Қызылордада 3,5 мың студент қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады. Бұл туралы бүгін Қызылорда облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысында айтылды.
Атап өту керек, фракция жиынында халық қалаулылары «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша дайындалған Жол картасын талқылады. Алдағы 5 жылға арналған Жол картасы сайлауалды бағдарламаны толық әрі сапалы іске асыру жөніндегі қажетті барлық шараны қамтиды. Басым бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ экономика мен өңірдің тұрақты дамуына бағытталған. Халықтың барлық санаты ескерілген. Соның ішінде жастар мәселелеріне де ерекше мән беріліп отыр. Осы орайда, жас мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Бірінші жұмыс орны» және басқа да жобаларды іске асыру, жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,9%-ға дейін төмендету көзделген. Сондай-ақ волонтерлік қызметке кемінде 8 мың еріктіні тарту, оларға әдістемелік көмек көрсету, жастар саясаты саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іс-шаралар өткізуге қаржы бөлу, «Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру арқылы кемінде 7 мың жасты, оның ішінде 1 мың адамды жазғы кезеңге жұмысқа орналастыру, «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 мың жасты жыл сайын оқыту секілді жұмыстар да жоспарға енгізілген. Одан бөлек, аз қамтылған отбасылардан шыққан 3,5 мың студентке қоғамдық көліктерде жол жүруге жыл сайын әлеуметтік көмек бөлу және 5 мемлекеттік колледж студенттерін (Қызылорда қаласындағы С.Ысқақов атындағы Құрылыс және бизнес колледжін, М.Ықсанов атындағы политехникалық колледжін, Қызылорда қаласындағы «Қызмет көрсету және сервис колледжін», Қармақшы ауданында Аграрлық-техникалық колледжді, Арал ауданында Көпсалалы колледжін) жатақханалармен қамтамасыз ету секілді мәселелер жол картасында қамтылған. Бұл жұмыстардың сапалы жүзеге асуын партия өз жауапкершілігіне алып отыр. Жиында облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстың сайлауалды бағдарламасының толық әрі сапалы іске асуына, ондағы индикаторларға қол жеткізуді мәслихаттағы фракция арқылы қамтамасыз етілуіне және фракция мүшелеріне Жол картасының барлық бағытының нәтижелі орындалуына бақылау жасауды жүктеді.Әбілмансұр ЖАСАН