2020 жылғы дерек бойынша ауылда 5 338, қалада 2 055 мектеп бар. Онда 500 мыңға жуық мұғалім қызмет етеді. Педагогтің мәртебесін көтеру үшін бірқатар шара қолға алынғаны бар. Соның ішінде жалақы мәселесі бірінші орында тұр. Өткен жылы жалақыны 25%-ға өсірді әрі төрт жыл ішінде екі есе арттыру бекітілді.
Мұғалімді қуантар қосымша ақы
Статистика бойынша, осындан 10 жыл бұрын педагог жалақысы 49 216 теңге болған. Қазір бұл көрсеткіш 154,6 мың теңгеге жеткен. Назар салсаңыз, жыл сайын жалақы көлемі артып келеді. Оған педагогикалық шеберлігі үшін арнайы лауазымдық ақыны қосыңыз. Есептей келе мұғалімдердің жұмыс істеуге құлшынысы артып, түлектердің педагог мамандығын таңдауға аңсары ауатынын білдік. Жалпы, қосымша ақының төңірегінде сауал көп. Соған рет-ретімен жауап берейік. Қанша ақша төленетінін есептеу үшін әр бекітілген коэффициентті базалық лауазымдық ақыға (БЛА – 17 697 теңге ) көбейту керек. Мәселен, тәлімерлік үшін 1 БЛА көлемінде қосымша ақы төлейді. Яғни, еңбекақыға 17 697 теңге қосылады. Педагогикалық шеберлік үшін лауазымдық жалақыға 30 бен 50% аралығында ақы белгіленеді. Магистр дәрежесі бар ұстаздардың айлығына қосымша 10 АЕК мөлшері қосылатыны белгілі болды. Ал 2021 жылғы 1 АЕК – 2917 теңге екенін ескерсек, бұл жүйе бойынша мұғалім жалақысына 29 170 теңге қосылады. Ұстаздардың дені қосымша ақы ынтаны арттыратынын, жас мұғалімдерге үлкен көмек боларын айтады. Қосымша ақының бастауыш сынып, жоғары сынып деп бөлісіне қарай жіктелетіні бар. Мәселен, 1-4 сыныптарға жетекшілік еткені үшін БЛА-ның 50%-ы, шамамен 9 мың теңге береді. 5-11(12) сыныпқа жетекшілік етсеңіз, БЛА-ның 60%-ы, жалақыға қосымша 10 мың теңге аласыз. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында топқа жетекшілік еткені үшін де шамамен 9 мың теңге төленеді. Мұғалім үшін дәптер тексерудің өзі жауапты жұмыс екенін білеміз. Бұрын мұндай қызмет үшін қосымша ақы қарастырылмайтын. Өткен жылдан бастап мұғалім дәптер тексергені үшін «марапатталады». Яғни, бастауыш сынып дәптерін тексергеніңіз үшін жалақыға 7 мың теңге қосылады. 5-11-сыныптың жазба жұмыстарын тексерсеңіз, 9 мың теңгеге жуық қосымша ақы күтіп тұр. Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілін, оқу ұлттық тілде жүретін сыныптарда орыс тілін оқытатын 1-4-сынып мұғалімдері дәптер тексергеніне 9 мың теңге алады. Бір қызығы, жазба жұмысын тексергені үшін қосымша ақы үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес төленеді. Мысалы, тарих пәнінің мұғалімдері дәптер тексергені үшін ақы алмайды. Заман ағымына сай білім беру – басты талап. Сол үшін ағылшын тілін меңгерген жөн. Мектепте ұзақ жылдар бойы сабақ берген тәжірибелі ұстаздар жас мамандарға тіл білгеннің артығы жоғын ескертеді. Өйткені қазір ағылшын тілін еркін меңгерген кей жас маман еңбек өтілі көп мұғалімнен жоғары жалақы алады. Мысалы, жаңартылған білім беру мазмұнына сай білім берсеңіз, БЛА-ның 30% мөлшерлемесі төленеді. Физика, химия, биология, информатика пәндерін негізгі және жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдарламасын ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарға БЛА-ның 200% мөлшерлемесі төленеді. Әрине, мұндай қосымша ақыны оқушыларға толық ағылшын тілінде білім берсеңіз, аласыз. Ал аталған пәндерді оқу бағдарламасында 30-40% ағылшынша оқытсаңыз, БЛА-ның 100% мөлшерлемесіне ие боласыз. Осы орайда, ағылшын тілін білу деңгейіңізді арнайы құжатпен растау керек. Мысалы, елордада арнайы лицей, гимназияда сабақ беретін ұстаздар 2-3 жылда бір рет ағылшын тілін қаншалықты меңгергені туралы тест тапсырып, басшылыққа есеп беретінін айтты. Одан кейінгі тоқтала кететін жайт – ауыл мен қала мұғалімінің жалақы мөлшері. Иә, сіз де қала мұғалімі көбірек жалақы алады деп ойларсыз. Қателесесіз, ауыл мұғалімі қала педагогіне қарағанда 25%-ға көбірек жалақы алады. Мұны ұстаздар да растап отыр. Мәселен, атыраулық ұстаз Айгүл Төрешқызы ауыл мұғаліміне көбірек жалақы төленетінін айтады. Бұл бір жағынан ынталандыру болса, екінші жағынан PISA рейтингіндегі ауыл мен қала алшақтығын жоюға арналған қадам.Қалың қалай, жас маман?
Білікті ұстаз Сұлтан Сүлеев – педагог-зерттеуші. Ол биыл жалақысына 25%, яғни 40 мың теңгеден көбірек ақша қосылғанын айтады. Бастысы, бұл жас мамандарға үлкен қолдау екенін атап өтті. «Жалақыны көбейту мұғалімдікке деген бәсекені арттырады. Қазір педагогиканы таңдаушылар саны артып келеді. Болашақта педагогикаға тек таңдаулылар барады деп ойлаймын. Күшті мотивацияның көзі – жоғары жалақы»,– дейді ол. Иә, мұндай жаңалық жас маманға майдай жақты, білеміз. Өйткені мектепте жаңадан жұмысқа тұрған мұғалім үшін жалақының жақсы болғаны керек. Осы тұрғыда ауылдағы жалақы мәселесіне қайта ораламыз. Себебі 1-2 жыл еңбек өтілі бар, жоғары білімді жас маманның жалақысы қалада – 78 560 – 95 819 мың теңге, ал ауылда – 95 166 – 116 740 теңге. Яғни, ауылдағы баланың бойындағы білім шырағын маздату үшін жас маманға осынша ақы төленеді. Бұл бір жағынан «Дипломмен – ауылға!» баратын жастар үшін – мотивация. Болашақта аталған жалақының жыл сайын 25% көтерілетінін ескерсеңіз, тезірек қамданғаныңыз жөн. Мәселен, ауылда ағылшын тілінен сабақ беретін Перизат Біләлқызы алатын жалақысына дән риза. Оның айтуынша, еңбекақысы білімін жетілдіруге, күнделікті шығынды өтеуге, ел ішінде саяхаттауға жетеді. Әрине, мұның бәріне бірден емес, айлықты жинау арқылы қол жеткізетіні бар. Ол қашықтан оқу кезінде мүмкіндіктің кеңейгенін, сол үшін түрлі курстарға қатысып жүргенін айтады. Әрі магистратураға оқуға түсіп, педагогикалық шеберлігін жетілдіруді мақсат етеді. Неліктен жас маманның жағдайын қозғап отырмыз? Өйткені жоғарыда педагогтер айтқандай, биыл педагогикаға тапсыратын түлектердің саны артады. Біріншіден, педагогикада стипендияны көбірек төлейді. Яғни, мұғалімдік мамандықты меңгергендер 42 мың теңге стипендия алады. Әрине, бұған екінің бірінің қолы жетпейді. Осыдан 2-3 жыл бұрын төмен балл жинағандар мүғалімдікке тапсыратын. Қазір ҰБТ нәтижесінде 70 баллдан асқандар ғана педагогикада оқиды. Демек, биыл шекті балды былай қойғанда, мамандық турасында «майдан» болғалы тұр. Себебі мұғалімдер де педагогика саласын таңдап жатқан түлектердің көп екенін атап өтті. Бірақ стипендияның көптігіне алданып, «қақпанға» түсіп қалмаңыз. Өйткені педагогикада оқитын түлектер үшін жыл сайын талап жоғарылай бермек. Білім бағдарламасынан бастап тәжірибеден өту кезінде де тосынсыйлар күтіп тұрады. Қызығы сол, 4 жылдан кейін диплом алу-алмауыңыз тапсыратын тест нәтижесіне тәуелді болуы мүмкін. Мұның бәрі мектепке мұғалім болып баратын жас маманның сапалы білім беруіне кепілдік болмақ. Демек, жыл санап педагогикаға қазанында тек таңдаулылар қайнайды деген сөз.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ