NUR OTAN: Нұрлының мәселесі шешілді
NUR OTAN:  Нұрлының мәселесі шешілді
453
оқылды

Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі желтоқсанның 26 күні өзгеше бір өтінішті қарады. Арыз-шағымды қарауға партия аппаратының басшысы Әнуар Өскенбаев келген.

Өзгеше өтініш деуімізге себеп – арыз иесі өз проблемасымен емес, тұтас бір ауылдың арман-тілегін жеткізді. Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Нұрлы елді мекенінен келген Қаракөз Карипованың айтуынша, Нұрлының бала­лары мектеп жоқтығынан қиындық көріп отыр.

Бір айта кетерлігі, Нұрлы Нұр-Сұлтан қаласынан 7 шақырым ғана жерде орналасқанымен, өз басында мектеп жоқ. Елді мекендегі 250 оқушының 44-і елорданың лицейіне келіп оқыса, қалған 210 бала көрші Күйгенжар мен Мичурин ауылдарындағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр.

Ел астанасынан жеті-ақ шақырымдағы ауылдың ХХІ ғасырда мектебі жоғы қалай деп ойлауыңыз заңды. «Бақсам, бақа екен» демекші, бар мәселе – мәртебеде екен. 2008 жылы мұнда ауыл шаруашылығы мақсатында 1984 жер телімі бөлініп, соның негізінде саяжайдан үлкен ауыл қа­лыптасқанымен, әлі күнге ауылдық мәртебесін ала алмай келеді. Ресми статус­тың жоқтығы нұрлылықтардың көп жағ­дайда «шөміштен қағылуына» себеп. Дегенмен тұрғындар да қарап отырған жоқ. Өз алдына топтасып кооператив құрып, «Нұрлы» тұтыну кооперативі мү­ше­лері бірлесіп ауылға электр желісін тар­тып алыпты. Аршалы ауданына қа­расты Жібек жолы ауылындағы қо­салқы стансадан 19,5 шақырымдық желі тартып, өз күштерімен әр үйге электр энер­гиясын кіргізген. Ауыл деген ар­найы мәртебе берілмегенімен орталық кө­шесіне түгел жарық орнатылып, электр бағаналарының басына видеокамера қойылған. Кооперативтің меншігінде 11 кешенді трансформаторлық станса (КТП) бар. Ауызсу мәселесі де шешілген. Халық скважинадан алынған, зертханалық талдауда жақсы нәтиже берген таза суды ішіп отыр. Сондай-ақ төтенше жағдайдың алдын алу үшін кооператив мүшелері бі­рігіп «Нұрлының» айналасынан дамба қа­зып, көктемгі су тасқынынан сақтануды да ой­ластырыпты. Тек жалғыз проблема – мек­тептің жоқтығы. Азғантай ғана жыл­дың ішінде біраз іс тындырған кооператив мү­шелерінің ұйымшылдығы көз сүйсіндіреді.

Айта кететін жайт, Nur Otan партия­сының республикалық қоғамдық қа­былдау бөлмесіне мектеп проблемасын жеткізуші Қаракөз Карипова осы кооперативтің төрайымы болып шықты. Нұрлының балаларын тасуға деп Целиноград ауданы әкімдігі бөлген екі ПАЗ автобусы әбден тозығы жеткені сонша, жүргенінен сынғаны көп. Тіпті ата-аналар комитеті болып, автобусты жөндеуге қаржы жинастырған кездер де болыпты. Ең сорақасы, жоғарыдағы 210 баланы сабаққа уақытында жеткізу үшін 25 орындық автобустарға 60-70 баладан мінгізуге тура келеді екен. «Күйгенжардың мектебі бір ауысыммен ғана жұмыс істейтін болғандықтан, сабақтан қалмау үшін екі автобусқа балаларды тықпалаймыз. Қыстыгүні қалың киім киген 60-70 ба­ланы 25 орындық көлікке мінгізуді көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Оқушыларға обал. Оның үстіне соншама баламен жолда теміржол өткелін кесіп өтеді. Қауіпсіздік мәселесі де күн сайын ата-аналарды алаң­датып отыратын. Ақыры мәселемізді партияның қоғамдық қабылдауына жет­кізуге шешім қабылдадық. Аппарат бас­шысы Әнуар Өскенбаевтың өзі қа­былдап, білім басқармалары мен автожол бөлімдерінің басшылығын түгел жинап, дәл осы мәселені бүгін шешуіміз керек деп тапсырма берді. Осылайша, Nur Otan-ның араласуымен мектепке қа­тынау мәселесі шешілді. ІІІ тоқсанның ал­ғашқы күні біздің оқушылар іші кең, үлкен автобустармен қатынай бастады. Барлық тұрғындардың атынан партия басшылығына алғыс айтамын», – дейді «Нұрлы» тұтыну кооперативінің төрайымы Қаракөз Карипова.

Бүгінде «Нұрлы» тұтыну кооперативі территориясында 500-дей үй салынған, жыл сайын 100 үй қосылып, тұрғындар саны 1500-ден асқан. Бала туу көрсеткіші де жоғары. Мәселен, 2018 жылы мектеп жа­сындағы баланың саны 64 болса, былтыр – 130, ал 2020 жылы 250 балаға жеткен. «Көрші ауылдарға автобуспен қатынау үшін «Нұр-Сұлтан – Қарағанды» автожолымен жүреміз, бұл жолдың қозғалыс жүктемесі тығыз. Ауылға бұрылатын жерлерде қажет жол белгілері қойылмаған. Жол белгілері мен қауіпсіздік жағдайы ескерілмегендіктен ата-аналар алдағы уақытта апатты жағдай орын алмайсын деп алаңдайды. Егер бізге ауыл деген статус беріп, рұқсат берсе, өз ба­ла­­бақшамыз бен мектебіміз болар еді», – Қаракөз Карипова.

Демек, Нұрлыға тезірек ауыл мәр­те­бесін әперіп, өз басынан мектеп салмаса, көрші ауылға қатынап оқыту ісі проблеманы толық шешпейтіні анық. Сол баяғы статустың жоқтығы көптеген істе көлденең кезігіп, нұрлылықтардың өмірін нұрландырмай отыр.

Бір қызығы, елорданың білім басқар­масы қалаға қатынап оқитын 44 оқушының осы мәселесі туралы хабардар болса да, мәселені шешуге бас ауыртпаған. Елімізде әр оқушының білім алуына мемлекеттен қаржы бөлінетінін еске алсақ, 44 оқушы үшін аталған мектептерге қаржы беріліп отыр. Сондықтан Нұрлының мәселесін шешуге жалғыз Nur Otan партиясы ғана араласып қоймай, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармалары да жауапты болғаны жөн деп білеміз.