексеруі жарамды лицензиясын ерікті түрде қайтару себебі бойынша аяқтал­маған жағдайда» үш жыл өткенше, уәкілетті ұйымның құрылтай­­шы­сына, қатысушысына жаңа айыр­­бас бекетін ашуға рұқсат етілмей­тіні жазылған. Олар осы мерзім ішінде тіпті өтініш бере алмайды. Құжатта Досаев командасы айырбастау пункттерінің бас­шысы болғысы келетін кандидат­тарға да талап бекітеді. Оған сәй­кес, біріншіден, жоғары білімі жоқтар, екіншіден, терроризм мен экстремизмді қаржылан­ды­­­ратын ұйымдар мен тұлға­лардың тізбесіндегі тұлға, үшінші­­ден, сот шешімімен қаржы ұйы­­мының, банк және сақтандыру холдингінің басшысы қызметкері лауазымын атқаруға тыйым са­лынған адамдар енді осы салада құрылтайшы ғана емес, басшы да бола алмайды. Бұл неге керек? Жоғары білімі жоқ басшы басқаратын компа­ниялардың айырбастау бекетін сатып алу деректері бой көтеруде. Ұлттық банктің Қолма-қол ақша айналысы департаментінің түсін­діруінше, мектеп не колледжден (ПТУ) басқа ештеңе бітірмеген, жоғары білімі жоқ адамдар қолма-қол ақша айналатын нарыққа қол жеткізуде. Сондықтан уни­вер­ситет бітірмеген директорлар тіз­гінін ұстаған компаниялардың валюта айырбастауға қатысты ли­цензия алуына тыйым са­лынады. Жомарт Қажымұратовтың мәліметінше, бұл FATF (Financial Action Task Force on Money Laundering) ұсынымы. Өзге сарапшылар деструктивті ағымдарда жүргендердің көбінің жоғары білімі жоқтығына да назар аудартады. «FATF, яғни Қаржыны жы­лыстатуға қарсы қаржылық іс-қимыл тобы арнайы нұсқаулық шығарды. Ол мемлекеттерден ком­­­­мерциялық емес ұйымдарды рет­­тейтін заңдар мен ережелерді қайта қарауды талап етуде. Тер­рористік ұйымдарға заңды, ле­гальді меке­­­мелерді бүркеншік ре­­тінде қолда­­­­нуына жол бер­мей­­­тін шаралар қа­­былдауымыз қажет. ФАТФ-тың арнайы ұсы­нымын сақтау мақса­­тында банктік емес айырбастау пункттеріне қойыла­­­тын нор­ма­­тивтік біліктілік талап­­тарын кү­­шей­­тіп, оларға терроризм мен экстремизмді қар­жылан­­ды­­румен байланысты ұйым­­дар мен тұлғалар тізіміндегі адамдар­дың бас­­­шы болып келуіне тікелей тыйым салу ұсынылады» деп түйді Ұлттық банк өкілі Ж.Қажымұратов.

Айхан ШӘРІП