Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Премьералар апталығы» өтті. 4 бірдей премьера көрерменге жол тартты. Театр директоры Еркін Жуасбектің айтуынша, тұсауы кесілген төрт спектакль төрт түрлі жанрды қамтиды. Бұл – осы ұжымның ізденісінің нәтижесі.
Көрерменге ұсынылған премьералардың алғашқысы – мәскеулік драматург Олжас Жанайдаровтың «Кафедегі екеу» пьесасы негізінде сахналанған «Екеуміз...» драмасы. Қоюшы режиссері – Мемлекеттік республикалық неміс драма театрының актрисасы әрі режиссері Наташа Дубс. Драматург О.Жанайдаровтың пьесасы жастар арасындағы желік сезім, стереотиптік көзқарастар, әлеуметтік мәселелер және отбасылық құндылықтар жайында. Жас режиссер Алмат Шәріпов сахналаған Төлен Әбдіктің «Оң қол» хоррор драмасында оқиға желісі адам мен қоғам қатынасын әрдайым басты назарда ұстайды. Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Барымен базар» комедиясында (режиссері Нұрлан Жұманиязов) қазіргі қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер ащы сатирамен мысқылданып, көрермендерді күлдіре отырып ойға батырады. Ал «Туған күн» монодрамасы (режиссері Ерлан Кәрібаев) ата-ананың ыстық құшағы мен аялы алақанын сезінбей, балалар үйінде тәрбиеленген, бойжеткен шағында сүйген, сенім артқан адамынан сатқындық көріп, үміті кекке ұласқан, тағдыр тәлкегіне түскен әйелдің ішкі сезімі туралы. «Туған күн» монодрамасында бір ғана актриса – Назгүл Қарабалина ойнайды. Идея авторы да өзі. Оны сахнаға лайықтап жазған – актриса Баян Қажынәбиева. Жалғыз актрисаның 1,5 сағат бойы көрерменді ұстап отыруы өте қиын. Дегенмен актриса сан жылдар бойы жинаған тәжірибесін осы монодрама арқылы сынап көрмек. Бір аптада төрт бірдей премьераның көрерменге ұсынылуы өте сирек кездесетін жағдай. Ол өте жауапкершілік пен үлкен дайындықты қажет етеді. Мұны қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов ағамыз да растайды. «Бұл тарихта сирек болатын жағдай. Жігіттер қайсарлық көрсетіп, күндіз-түні жұмыс істеп, бәрін бір мезгілде шығарды», – деді Қазақстанның халық әртісі, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты театрда әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес, театрларда көрермен сыйымдылығы 30 пайызға өскен болатын. Осыған орай өнер шаңырағы әзірге 230 көрерменді қабылдай алады.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ