Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында мемлекетіміз үшін өте маңызды үш тарихи шара өтеді. Атап айтсақ, Түркістанның төрінде өтетін Саммитте түркі әлемінің басшылары бас қосады. Түркістанның түркіге ортақ төл телеарнасы Turkistan іске қосылады және Түркістан облысының жаңа 17-ші ауданы – Сауран ресми ашылады. Мұның бәрі Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жыл қорытындысы бойынша халыққа берген есебінде айтылды.
Есеп беру жиынында атқарылған жұмыстар мен қол жеткен жетістіктер мен алдағы айқын міндеттер төңірегінде айтылды. Тікелей эфирді 100 мыңға жуық адам тамашалады. Үш мыңдай сауал түсті. Пандемияға байланысты биыл есептік кездесу онлайн форматта, карантин талаптарына сай ұйымдастырылған. Түркістан қаласындағы жаңадан бой көтерген Конгресс холл көпфункционалды концерт залында өткен Шөкеевтің есептік кездесуі облыс әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Жиынды облыстық мәслихаттың хатшысы Қ. Балабиев жүргізді. Өмірзақ Шөкеев: «Әкімдердің халық алдында есеп беруі Елбасының Жарлығымен 2005 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегi Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жыл барысында өзім және орынбасарларым, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері, облыс тұрғындарының өтініші бойынша 3 940 азаматты жеке қабылдап, нәтижесімен, елдің қажетті экономикалық әлеуметтік мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастырдық», – деді. Өткен жылы тұрғындардан 63 мыңнан астам өтініш түскен. Барлық аудан, қала орталықтарында «Фронт-офис» кеңселері ашылған болса, басқармалар үйінің ғимаратында облыстық «Ашық әкімдік» кеңсесі өз жұмысын бастаған. Кеңседе 21 басқарма және тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін 16 басқарманың жауапты қызметкерлері жұмыс істейді. Нәтижесінде, тұрғындардың өтініш-шағымы 26 пайызға азайды. «Бүгінде облыстағы 100 мыңнан астам көпбалалы отбасы ай сайын жәрдемақы алады. 2020 жылы жоспарланған 50 мыңдай көпбалалы отбасының 39 мыңы атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп, оларға 14 млрд теңгеге көмек тағайындалған. Биыл 52,4 мың отбасына немесе 290 мыңға жуық адамға атаулы әлеуметтік көмек үшін 26,1 млрд теңге бағытталады. 18 жасқа дейінгі балаларға жалпы сомасы 13,7 млрд теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік пакет қаражаты бөлінеді. Мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуын 85 пайызға жеткізу көзделген», – деді облыс әкімі өз сөзінде.141 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар
Жалпы, өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 535,2 млрд теңге болған. Биыл бұл көрсеткішті айтарлықтай арттыру көзделіп отыр. Түркістан облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141 мыңға жетіп, онда 218 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл секторда 555 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен кезеңмен салыстырғанда, 15,6 пайызға ұлғайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 29 млрд теңге болатын 287 жоба қаржы институттары арқылы қаржыландырылды. «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастығы орталығын құру мақсатында Сарыағаш ауданында 200 гектар аумаққа сауда орталығының құрылысын салу жобасы әзірленеді. Айта кету керек, инвестициялардың өсу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы республикада 1-орынға ие болған.Дәрігерлер табандылық көрсетті
«Пандемияда коронавирус індетін жұғу қарқынын ауыздықтап, таралуын тоқтату және науқастарды емдеуде қарқынды жұмыстар атқарылды» деген облыс басшысы «Өңірде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың екі айлық қоры құрылғанын» жеткізді. Айтуынша, былтырдан бастап өңірде денсаулық сақтау саласында 78,5 млрд теңгенің 7 нысаны салынуда. Түркістан қаласында жаңа үлгідегі 200 орындық жаңа үлгідегі көпсалалы медициналық орталық пайдалануға берілді. Өңірде 729,7 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Осылайша, Түркістан облысы елімізде үшінші орында тұр. Негізгі капиталға 58 млрд теңге инвестиция тартылып, 13 пайызға артқан. Яғни, республикадағы үлесі 10,1 пайызға жеткен. Өңделген экспорттың көлемі 105,1 млн АҚШ долларына жетіп, 47,6 пайызға артқан. Бұдан бөлек, ағын су тапшылығын шешу мақсатында ірі су нысандары құрылыстары жүргізіліп жатқаны әңгімеге арқау болды. Тұрғын үй құрылысы 7 568 мың шаршы метрге жеткізіледі. «Елімізде өзекті болып отырған баспана беру мәселесіне басымдық беру керек. Осыған орай, 735,5 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, тапсырма 18,6 пайызға артығымен орындалды», – деді әкімі Өмірзақ Шөкеев. – Бұл жылы құрылыс көлемін 335 млрд теңгеге жеткізіп, тұрғын үй құрылысы 7 568 мың шаршы метрге жеткізіледі» деп, мектеп, балабақша, денсаулық сақтау, спорт, мәдени нысандар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, жолдар, ауызсу жүйелерін жаңарту жоспарлары туралы айтты. «Басына қиын іс түскен бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмады. Бұл халқымыздың біртұтас ел екенін дәлелдеді. Мақтаарал ауданындағы қазіргі жағдай тұрақты», – деді Өмірзақ Шөкеев. Былтыр Мақтаарал ауданында болған техногендік сипаттағы төтенше жағдайға ел болып жұмыла кірісіп, қиындық көргендер баспана, қаржылай көмектер көрсетілген. Соңғы жылдары болған апатты жағдайларды негізге ала отырып, ел аумағында тұңғыш рет Түркістан облысында төтенше жағдайдың алдын алу бойынша Антикризистік карта жасалды. Облыс әкімдігі жанынан құрылған Ситуациялық орталық пен облыстық ТЖД бірлесе отырып жасаған картаға сәйкес, облыс аумағында 200-ден аса болуы ықтимал төтенше жағдай сипатталған.Түркістан – әлемдік туризм ордасы
Түркістан қаласында туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Өмірзақ Шөкеев осы салада қолға алынатын жобалар туралы айтты. Облыс әкімі биыл туристер ағыны мен келушілер саны 2 миллионға дейін артатынын айтып, бауырлас көрші елдермен осы бағытта қарым-қатынас орнатып, көптеген жобаның қолға алынғанын жеткізді. Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Қ.А.Ясауи кесенесінің айналасы ашық аспан астындағы мұражайға айналатынын және қонақтарды қызықтыру үшін өңірдегі барлық тарихи орындардың да маңызы зор екенін тілге тиек етті. Түркістан қаласының тарихи орталығында жергілікті халықпен туристерге облыстың туристік нысандары, оның ішінде тарихи-мәдени, емдік-сауықтыру, табиғи орындары бойынша «Бір терезе» қағидасымен ақпарат ұсынатын қабылдау орталығы ашылды. Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес, облыста алғаш рет 7 700 гектар аумаққа Жасыл белдеу құрылып, өткен жылы 2 400 гектар аумаққа 1 млн-нан астам көшет отырғызылды. «Елбасының тапсырмасына сәйкес, наурыз айында Түркістан қаласында Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін өткізу үшін дайындық жұмыстары басталды. Бұл іс-шара күллі түркі халықтарының рухани-мәдени орталығы – Түркістан қаласының туризмін жаңа бағытта дамытуға, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – қазақ елінің рухани жүрегі» – деп атап көрсеткендей, баршаңызды облысымыз бен Түркістан қаласын қайта түлетіп, дамуы үшін өз үлестеріңізді қосуға шақырамын», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. Облыс басшысы түркістандықтарға жаңа «Сауран» ауданының құрылатынын жеткізді. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгелі бері Кентау қаласына оның бұрынғы 12 ауыл округі берілген. Жаңа ауданға қосылатын 12 ауыл округтерге заң талаптарына сай тиісті құжаттар рәсімделуде. Қорытынды құжаттар Үкімет пен Президенттің қарауына жіберіледі. «Сауран» ауданы 2021 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында құрылмақ. «Елбасының идеясына, жобасына байланысты Түркістан түркі әлемінің рухани орталығына айналуда. Түркістанда көптеген БАҚ ашылып, қанат жаяды. Осының бәрін ескеріп, біз жаңа Turkistan телеарнасын құруды қолға алдық. Жаңа телеарна медиа холдинг қарамағында дамиды. Журналистер үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Орталық заманауи техникамен толық жабдықталған. Үлкен жұмыс басталып кетті. Turkistan телеарнасы халықаралық деңгейде дамиды деген ой бар. Жақын арада ашылатын телеарна, түркітілдес елдердің тілінде ақпарат тарататын бірден-бір арна болмақ»,– деді облыс әкімі. Өмірзақ Шөкеев есептік кездесуінен соң жеке қабылдауына жазылған азаматтарды қабылдады. Онлайн форматта өткен қабылдауда өңір тұрғындарының өтініші сан алуан болды. Түркістандықтар әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жол жүргізу бойынша өтініштерін айтып, көмек сұрады. Азаматтардың басым бөлігінің өтініші қабылдау барысында шешімін тауып, жауапты тұлғаларға жүктелді.Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы