Қазақстанда АИТВ/ВИЧ жұқтырған 600-ге жуық бала мен жасөспірім бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда соңғы жылдары АИТВ жұқтыру және инфекцияның анадан балаға берілу жағдайлары азайды. Жалпы, халық арасында АИТВ-инфекциясының таралуы 1 000 адамға шаққанда 1,82, 15-19 жас топтары арасында 1 000 адамға 0,92-ды құрайды. Қазақстан БҰҰ-ның Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, 2019–2021 жылдарға арналған «Қазақстанда АИТВ-инфекциясының эпидемиясына тартылған балалар мен жасөспірімдер және олардың ата-аналары үшін психикалық-әлеуметтік қолдау мен бейімдеуді дамыту» бағдарламасын іске асыруда. Бұл жоба үш бағытты қамтиды: біріншіден, балалар мен жасөспірімдерге арнап, әлеуметтік қызметтер бағдарламасын іске асырады. Екіншіден, жұмыспен қамту орталықтары, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтар, МСАК ұйымдары, соның ішінде әлеуметтік қызметкерлер, педиатр, инфекционист, психолог мамандарының және белсенді ата-аналардың және қамқоршылардың әлеуетін нығайтпақ. Үшіншіден, бағдарлама экспериментті оқытудың озық әдістерін пайдалана отырып, жасөспірімдер мен жастар арасында әлеуметтік кәсіпкерлік дағдыларын енгізуді көздейді. Жалпы, жоба аясында 40-тан астам іс-шара іске асырылды. Атап айтқанда, оқу орындарының бағдарламаларына арнайы білім беру модулін енгізу жоспары әзірленді. Бұл дәрігерлерді, психологтерді және әлеуметтік қызметкерлерді созылмалы аурулары бар балалармен сапалы жаңа деңгейде жұмыс істеуге дайындайды. АИТВ, БЦП, аутизм, қант диабеті және басқа да созылмалы ауруы бар балаларды әлеуметтік қолдау алгоритмдері бойынша үйде әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының 300 маманын даярлау жалғасуда. Жасөспірімдермен жұмыс істеу үшін 70-тен астам жаттықтырушы-ментор оқытудан өтті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов жоба аясында қазір «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнес-инкубаторлар құрғалы жатқанын мәлім етті.
Ерік ЕРДЕНОВ