Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгінов Президенттік кадрлық резерв мүшелерімен кездесіп, оларды жұмысқа шақырды. Бұл туралы елорда әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала басшысы, мемлекеттік аппараттың негізгі міндеттерінің бірі – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, ал биліктің міндеті – халықпен кері байланысты нығайтып, азаматтардың өзекті сауалдарына жедел жауап беру екенін атап өтті.
«Президенттік кадрлық резерв – бұл меритократия қағидатына сәйкес келетін жастарға арналған әлеуметтік лифт. Жастарды қолдап, адами капиталды дамыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сіздерді қалалық әкімдікке жұмысқа шақырамын. Білімді және креативті жастар үшін біздің есігіміз әрқашан ашық», – деді қала әкімі.
Айта кетейік, Қаржы министрі Әлихан Смайылов та бүгін кадрлық резервке енген жастардың бірқатарымен кездесуді өткізді.