Адамдықтың қайнары
Адамдықтың қайнары
292
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жариялан­ған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақа­ласында елімізде күтіліп отыр­ған бірегей шара – ұлы ақының 175 жыл­дық мерейтойын өткі­зудің, оған жап­пай халық болып дайын­далу­дың қанша­лықты маңызды және қажетті екені айтыл­­ды. Бұл шаралар «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғы­­­дан дамуымыз үшін өткізілмек», – дейді Президент сөз басында мәселені бір­ден ашып.


Махметғали САРЫБЕКОВ01.jpg

Даңғазалықты уақыт кө­­термейді. Данышпан ақын айтқандай, «бекер мал шаш­пақтан» арылатын ке­зі­міз жетті. Сондықтан ұлы ақынға арналған 500-дің үстіндегі іс-шара уақыт та­ла­бына сай жаңаша дең­гейде атқарылуы тиіс де­ген Қасым-Жомарт Кемелұ­лы ой-толғамдарын «Ұлт­тық болмыстың үл­гісі», «Мемлекет ісі­нің мүд­де­лі­сі», «Жаңа қо­ғам­­ның жа­на­шыры», «Әлем­дік мәде­ниет­тің тұлға­сы», «Тор­қа­лы тойдың тағы­лымы» деген мақала тақы­рып­тарында түйіп айтады.

Абай заманы мен бү­гін­гі уақыт бір емес. Алай­да ортақ мәселелер жет­­кі­­лікті. Әсіресе, сол кез­­­дегі қазақ қоғамына те­рең үңіл­ген хакім Абай ха­лық­ты кері тартатын дерт­ті тамыршыдай дәл танып, алдыңғы қатарлы мәде­ниет­ті елге қайтсек жетеміз, кім болуымыз керек, ел болашағы – жастардың бойында қандай қасиеттер болсын, неден қашсын, неге ұмтылсын, жақсылығымыз қайсы, жамандығымыз не­де деген тәрізді өмірлік сұ­рақ­тарға жауап іздеді. Батысқа, Шығысқа үңіл­ді, ой қорытты, жол нұсқа­ды. Міне, сол кездер­де Абай айтқан ащы шын­дық, ескертулер мен мін­дер бүгінгі Тәуелсіздік зама­­нын­да да алдымыздан анда­ғайлап шығып отыр. Жойы­лып кеткен жоқ. Өз бетінше жойылар түрі де жоқ. Одан арылудың жолын тағы да Абайдан іздеуіміз керек.

Бұл ретте Президент Қ.Тоқаев жалпылыққа бар­май, Абайдың өзіне жүгі­ніп, ХХІ ғасырдағы бү­­гінгі Қазақстанның кө­ке­й­­кесті мәселелерімен бай­­­ланыстырады. Адам өмі­­­ріндегі білім мен ғы­лым­­­ның, көп тіл білу­дің, оны ел игілігіне жұм­сау­дың маңызын Абай терең сезінген. Автор ұлы ақын­ның «Ғылым таппай мақ­тан­ба», «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білу­ге», «Әрбіреудің тілін, өне­рін білген кісі онымен бір­дейлік дағуасына кіре­ді, аса арсыздана жа­лын­­байды» деген ой тол­ғам­дарын қа­зір­гі уақыт та­лабы­мен са­бақ­тастыра тал­дай оты­рып, бүгінгі заман үшін өте маңызды интел­лек­туал­ды ұлт қалып­тас­тыру идеясы Абай­дан бастау алғанын алға тартады.

Интеллектуалды ұлт – бүгінгі уақыттың да өзекті мәселесі. Бұл ыңғайда тағы да ұлы ақынға жүгінеміз. Ал Абайда интеллектуалды ұлт болудың жайына арнал­ған қазыналы ой мол. Алыс­қа бармай-ақ мына бір ұла­ғатты сөзіне назар ауда­­ралық: «Тегінде адам бала­сы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық» дейді ол. Міне, бұл біздіңше, интел­лек­туалды ұлт болудың не­гізгі қағидаларының бірі деп білемін. Бұл ғиб­рат­ты ой-толғауды оқып, жалаң жаттап алу аз, оны мемлекет басқарып отыр­ған шенеуніктен бастап қара­пайым еңбек адамына, от-жалыны бойындағы елі­міз­дің болашағы – қарымды жастарға дейін өмірлік ұста­нымына айналдырса, еліміздің жетер биігі, алар асуы жоғарыда болмағы сөзсіз.

Әділетті қоғам құру Абай­дың басты арманы болатын. Президент Қ.Тоқаев­тың «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» құру тұжы­рымдамасы әділетті қо­ғам құру мақсатымен үн­дес­­кен Абай арманының орындалуы деп білеміз. «Заң үстемдігін және қоғам­дық тәртіпті сақтау бар­ша­ға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі бол­маса – елдігімізге сын. Сон­­дықтан азаматтарға, әсі­ре­­се жастарға мемлекетті сый­лаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал», – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ашық диалогтер алаңын құру ел мүддесі, ұлт мұраты ор­тақ екенін білдіреді.

Абай өз заманында-ақ бұл бағытта сындарлы ойла­рын айтқан. «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды», «Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ», «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып» деп келетін ой-толғамдардан туындайтын келелі мәселелерді мақала авторы орынды тарата ай­тып, әрқайсымызға үлкен ой салады, қоғам алдындағы жа­уап­кершілікті жүктейді. Қазіргі кезде популизм теріс тенденцияға айналып барады. Әлеуметтік желі­лерді пайдаланып, тасада отырып, қазіргі заманның тыныштығына, халықтың берекелі тірлігіне тас ата­­тындарды кім-кім де біле­ді. Олар небір сұрқия ойла­ры­мен, «түймедейді түйедей етіп» көрсетуімен халықты адас­тырғысы келеді. Жалаң ұран, қызыл әсіре сөзді судай сапырады. Шындап келгенде, бұл елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті құбылыс екеніне назар аударылады. Прези­дент Абай айтқандай, ар­тық мақтанға салыну, өзгені қор көріп, өзін зор тұту, өнімсіз дау қуу адамдықта да, елдік­те де жараспайтынын еске салады.

ХХІ ғасырдағы жаңа қоғам­да қандай қасиеттерді бойымызға сіңіруіміз қажет дегенде, тағы да ұлы Абай­дың даналық фило­со­фиясы алдымыздан шы­ғады. Ақын­­­ның «Толық адам» фор­­­му­ласы қазақ халқының өмір­­­лік философиясына ай­на­луы тиіс дейді Пре­зи­д­ент Қ.Тоқаев. Ал «Ақыл, қайрат, жүректі бір­­дей ұста, Сонда толық бо­ла­сың елден бөлек» деп келе­тін «Толық адам» фор­муласын халық болып терең зерделей алдық па? Бұл – үлкен сұрақ. Сондықтан да Абай мерейтойын өткізу, жоғарыда айтқандай, жай той тойлау емес, ғұламаның дүниетанымына, ұстанған өмірлік концепциясына, ұлтқа ұсынар бағдарлама­сы­на кешенді зерттеулер жүргізу, оны халыққа жет­кізу, қарапайым сөзбен тү­сін­­діріп бойына сіңіру, өмірлік қағидаға айналдыру екенін алға тартады.

«Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зер­делеуіміз керек. Бұл ба­ғыт­та ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қа­жет. «Толық адам» кон­­це­п­циясы, шындап кел­­генде, өміріміздің кез кел­ген саласынан, мем­ле­­кетті бас­қару мен білім жүйе­сі­нің, бизнес пен отбасы инс­ти­тут­тарының негізгі тү­ғы­­ры­на айналуы керек деп есеп­теймін», – дейді автор.

Абай айтқан өсиет бү­гін­де де маңызды. Ма­сыл­дық­пен күрес, уайым­­сыз салғырттыққа, бостекі ойын-күлкіге салынбау, ең­бек­­тің қадірін білу, кәсіппен шұ­ғыл­дану, шаруақорлық дағ­дыларын бойға сіңіру жөніндегі ой-толғаныстар қазіргі кездің де басты қағи­дасына сәйкес келетіні сөзсіз. «Ерінбей еңбек қыл­­са, түңілмей іздесе, ор­нын тауып істесе, кім бай бол­май­ды?» – дейді Абай. Тура бүгінгі уақыттың сөзі емес пе? Кәсіпкерлікке кең жол ашылып отыр. Кәсі­­бің­ді тап, еңбектен, ізден, бұл – мемлекетіміздің ұста­нып отыр­ған басты бағыты.

Ұлы Абайды өзіміз ғана танып қоймай, әлемге таныту, Қытай елі Лао-цзы, Конфуциймен, Ресей Достоевский, Толстоймен, Франция Вольтер, Руссомен танылса, келешекте «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деген ілтипатты иеленуі ке­рек дейді Президент. Бұл, әрине өз-өзімен атқарыла қалатын шаруа емес. Ол үшін Абай еңбектері әлем тілдеріне: ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қы­тай, неміс, орыс, түрік, фран­цуз тілдеріне ауда­­рылуы керек деген мін­дет қойылады. Абай тура­лы де­ректі фильм мен теле­се­­риалдардың түсірі­луі, рес­публикалық, халықа­ра­лық деңгейде театр және өнер фестивальдерінің өтуі, әдебиет және өнердің үз­дік туындыларына Абай атын­­дағы мемлекеттік сый­­лық­тың тағайындалуы ақын тойы­ның жай той емес, Ел­ба­­сы айтқан рухани жаң­ғы­ру саласындағы үлкен сер­піліс болатынын білді­ре­ді.

Бұл кім-кімге де үлкен жауапкершілік міндеттейді. М.Дулати атындағы Тараз университеті де бұл бағытта ауқымды жұмыстарды жүр­гі­зеді дегім келеді. Өйткені Абай тойы халық тойы, рухани серпіліс, жаңғыру шарасы болмақ.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,
М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік 
университетінің ректоры