Пандемия кезінде қашықтан білім беруге мәжбүрлі түрде көшу оқытушылар үшін де, студенттер үшін де үлкен сын болды. Онлайн оқыту ақпараттық технологиялар мен цифрлық құралдарды меңгеруді, коммуникациялық машық пен психологиялық төзімділікті қажет етті.
Пандемия білім беру сапасына, республикалық жоғары оқу орындарының барлық жүйесіне кері әсерін тигізді. 2020 жыл цифрлық технологиялардың журналистік білім берудегі маңыздылығын көрсетті. Кейбір ЖОО студенттері технологиялар мен ресурстарға қол жеткізе алмай қиналды. Әсіресе Қазақстанның шалғай елді мекендерінде тұратын студенттердің көпшілігінде сапалы интернет пен қажетті техникалық құрал-жабдықтар болған жоқ. Қашықтан оқуға студенттердің барлығы бірдей бейімделіп кетті дей алмаймыз. Қашықтан білім беру қосымша ресурстар мен уақытты қажет ететіндіктен, цифрлық білім беру технологиясын меңгеру, қашықтан білім беруді ұйымдастыру барысындағы қиындықтарды оқытушылар да бастан кешірді. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын түсіндік. Оқытушы-профессорларда мамандыққа деген шығармашылық көзқарас пайда болды, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін бұрынғыдан да белсенді қолдана бастады. Университетте мониторинг, бағалау, емтихан алу жүйелері жедел қайта құрылып, жетілдірілді. Мәселен, классикалық емтиханға қоса студенттің құзіреттілігін тексеруге өте ыңғайлы шығармашылық емтихан түрі енгізілді. Бұл емтихан түрі студенттің тек теориялық білімін ғана тексеріп қоймай, шығармашылық өнім туғызудағы қабілеті мен кәсіби қызметке бейімделу деңгейін де анықтауға мүмкіндік берді. Еліміздегі жетекші жоғары оқу орны ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті коронавирус туғызған қиындықтарды табысты шеше білді. Қашықтан оқытуға көшкен өткен жылдың 16 наурызынан бастап аптаның жеті күнінде тәулік бойы университет оқытушылары мен студенттер ақпараттық технологиялар бөлімімен тығыз байланыста болып, кеңес алды. Сондай-ақ оларға техникалық қолдаулар көрсетіліп, вебинарлар өткізілді. Пандемия қоғамдағы коммуникациялық үдерістерге елеулі ықпал етті. Қашықтан оқыту педагогтармен, саламен, өндіріспен жанды қарым-қатынасты ауыстыра алмайды. Тікелей байланыстың болмауы салдарынан материалды меңгеру деңгейін бағалау оңай емес. Тақтаның алдында студенттің көзіне қарап тұрып, дәрістен алған әсерін ұшқындаған жанарынан аңғару бір басқа да, монитордың алдында отырып, техника мен интернетке тәуелді болу бір басқа. Сондықтан жоғары білім берудің әлеуетін нығайтып, тәуекелді басқарудың стратегиялық жоспарын құру, оны дамыту, аралас оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру, технопарктердің базасын нығайту кезек күттірмес мәселелер. Шалғай өңірлердегі студенттердің техникалық қажеттіліктері мен оқу барысында кездесетін өзекті мәселелерін анықтап, әлеуметтік көмек көрсету де күн тәртібінен түспейді. Қазір наурыз айымен салыстырғанда жағдай едәуір түзелді. Техникалық тұрғыдан барлық веб-ресурстар мүлткісіз жұмыс істейді. Қорыта айтқанда, онлайн оқыту профессор-оқытушылардың біліктілігі, техникалық мүмкіндіктер мен оқу орнындағы оқу-әдістемелік қызметтің тоғысуы нәтижесінде жүзеге асады. Тағы бір өзекті мәселе – білім алушылардың өндірістен кәсіби практикадан өтуі қиындады. Қазіргідей цифрлық сауаттылық пен машықтар бірінші орынға шыққан пандемия жағдайында практикалық білім алуға ресурстардың жеткіліксіздігі, инфрақұрылымдық мәселелердің орын алуы, үздікісіз білім беру бағдарламаларын қамтамасыз етуге мүмкіндіктің болмауы кедергі болатыны даусыз. Кейбір мекемелер студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуді кейінге қалдырды. COVID-19 жағдайында білім алушылардың басым бөлігі практиканы қашықтан өтті. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдары, агенттіктер мен ірі қалаларда бұндай формат тәжірибе бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік берсе, ауылдық жерлерде жағдай күрделі болды. Кейбір редакциялар жаз бойы жұмыс істеген жоқ. Ал тәжірибенің бұйрықтары келісім-шартқа сәйкес алдын-ала жасалып қойғандықтан, студенттерді тез арада факультет сайттарында, факультеттің радио, телестудияларында практикадан өткізуге тура келді. Осылайша форс-мажор жағдайларына дайын болу қажеттігін өмірдің өзі көрсетті.Назгүл Шыңғысова, филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі