Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов құрылысы аяқталуға жақын қалған АГРС-3 автоматтандырылған газ стансасының құрылыс жұмысымен танысты.
Газ тарату стансасын аралау барысында қала басшысы бұл нысанның стратегиялық маңызды жоба екенін айтып, нысанды тездетіп пайдалануға тапсыру қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар әкім жоба жүзеге асқанда шалғайдағы шағынаудандар толық табиғи газбен қамтылатынын атап өтті. Шымкент қаласының табиғи газ көздерінің қуаттылығы АГРС-1, АГРС-4 «Шымкент» 180 000 м3/сағат құрайды. Ал бүгінде қаланың қажеттілігі 250 000 м3/сағат құрап отыр. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында АГРС-3 нысанын салуға шешім қабылданған болатын. Нәтижесінде, 92,2% табиғи газбен қамтылған қала тұрғындарының саны 100 пайызға жетеді. Қазір АГРС-3 нысанның техникалық құрал-жабдықтары 100 пайыз орнатылып және құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға орындалды. Осы жылдың екінші тоқсанына дейін аталған нысанның құрылыс жұмыстары толығымен орындалып, іске қосу жоспарға қойылған. Бұдан бөлек, АГРС-3 нысаны іске қосылған соң қаладағы әлеуметтік, кәсіпкерлік және өндірістік нысандары сапалы және үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етіледі.Әбілмансұр ЖАСАН