Қарағанды облысында туристер үшін жаңа демалыс орындары ашылады. Балқаш курорт аймағын дамытуға 30 млрд теңге жұмсалмақ.
Туризм саласындағы жоспарлар туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн режимде өткен халық алдындағы есептік кездесуінде айтты. Карантин шектеулеріне байланысты кездесу онлайн режимде өтіп, облыстың барлық телеарналарында, облыс әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында және сайттарда көрсетілді.
– 2020 жылы сыртқы туризмнің жабылуы жағдайында біз ішкі туристік бағыттарды дамытудың қаншалықты маңызды екеніне тағы да көз жеткіздік. Бізде үш туркластер бар. олар –50 өңірлік жобалар тізімінде тұрған ұлттық жобалардың ондығына кіретін Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау. Балқаш курорттық аймағын дамыту үшін бюджеттік және жеке инвестициялар сомасы 30 млрд теңге. Жеке инвестициялар есебінен тоғыз жаңа демалыс аймағының құрылысы басталады. Резервте жағалау аймағындағы туристік инфрақұрылым үшін тағы 60 гектар бос жер бар, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, демалыс аймақтары орналасқан Тораңғалық және Шұбар-Түбек кенттерінде коммуналдық инфрақұрылымның құрылысы басталады. Өткен жылы онда жолдар жөнделді.
Балқаш өңірінің туристік саласын қарқынды дамыту жағдайында қала әуежайы ерекше рөл атқарады. Аэродромның ұшу-қону жолағы жөнделді, ендігі кезекте аэровокзал мен перрон ғимаратын қайта құру ісі тұр. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталып қалды.
Туристік сала Қарқаралыда да кеңеюде. Облыс әкімінің айтуынша, бес жеке демалыс аймағын ашу жоспарланып отыр. Инвестициялар 1 млрд теңгеден асады.
Ал Ұлытауда туристер үшін визит-орталық салынды. Ауданда қасиетті орындар мен көрікті жерлерге баратын жолдар жөнделіп жатыр. Биыл Жошы ханның тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады.
– Туризмді дамыту біздің өңір үшін өте маңызды. Ең алдымен, бұл экономиканы әртараптандыру және жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттырудың жаңа тәсілі болмақ, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Қарағанды облысында ауқымды құрылыс жұмыстары жалғасады. Биыл кезекте тұрған 3 мыңнан астам адамды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар.
– Халықты толғандыратын басты мәселелердің бірі – тұрғын үй және инфрақұрылым. Облыста 36 мыңнан астам азамат әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұр. Біздің міндетіміз – барынша көбірек құрылыс жүргізу. Өткен жылы өңір бойынша ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Рекордтық 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. 6 500-ге жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты, – деді облыс әкімі.
Қарағанды облысында 2021 жылы 2 600 жұмыс орнын құратын 14 жаңа өндірісті іске қосу көзделіп отыр. Инвестиция көлемі 700 млрд теңгеден аспақ.
– Барынша көп инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру міндетін қойып отырмыз. 2020 жылы 678,3 млрд теңге тартылды, оның ішінде жеке қаражаттың үлесі – 81,6%. 11 жаңа инвестициялық жобаның іске қосылуы 2 500-ден астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді. 2021 жылы кемінде 715 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз, оның 80%-дан астамы – жекеменшік. 282,2 млрд теңгеге 14 жаңа өндіріс ашылады деп күтілуде, олар тағы 2 600 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, – деді облыс әкімі.
Жақын арада көктемде Жәйремдегі байыту фабрикасы, ферроқорытпа зауыты және Qaz Carbon агломерациялық фабрикасы іске қосылады деп жоспарлануда. 15 жыл тұрып қалған Сарандағы бұрынғы РТБ зауытына екінші тыныс берілді. Алаңда қытайлық Yutong компаниясының қатысуымен автобустар мен арнайы техника шығаратын кәсіпорын іске қосылды және жақын арада шағын торапты құрастыру цехы іске қосылатын болады. Сондай-ақ биыл ресейлік «Татнефть» компаниясының қатысуымен шина шығаратын зауыттың құрылысы басталады.
– Жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу үшін біз алға көп инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру міндетін қойып отырмыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Қарағанды облысында биыл кәсіпкерлікті қаржыландыру 2,5 есеге өсті.
– 2020 жылы Бизнестің жол картасы бойынша жеңілдікті шарттармен облыстың 420 кәсіпорны өңір экономикасына 48 млрд теңге салып, өз жобаларын іске асыра алды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға бюджетте 7 млрд теңге қарастырылған. Ол өткен жылдан 2,5 есе артық, – деді облыс әкімі.
ШОБ-ты мемлекеттік қолдау 2 400 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бір жыл ішінде өз ісін ашуға 1 900 өтеусіз грант берілді. Облыс әкімінің жүз грантын жас кәсіпкерлер алды.
Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылық қолдауды 3 700 кәсіпкер пайдаланды. Бизнеске тегін оқыту курстарынан 2 800 адам өтті. Билік жергілікті өнімді ілгерілетуге көп көңіл бөледі.
– Бірлескен күш-жігермен мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін екі есеге ұлғайттық. «АрселорМиттал Теміртаумен» қол қойылған меморандум аясында кәсіпорынның Қарағанды өндірісінің шикізаттық емес тауарларын сатып алуы алты есеге өсті. Қарағандылық кәсіпкерлерді тапсырыстармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасатын болады. Бұл – біздің жұмысымыздағы басымдықтардың бірі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Қарағанды өңірінде жаңа оқу жылынан бастап мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз етілетін балалар саны артады.
– Биылдан бастап барлық 1-2-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Қыркүйек айынан бастап 3 және 4-сыныптарды қамтимыз, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы сондай-ақ облыста заманауи білім беру ортасын құруға көңіл бөлінетінін атап өтті. Жыл ішінде облыста жаңа жабдықтармен жабдықталған 26 қосымша білім беру орталығы ашылды. Жаңа мектептер Жезқазғанда, Қарағандыда және Ұлытау ауданында салынды. Биыл тағы төртеуін Шет ауданының Киікті ауылында, Жезқазған қаласының Теректі стансасында, Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентінде және Қарағандыда тапсыру жоспарланып отыр.
– Мектепке дейінгі оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі барлық бала қамтылған. Енді біздің міндетіміз – 3 жасқа дейінгі және ерекше қажеттіліктері бар балаларды балабақшалармен қамтамасыз ету. Осы жыл аралығында 1 500 орындық 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылады. Бұл 3 жасқа дейінгі балаларды қамтуды 61%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.
Биыл Қарағанды облысында медицина саласында ауқымды жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұл ауылдарға қатысты. Модульдік фельдшерлік-акушерлік пункттер пайда болатын 32 елді мекен таңдалды.
– Өткен жылы Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және Нұра ауданының Шахтер ауылында жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаториялар салынды. Абай және Шет аудандарында орталық аудандық ауруханалар жөнделді. Осы жылы Ақтоғай және Нұра орталық аудандық ауруханалар да осындай өзгерістерді күтіп отыр. Ағадыр кентіне жұмыс сапарым кезінде ақсақалдар аурухана ғимаратын жөндеу қажет екеніне назар аударды. Биыл міндетті түрде жұмысты бастаймыз, – деді облыс әкімі.
Жеңіс Қасымбек онкодиспансердің Жезқазғандағы филиалын ұйымдастыру мәселесін шешуге уәде берді.
– Жиһазбен және қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталған қызметтік пәтерлерді беру есебінен дәрігерлер мен жас мамандарды тарту мәселесін шешеміз. Екі жыл ішінде 227 дәрігер баспанамен қамтылды. Алдағы екі жылда біздің облысқа жұмыс істеуге келген кем дегенде 300 маман пәтер алады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Жеңіс Қасымбек 2020 жылдың қорытындысын шығарып, биылғы атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Содан кейін тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Эфир кезінде тікелей желі жұмыс істеп, сұрақтар мен өтініштер 109 нөмірі бойынша және WhatsApp 8-708-703-58-58 нөміріне қабылданды. Сонымен қатар есеп беру кездесуін трансляциялау үшін облыс орталығын бес нүктесінде LED-экрандар орнатылды.
Есеп беру үш жарым сағатқа созылды.