Алматының Орталық мәдениет және демалыс саябағы маңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жатақхана тұрғызатыны жайлы бастама қала тұрғындарына онша ұнай қойған жоқ. Тұрғындар өз наразылығын білдіріп, тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған. Алматылықтардың басты уәжі – жаңадан бой көтеретін жатақхана ауаның ластануына, тыныстың тарылуына себеп болады. Олар «Жатақхана салынғаннан кейін мұнда көлік те көбейіп, айнала қоқысқа толады, жастар шулап, тыныштығымызды бұзады» деп алаңдайды.
Көпшілікті дүрліктіріп отырған 4 гектар жер аталмыш оқу ордасына осыдан он жыл бұрын берілген. Оқу орны басшылығының айтуынша, бұл жер саябақ аумағына кірмейді. Құрылысты қала әкімдігі мақұлдаған. «Алматы қаласы әкімінің қаулысымен орталық саябақпен шекаралас Медеу ауданында орналасқан Абай атындағы ҚазҰПУ жер учаскесіне жатақхана салуға рұқсат берілген. Ғ.Орманов көшесі жағынан бөлек кіреберісі бар. Сондай-ақ бұл жер учаскесінде М.Әуезов атындағы стадион, университеттің оқу корпустары мен әскери кафедрасы орналасқан. Жатақхана велотректен кейінгі жер учаскесінде бой көтереді. 2011 жылдан бастап бұл жер телімі спорт және туризм колледжінің балансынан алынып, Абай атындағы ҚазҰПУ балансына берілді. Мәдениет және демалыс саябағының аумағына кірмейді», – деп хабарлады жоғары оқу орнының баспасөз қызметі. Қазір бұл білім ордасында 13 мыңнан астам студент оқиды. Оның 10 780-і – еліміздің өзге өңірлерінен келгендер. Жатақханада орын жетіспеушілігінен олардың біразы пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Бұл оқу орнында бүгінде 3 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж. ЖОО-ның 1 397 төсекке арналған 5 жатақханасы бар, бірақ олар 1939-1940 жылдары салынған, өте ескі. Бүгінде онда санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес тек 1-курстың 814 студенті тұрады. Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру мақсатында университет жоғарыда айтылған аумаққа 327 орынға арналған 6 қабатты жатақхана салуды жоспарлаған. Сол үшін «Алматы бас жоспары «Ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нан келісім алынды. Білім және ғылым министрлігі, «Қаржы орталығы» АҚ және Абай атындағы ҚазҰПУ арасында үшжақты келісім жасалды. Инвестор және мердігер – «Әл Мансұр» ЖШС. Оқу орны проректорының хабарлауынша, жатақхана құрылысына 1 млрд 300 млн теңге жұмсалмақ. Ғимарат инвестор есебінен салынады. Құрылыс кезінде 67 тал оталмақ. Дегенмен тапсырыс берушілер кесілген ағаштардың орнына 670 тал егеміз деп уәде еткен болатын. – 2018 жылы осы аумақтағы 11 сотық жерге қала әкімінің қаулысымен жатақхана салуға рұқсат берілген. 2018 жылдан бері инвесторлар тартылып, көптеген техникалық жұмыс жүргізілді. Қазір құрылысқа заң аясында рұқсат етілген. Қалалық қызметтермен бәрі келісілген. Жатақхана салуға басқа жер ұсынса, инвесторымызбен, өз жобамызбен сол жерден салуға дайынбыз, – дейді Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Ғабит Дулатов. Негізі мәселені оңтайлы шешу үшін оқу орны басшылығы қандай ұсынысқа болса да дайын екенін білдіріп отыр. Ол уақыт және ақша шығынын қажет ететіні де рас. Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов алматылықтардың наразылығын ескере отырып, министрлік университетке жатақхананы басқа жерден салуды тапсырғанын мәлімдеді. «Қазір ЖОО ректоры әкімдікпен және инвестормен локацияны басқа жерге өзгерту туралы мәселені пысықтап жатыр. Жатақхана қандай жағдай болмасын қажет, бірақ ол Алматының экологиялық жағдайына кері әсер етпеуі тиіс», – деді М.Дәуленов. Даулы мәселеге әзірге нүкте қойылған жоқ. 1 наурызда осы мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау өтеді.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ