«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, жаза басып, істі болғандар жазасын алуы тиіс. Бірақ жазықсыз жандардың ақталып шығуы біздің елде қиын болып тұр. Бұл көрсеткіш аз да емес, көп те емес, жыл сайынғы сот үкімдерінің 1-3%-ына тең. Соңғы екі жылда өсу тенденциясы байқалады. Әйтсе де, бұл дамыған елдердегі 20%-дық көрсеткішпен салыстырғанда мардымсыз. Ендеше еліміздің сот жүйесінде ақтау үкімі неге аз?
Сот – құқық қорғау органы емес
Заңгерлер бұл проблема ең бірінші кезекте сот жүйесін айыптауға бейім тұратын позициямен байланысты екенін айтады. Олар өздерін еліміздегі құқық қорғау жүйесінің бір бөлшегі ретінде санап, қылмыспен күресіп жатырмыз деп есептейді. Ал негізінде сот – биліктің тәуелсіз бір тармағы. Конституция бойынша солай. Бірақ өкінішке қарай елімізде құқық қорғау органдары оларға үлкен қысым көрсетіп отыр. Олар бірінші кезекте – прокуратура, одан соң айтарлықтай дәрежеде жемқорлыққа қарсы күрес органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Бұл тізімде белгілі бір дәрежеде полицияны да атап өтуге болады. «Сот жүйесі Конституцияға сәйкес, тәуелсіз болуы керек. Соның ішінде, бірінші кезекте, биліктің атқарушы тармағынан дербес қалуы тиіс. Олар құқық қорғау органдарының жетегінде кетпеу қажет. Сонда ғана ақтау үкімінің қатарын арттыруға болады. Бірақ оның өзінде де судьялар «егер ақтап алсам, пара алған деген күмән тудыруым мүмкін» деген ішкі кедергіден арылуы керек», – дейді адвокат Мейірман Шакеев. Адвокаттар еліміздегі жағдайды Грузиямен жиі салыстырады. Бізде қылмыстық қудалау саласында әділетсіздік көп екенін айтады. Онда ақтау үлесі 8 пайыздан жоғары. Өйткені онда алқабилер соты өте кең жолға қойылған. Соның арқасында объективті шешімдер көп. Бұл дәрежеге ол елдің бірден келмегенін білеміз.Ақтау үкімі – бағалау көрсеткіші емес
Таяуда Жоғарғы Cот 2020 жылдың қорытындысын шығарды. Былтыр қылмыстық істер бойынша республика соттарына 37 758 қылмыстық іс түскен екен. Алқабилердің жүктемесі бұрынғысынша 45 іс болып өзгеріссіз қалса, тергеу судьялары қараған материалдар саны 8,2%-ға артып, шамамен 100 мың болыпты. Өткен жылы сондай-ақ қамаққа және үйқамаққа санкция беруден көбірек бас тартылған. Осындай көрсеткіштермен алғанда, еліміздің жағдайы «Түрме индексінде» 5 позицияға жақсарып отыр. «2020 жылы сотталғандар саны 10%-ға артты. 27 мыңнан 30 мың адамға көбейді. Қылмыстар бойынша ақтау үкімдері 2019 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға көбейді. Соттардың қылмыстық істерді тоқтатуы сотқа дейінгі қылмыстық қудалау органдарының оңалтуға келетін және келмейтін негіздер бойынша ақтау әрекеттерімен байланысты. Сондай-ақ сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдар 1,8%-ға көп қаралды, олардың үштен бірі қанағаттандырылып, 1 231 шешім заңсыз деп танылды. Жәбірленушілердің өтемақы қорына 1 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді», – деді Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Әбдірашид Жүкенов. Ақтау үкімі жыл сайын артып келе жатқаны рас. Бас прокуратураның статистикасына көз жүгіртсек, 2015 жылы 48 865 қылмыстық іс қаралып, 149 ақтау үкімі шығып, 478 адам ақталған екен. Ал былтыр 37 758 іс қаралып, 329 ақтау үкімі шығып, 905 адам ақталған. Әрине, ақтау үкімін шығару оңай шаруа емес. Бұл – көптеген жағдай сараланып барып қабылданатын шешім. Сондықтан да еліміздің сот жүйесін шетелдік көрсеткіштермен салыстырған кезде мұндағы сот төрелігін жүзеге асыру принципі мен құқықтық жүйелердегі айырмашылықтарды ескеру қажет екен.Тоғыз жылда бір-ақ үкім
Заңгерлердің көпшілігі, Жоғарғы Соттың қазіргі төрағасы Жақып Асанов келгелі бұл институтта көптеген өзгеріс болып жатқанын айтып отыр. Өйткені 2015-2017 жылдары бұл көрсеткіш қатты төмендеп кеткен. Мәселен, 2016 жылы Алматы қаласы бойынша қабылданған 5 000 істің арасынан тек 1-ақ іске ақтау үкімі шығыпты. «Мен 2002 жылдан бері қылмыстық істер саласында қорғау қызметімен айналысып келемін. Осы 9 жылдың ішінде 2-ақ рет ақтау үкіміне қол жеткізіппін. Оның өзінде де бір үкімді аппеляция кезінде күшін қайтадан жойып тастады. Сонда тоғыз жылда бір-ақ рет ақтау үкімін шығарта алыппын. Ал бүкіл қызмет тарихында бірде-бір ақтау үкіміне қол жеткізбеген адвокаттар бар. Адвокаттар емес-ау, өмірінде ақтау үкімінің не екенін білместен өткен судьялар да бар. Бұл енді өте ұят нәрсе!», – дейді адвокат Джохар Утебеков. Адвокаттың айтуынша, соңғы екі жылда қылмыстық істердің саны азайып кеткен. Бұл жаңа төрағаның соттың жұмысын күшейтіп, кез келген істі қарай беруге тыйым салған талабымен байланысты болуы мүмкін. Өз кезегінде бұл прокуратура мен полицияның да дүниетанымына менталды әсер етіп отыр. Олар да істі қалай болса солай жасақтап, сотқа тасуды қойды. Істердің сапасы көтеріле бастады. Мұндай корреляция құқық саласындағы соттың рөлі қандай екенін көрсетеді. Енді осыған қоса ақтау үкімдерінің үлесі артатын болса, құқық қорғау органдары бұдан да әрмен жинақтала түсер еді. «Ақтау практикасы жоқ деген сөз жазықсыз жан жаза арқалап кетті дегенді білдіреді. Ондай практика менің тәжірибемде көп кездесті. Судьялардың қанша жерден айғақтар жеткіліксіз, дәлелдер жетімсіз болса да, ақтамау үкімін шығармау үшін ең жеңіл деген жазаны қолданған кездері көп. Ол айыппұл түрінде де, нақты бас бостандығымен айыруға қатысы жоқ шартты жаза мерзімі түрінде де болды. Осылайша, олар гуманизм таныттық деп есеп те беріп жатты. Ал оны қанша жерден жеңіл жаза десек те, бір адамның тағдырына сызат түсті, беделіне нұқсан келді емес пе? «Сотталған» деген атақ оған өмір бойы жүретін болады», – дейді Джохар Утебеков. Қаралған істердің жалпы санымен салыстырғанда, ақтау үкімдерінің үлесі әлі де болса өте төмен десек те, соңғы жылдардағы тенденция иненің жасуындай болса да үміт сыйлап отыр. Оған күні кеше Жоғарғы Сот судьясының жемқорлық іс бойынша қолға түскенін қосыңыз. Адвокаттар бұл тұрғыда Жоғарғы Сот кеңесінің судьяларды іріктегенде белгісіз принциптерді басшылыққа алып, біліктілігі күмәнді адамдарды тағайындауға ұсынатынын айтады. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан да бұл салаға қоғамдастық тарапынан қатаң қадағалау және реформа жүргізетін уақыт келген сияқты.Нұрлан ОРАЗҒАЛИ