Биыл Шахмат жылы деп жарияланған болатын. Соған орай, Алматыда 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан чемпионаты басталды.
Жарыстың ерекшелігі қатысушылар 6 түрлі жас мөлшері бойынша өзара мықтыны анықтайды.
Шахматшылар 2 миллион теңге жүлде қоры үшін жарысады.
Қазақстан Шахмат федерациясының вице-президенті Еркин Исраиловтың пікірінше, еліміздегі ең ауқымды жарыстың жастарға берері мол.
– 18 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионаты – Қазақстандағы ең ірі шахмат жарысы. 860 ойыншы шаршы тақтада чемпион болу үшін бақ сынайды. Биылғы жарысқа қатысушылардың көптігімен қатар, кілең мықтылардың ойынымен де ерекшеленеді. Кез келген спортшы жарысқа қатысқанда жеңімпаз болсам деп талаптанады. Бірақ бағы мен бабы қатар келіскендер ғана жеңімпаз атанары анық. Шахматтың сырын 100 пайыз меңгердім деген мықтылардың өзі ойында ұтылып қалғанын байқамай қалады. Жасөспірімдер арасындағы жарыстың жеңімпазына Әлем чемпионатына жолдама береміз, – деді вице-президент.
Ақшалай сыйлықтар мен медальдар әрбір жас санаты бойынша жеке-жеке классикалық, жылдам және блиц шахматтан алғашқы үш орынға бөлінеді. Соның ішінде классика жеңімпаздары халықаралық чемпионаттарға жолдама алады.
Қазақстан Шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко Әлем чемпионатына қатысуға үміткерлерді анықтау да оңай емес екенін айтты.
– Классикалық шахматтан 8-18 жас санатындағы турнир жеңімпаздары 2020 жылғы Әлем чемпионатына жолдама алады. Ал күміс жүлдегерлер Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндігі бар. Сондықтан жеңімпаздарды төрешілер анықтайды. Маған биыл чемпионатқа қатысушылардың ынта-ықыласы, ерік-жігері мықты болғандығы қуантты, – деді Ирина Грищенко.
Ұлдар мен қыздар классикалық, жылдам және блиц ойындарында швейцариялық жүйе бойынша 9 тур өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат 17 қаңтарға дейін жалғасады.
Майра БАҚЫТ