Соңғы кездері бірқатар масс-медиа мен әлеуметтік желілерде тарай бастаған «Ұлы Тұран» одағы құрылады» деген ақпарат Ресей атқамінерлерінің де назарына ілінді. Өткен аптада бұл идея жайлы Ресей сыртқы істер министрі С.Лавров та өз ұстанымын білдірді. Ал елімізде «бөрі басы» символын қолданған кейбір азаматтардың үстінен арыз жазушылар да бар. Сонда біраз жұртты сескендірген «Ұлы Тұран» идеясы нені білдіреді, мұндай одақ құрылуы мүмкін бе? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен...
Жалпы, «Ұлы Тұран» идеясы жуырда ғана пайда болған жоқ. Атау ретінде «Тұран» сөзінің тарихы тым тереңге кетеді. Тіпті, аңыздарда аты аталатын Афрасиаб патшаның заманына, көне Иран мен Тұран текетіресіне дейін баратын ұғым. Сөйте тұра ХХ ғасырдың басында күллі түркі халықтарының басын қосуды көздейтін саяси ұстанымы болған қайраткерлер кездесті. Ал әдебиет пен өнерде тұраншылдық идеясы кеңінен тараған болатын. Мағжан Жұмабаевтың «Ертеде Түркістанды тұран дескен...» деп жырлайтыны сол кез. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясының қиын жағдайға душар болуы Орталық Азия мен Кавказдағы халықтарға да рухани-моральдық тұрғыда әсер еткені анық. Осман әскеріне көмек көрсету үшін қаржы да жиналған кездері болған. Қазақ байларының Санкт-Петербордағы Осман империясы елшісі Тұрхан пашаға Сыр бойының қазағы Садық Өтегеновтің алтын-күміс апарып бергені де сол кез. Әзербайжан, татар байларының қазақ басылымдарына қаржылай қолдау білдіргені де ХХ ғасырдың басы. Яғни, жүз жыл бұрын бауырлас халықтардың өзара ықпалдасу, ынтымаққа ұмтылу процесі болғаны рас. Алайда қазір тұраншылдықты халық арасында кеңінен тараған идея деуге келмейді. Тек ел ішінде соңғы жылдары ғана түркі халықтарының ынтымақтастығын, өзара одақ құруы қажет екенін алға тартатын белсенділер бой көрсетіп жүр. Ал идеяның түп-төркініне үңілер болсақ, бауырлас халықтардың өзара одақ құрып, аймақтық суперкүшке айналуын қалайтын, бұрынғы колонистерге қарсы реваншистік ұстанымды белгілі мөлшерде жақтайтын көзқарас ретінде ғана бағалауға болады. Қазір «Ұлы Тұран» идеясының белгілі бір тұжырымдамасы, оны жүзеге асыруға бағытталған құрылымдары жоқ. Тек бірқатар мемлекетте, соның ішінде Қазақстанда да тыйым салынған «Бозқұрт» қозғалысы мен Түркияның Ұлтшыл қозғалыс партиясын ғана тұраншылдықты насихаттап жүрген ұйымдар қатарына қосуға болады. Алайда түріктердің Ұлтшыл қозғалыс партиясы ел билігіндегі Әділет және даму партиясымен коалиция құрған, белгілі бір саяси ұстанымы бар, қалыптасқан ұйым. Оны террористік ұйымдар қатарына қосудың қисыны жоқ әрі түрік ұлтшылдарының өзі бірнеше топқа бөлінетінін, олардың барлығы «Ұлы Тұран одағын» аңсамайтынын да ескеру керек. Ал «Бозқұрт» қозғалысының өткен ғасырдың 60-80-жылдарындағы маошыл, марксистік-ленинистік «террор романтикасы» өршіген кезде оларға қарсы қолдану үшін жасақталған, белгілі мөлшерде мемлекет пен сыртқы күштер астыртын қолдаған экстремистік қозғалыс екенін ескеру керек. Яғни, «еруліге-қарулы» ұстанымы негізінде жұмыс істеген қозғалыс. Ал Ресей сыртқы істер министрі С.Лавровтың бұл идеяға қатысты пікір білдіруіне түрткі болған түркілердің өздері емес, алыстағы АҚШ-тың зерттеу-барлау компанияларының бірі еді. Таулы Қарабақ соғысында Әзербайжанды Түркияның ашық қолдауы да себеп болған сыңайлы.STRATFOR-дың болжамы ғана еді...
Жалпы, түркі тілдес халықтардың интеграциясы мен өзара ынтымақтастығынан қауіптенетін елдер «Ұлы Тұран одағы» жайлы идеялардың таралмауына мүдделі. Өйткені түркі ынтымақтастығы саяси сипат алса Иран, Ресей, Қытай тәрізді бірқатар елдерде өмір сүретін бауырлас халықтардың тәуелсіздік алуға ұмтылысы күшеюі мүмкін. Бірақ С.Лавров пен ресейлік бірқатар сарапшылардың Тұран мәселесіне назар аударуына АҚШ-тағы STRATFOR компаниясы жариялаған карта себеп болды-ау деп болжаймыз. Онда 2050 жылдарға қарай Түркия Таяу Шығыс, Орталық Азия мен Ресейдің бірқатар аймағына ықпалын жүргізетіні көрсетілген. Сөйтіп, түрік телеарналарында көрсетіліп, әлеуметтік желілерде тараған картаны Ресей саясаткерлері қызу талқылады. Мәселен, ресейлік әскери сарапшы Александр Михайловский Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның өзі «Ұлы Тұран» тұжырымдамасын жүзеге асыруға талпынып жүргенін айтты. Сарапшының сөзіне қарағанда, Түркия түркі тілдес елдердің әскери-саяси блогын құруды көздейтін көрінеді. Әрі ХХ ғасырдың 20-жылдары Орталық Азияда больщевиктерге қарсы қозғалысты ұйымдастырған Әнуар пашаны Түркия президенті үлгі тұтатынын айтыпты. Иә, ХХ ғасырдың басында Ресей отаршылдары мен больщевиктерге қарсы түрлі көтерілістер мен қозғалыстар Орталық Азияда аз болмаған. Ресми тарихта «басмашылар» деп аталатын топтар коммунистерге айтарлықтай қарсылық көрсеткені бар. Басмашылар қозғалысын ұйымдастыруға Әнуар пашаның қатысқаны да рас. Алайда ол жүз жыл бұрынғы тарих еді. Бірақ Ресей масс-медиасы мен саясаткерлері «Ұлы Тұран одағы» дегенді жиі қайталап, жүз жыл бұрынғы оқиғаларды бүгінгі күнмен байланыстыруға тырысып келеді. Түркия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркіменстан мен Әзербайжан мемлекеттері арасындағы байланыстарға пантюркистік сипат беруге талпынатыны бар. Атышулы В.Жириновский де «Тұран армиясы жасақталады» деп байбалам салғаны содан. Кәдімгі «қорыққан бұрын жұдырықтайдының» кері. Айтпақшы, STRATFOR компаниясы осыдан біраз жыл бұрын «Түркия бөлшектенеді, Күрдістан құрылады» деген болжам айтып, арнайы карта жариялаған еді. Енді мүлдем басқаша «сайрап» отыр.Қазіргі интеграция мәдени-гуманитарлық сипатта
Ресей сыртқы істер министрі С.Лавров РБК телеарнасындағы сұхбатында: «Егер тарихи тұрғыда «Ұлы Тұран» деген мемлекеттен үстем тұратын құрылым жасақталатыны туралы айтар болсақ, меніңше Түркияның мұндай мақсаты жоқ. Сонымен қатар бұрынғы КСРО құрамында болған тәуелсіз мемлекеттердің де бұл идеяны қолдай қоятыны байқалмайды. Керісінше, олардың сыртқы саясатының пафосы мен іс-әрекеттер тәжірибесі өздерінің ұлттық мемлекеттерін нығайтуға бағытталған», – деді. Сонымен бірге Түркия өзінің бауырлас елдерімен байланысты нығайтуда мәдени-рухани, тілдік мәселелерге көбірек көңіл бөлетінін айтты. Түркі кеңесі, ТÜRKSOY, ТүркПА тәрізді ұйымдардың біраздан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Алайда Ресейдің білдей сыртқы істер министрінің өзі «Ұлы Тұран» идеясы жайлы сөз қозғаған болса, демек теріскейдегі көрші түркі халықтарының ынтымағынан сескенеді деген сөз. Бірақ түркі халықтарын тарихта Ғұн империясы, Түрік қағандығы тәрізді көне мемлекеттерден кейін бірде-бір рет тұтас жұдырықтай жұмылмағанын, әскери-саяси одақ құру қазіргі саясаттың да мақсаты емес екенін назарда ұстаған ешкім жоқ. Оны көптеген сарапшы ашық айтады. Біз тілдескен өзбекстандық сарапшы Фархад Толипов да «Ұлы Тұран одағын» құру мүмкін емес екенін айтады. «Жалпы, түркі бірлігі жайлы сөз еткенде оның мәдени-ағартушылық сипатта ғана жүзеге асуы мүмкін екенін ескеру қажет. Саяси деңгейде мұндай одақ құрылуы мүмкін емес. Өзіңіз ойлаңызшы, Орталық Азиядағы бес елдің өзі кей мәселеде бір пәтуға келе алмай, біріге алмай жүргенде күллі түркі халықтары қалай одақ құра алады?!» – дейді Фархат Толипов. Ал түрколог Талғат Молдабайұлы болса Ресейдің түркі ынтымақтастығының саяси сипат алып кетуінен қауіптенетінін, Таулы Қарабақтағы оқиғалар бауырлас халықтарға моральдық күш бергенін әрі мұны Мәскеу біліп отырғанын айтады. Алайда саяси немесе әскери одақ құру күн тәртібінде тұрмағанын айтады. «Жалпы, қазір әлемдегі интеграциялық процестер қарқынды жүріп жатыр. Бұл интеграциялардың этникалық, діни астары бар екенін де байқауға болады. Байқасаңыздар, Еуропа одағын «христиан клубы» деп те бағалауға болады. Ал Араб лигасы таза арабтардың ұйымы. Ислам ынтымақтастығы ұйымы – мұсылман елдерін біріктіретін құрылым. Сол сияқты түркі халықтары да интеграциялық процестерге қатысып, өзара бірігуді қалайтыны заңды. Одақтасып, жұдырықтай жұмылған жағдайда аймақтық және жаһандық саясатта нақты ұстанымы мен мүддесі бар құрылымға айналар еді. Мұндай интеграция ХХІ ғасырда қалыпты құбылыс. Бірақ түркі тілдес халықтардың саяси-әскери одағы пайда болса, бірқатар мемлекеттердің ішкі тұрақтылығына қауіп төнуі ықтимал екенін ескергендіктен, аймақтық державалар мұндай ұйымның құрылуына жол бермеуге тырысады. Мәселен, бір ғана Иранның өзінде түркітілдес қауымның жан саны 30 миллионнан асады. Ресейде де аз емес. Қытай да солай. Меніңше, ресейліктердің «Ұлы Тұран» одағынан қауіптенуінің сыры осында. Ал тәуелсіз түркі мемлекеттерінің саясатында мұндай одаққа бірігу идеясы әзірге жоқ. Иә, белгілі мөлшерде интеграциялық процестер жүріп жатыр. Бірақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы бұл интеграциялар бауырлас халықтардың жадын жаңғырту миссиясын орындап жатқан сыңайлы. Ал мәдени-гуманитарлық интеграция түптің түбінде саяси бірігуге алып келеді. Бірақ тұраншылдық ешбір түркі мемлекетінің тәуелсіздігіне нұсқан келтірмеуі тиіс», – дейді түрколог. P.S.Қазақ қоғамында тұраншылдықтан қауіптенетіндер де бар екені байқалады. Оны жақтаушылдар да аз емес. Алайда бауырлас халықтардың ынтымағы, өзара интеграциясы өзара тиімді жолмен жүруі тиіс. Интеграция – ұзаққа созылатын процесс.